Тұрғындар түрлі мәселемен облыс әкімі орынбасарының қабылдауында болды

Тұрғындар түрлі мәселемен облыс әкімі орынбасарының қабылдауында болды

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина «AMANAT» партиясының облыстық филиалында азаматтарды жеке қабылдады.

Қабылдауға облыс әкімінің орынбасарымен қатар, партияның ҚОФ төрағасы Алмат Досмұхамедов және мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Қабылдауға келген азаматтар әлеуметтік көмек, мүгедектік санаты, зейнетақы мөлшері және қандас мәртебесі сияқты өзекті мәселелерін көтерді.

Алғашқы болып бес баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана сөз алды. Оның ең кіші қызы – 1 жас 8 айлық, мүмкіндігі шектеулі бала. Бұл отбасына әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі көтеріліп, Гүлбарам Мұсағазина бұл сұрақты жеке бақылауына алды.

Келесі өтініш берген азамат Крон ауруымен ауыратынын айтып, медициналық көмек көрсету мәселесіне қолдау сұрады. Қазіргі таңда оның денсаулығы күрделі жағдайда, және тиісті мемлекеттік органдарға бұл мәселе бойынша ұсыныстар жолданды.           Қандас мәртебесін алған тағы бір азамат әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар алу құқығы туралы түсініктеме сұрады. Оған құқықтық тұрғыда толық ақпарат беріліп, алдағы қадамдары түсіндірілді.

Зейнетақы мөлшеріне қатысты шағым айтқан азаматтың мәселесі де қаралды. Оған 2019 жылы есепке алынған табыс көлемінің (46 АЕК – 116 150 теңге) төмендігі зейнетақы мөлшеріне әсер еткені түсіндірілді. Зейнетақыны қайта есептеу үшін оған дипломын тапсырып, еңбек өтіліне сәйкес жылдарын қосу ұсынылды. Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасарының бақылауына алынды.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаға берілген «үшінші топтағы мүгедектік» санаты бойынша шағым да қаралды. Қайта медициналық тексеріс тағайындалып, мәселе толықтай зерттелетін болды.

«Әрбір көтерілген мәселе – тек бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның мәселесі. Сондықтан біз әр өтінішке мұқият қарап, жан-жақты шешу жолдарын іздейміз», – деді Гүлбарам Мұсағазина қабылдау қорытындысында.

Қабылдауға келген азаматтардың барлық өтініштері бойынша тиісті органдарға тапсырмалар беріліп, бақылауға алынды. «AMANAT» партиясы мен жергілікті атқарушы органдар халықпен кері байланысты нығайту бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.

 

Сералы МЫРЗАБАЙ

Тимур ШАГИРОВ

ҚӨУ студенті

Жаңалықтармен бөлісу