Қостанай облысында денсаулық сақтау саласындағы жаңа заңнамалық бастамалар жобаларын талқылауға арналған кездесу өтті.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңес мүшелерімен кездесу өткізіп, оның барысында Қазақстан Республикасының “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң жобасының негізгі ережелері талқыланды.
Кездесу барысында депутат заңнамаға ұсынылып отырған негізгі өзгерістерді таныстырды. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар аурулар тізбесі қайта қаралып, бұл аурулардың алдын алу және емдеу тәсілдеріне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бастапқы медициналық-санитариялық көмекті (БМСК) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен алып тастау көзделуде, бұл қатысушылар арасында қызу пікірталас тудырды.
Азаматтардың сақтандыру мәртебесін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Жаңа Кодексте D және E топтарына жататын азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарналарды жергілікті бюджет төлейтіндігі қарастырылған. Бұл оларды сақтандырылған тұлғалар қатарына қосуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні Қостанай облысында шамамен 132 мың адам МӘМС жүйесімен қамтылмаған.
Кеңес мүшелері медициналық көмектің ауылдық жерлерде қолжетімділігі мен халықтың осал топтарын қорғау мәселелеріне қатысты өз ұсыныстары мен ескертулерін білдірді.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесу өтіп, онда ауылдық жерлерде жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің жалақыларына 25% мөлшерінде қосымша ақы төлеуді нормативтік реттеу мәселесі талқыланды. Аталған норма тікелей төлем түрінде ауыл дәрігерлеріне беріліп, енді бұл үшін әкімдік пен мәслихаттардың келісімі талап етілмейді. Бұдан бөлек, мемлекет ауылға жұмыс істеуге келген мамандарға 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде (2024 жылы 8,5 миллион теңге) біржолғы төлем ұсынуды жоспарлап отыр. Алайда сарапшылардың пікірінше, бұл шара тек жаңа кадрлардың келуін ынталандырады, бірақ көп жылдан бері күрделі жағдайда еңбек етіп жүрген мамандарды қолдауға бағытталмаған.
Медициналық қауымдастықтың пікірінше, заңнамалық деңгейде бекітілген тұрақты қосымша ақы мен әлеуметтік кепілдіктерсіз салада жүйелі өзгерістер туралы айту ерте. Тек тұрақты қолдау шаралары ғана мамандардың ауылдық жерлерде қалуына және ауыл медицинасын дамытуына ынталандыра алады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Алексей ТААХ
ҚӨУ студенті