Тұрғындар күткен қуаныш

Тұрғындар күткен қуаныш

Биылғы жыл ұзынкөлдіктер үшін сәтті басталды. Аудан орталығында 18 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Ауданда бүгінде 267 адам тұрғын үй кезегінде тұр, оның басым бөлігі аз қамтылған және көпбалалы отбасылар.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ең алдымен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды баспанамен қамту маңызды.
Аталған ғимарат Ұзынкөл аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тапсырысы бойынша салынды.

Жаңадан салынған баспана ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналды. Қазіргі таңда тоғыз отбасы жаңа пәтерлеріне кіріп, заманауи тұрғын үйдің барлық артықшылықтарын пайдаланып үлгерді. Қалған пәтерлер де өз иелерін табады деп күтілуде, себебі тұрғын үй кезегінде 267 адам тіркелген. Бөліну процесі «Otbasy Bank» арқылы ашық әрі қолжетімді түрде жүргізіліп, кезекте тұрған азаматтарға әділ мүмкіндік берілуде.

Көпбалалы ана Виктория Антонюк үшін бұл қоныстану ерекше есте қаларлық сәт болды. Төрт баласын тәрбиелеп отырған ана 2022 жылдан бері кезекте тұрған. Жақында банк тарапынан өтінімінің мақұлданғаны туралы хабарлама алған ол үш бөлмелі пәтерге көшіп кірді.

blank

– Баспанамыз үнемі жылы, балаларым да қуанып қалды. Барлық жағдай жасалған. Жаңа үй мектепке де, балабақшаға да жақын. Бұрынғы үймен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей, – дейді Виктория ханым.

Ал Дмитрий Лапшин бұл қуанышты сәтті 2009 жылдан бері күткен. Новопокров ауылынан Ұзынкөлге қоныс аударған ол ұзақ жылдар бойы кезекте тұрған.

blank

– «Otbasy Bank»-тен келген хабарламаны алғаннан кейін көп ойланбастан келісім бердім. Қазір жаңа үйіме дән ризамын, көршілеріммен танысып жатырмын, – дейді ол.

Жалпы, бұл 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы – мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесі. Жергілікті билік тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлуде.

Айта кетейік, биыл Ұзынкөл ауданында жалпы ауданы 1,2 мың шаршы метрді құрайтын 18 пәтерлі жалдамалы үйдің салынуына жергілікті бюджеттен тұрғын үй сертификаттарына 87 млн теңге бөлінді. Сонымен бірге, мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғындар ипотекалық қарыздың бастапқы жарнасын жабуға қолдау алады.

Бұл жоба ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, тұрғындардың ертеңге деген сенімін нығайтады. Мемлекет тұрғындарға жайлы өмір мен тұрақты болашақ ұсынуды басты мақсат етіп отыр.

Ұзынкөлдегі жаңа тұрғын үйлердің қоныстандырылуы ауыл тұрғындары үшін ғана емес, жалпы ауданның әлеуметтік дамуы үшін де маңызды қадам болып отыр. Осындай жобалар арқасында ауылда мектептер мен балабақшаларға қолжетімділік артып, тұрғындардың күнделікті тұрмысы жеңілдейді.

Аружан СЕРІК,
ҚӨУ студенті

Суреттерді түсірген – Дархан АМРИН

Ұзынкөл ауданы