Астанадағы”Alash star” халықаралық байқауында Жанкелдин ауданы “Dan-as” шығармашылық үйірмесінің тәрбиеленушілері бас жүлдені жеңіп алды.
Онда домбыра бойынша Толғанай Бақытжан мен Айназ Қарағұл “Алаш аманаты” шығармасын сәтті орындап шықты.
“Толғанай “Шаттанамын” күйімен гран приді жеңіп алды. Айназбен дуэт орындап, бірінші орынға ие болды. Бұл бізге Стамбул қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама алып беріп отыр”, – дейді жетекшілері Елдос Қасым.
Толғанай өнер жолын Болат Хамзин атындағы домбыра үйірмесінен бастағанын айтады.
“Өнер мектебінде жүріп көптеген жүлделі орындарға қол жеткіздік. Ең алғашқы ұстазымыз Арайлым Әлібаевадан дәріс алдық. 2023 жылы өнер мектебін тәмәмдап, “Dan-as” шығармашылық үйірмесінен оқуымды жалғастырып жүрген жайым бар”, – дейді Толғанай Ғауезқызы.
Бұған дейін өнерпаздар Алматы қаласында Балбұлақ балалар мен жас өспірімдер шығармашылық орталығы ұйымдастырған “Өнерге қанат қаққандар” Халықаралық өнер байқауына қатысып жеңіспен оралған. Күмбірлеген күміс күй республикалық домбырашылар байқауында дуэт пен супер гран-приді ұтып алды.
“Толғайдың талантын бала кезінен танып, өнерге мәжбүрлеп әкелгеніме, қазір құдайға шүкір, өкінбеймін. Биыл қызым өнер мектебін бітірді. Былтыр “Dan-as” үйірмесі ашылып, сонда қатысып жүр. Жарыстарға осы үйірменің атынан барады”, – дейді анасы Әсел Әбеу.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Торғай-Астана-Стамбул