Жанкелдин ауданына қарасты Тәуіш ауылында ауыз судың үзілгені жөнінде халықтың көкейтесті проблемасы әлеуметтік желіні кезіп жүр. Біз редакция тапсырмасымен назарымызды жедел осы мәселеге аударған едік.
«Ауылда жаздай су жоқ. Су тасушы машиналар тасымалдап құяды. Жағдайымыз өте нашар болып тұр. Колонкалардың бәрі жарылып қалған, істемейді. Күнімізді әупіріммен көріп жатырмыз. Тездетіп су берсе екен дейміз. Су тасушы көлік аудан орталығынан келеді. Су құятын ыдыстарымызды көшеге шығарып қойып, аңдып отырмыз», – дейді Тәуіш ауылының тұрғыны Гүлденсін Ермағанбетова.
Біз аудан орталығына барып, мәселенің мән-жайын тиісті орындардан білген едік. Аудандық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Әділбек Иманғалиевтің айтуынша, Тәуіш ауылында жаңадан су тартылып, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.
«Ішіндегі су тазарту станцияларын ауыстыру қажет болып жатыр. Қазіргі таңда ескісін бұзып алып тастаған. Құрылыс жұмыстары алдағы қыркүйек айында аяқталады деп күтіп отырмыз. Суды қазір уақытша «Комхоз» мекемесі тасып беруде. Аптасына екі рет алып барады. Халық қалағанынша пайдалана алмай жатқандықтан, жетіспеушілік туындауда. Былайша, үнемді пайдаланса, әбден жетеді. Бүгіннен бастап ескі су арнасын қосып береміз. Тұрмыстық тұтынуларына сол жерден келіп алуларына болады», – дейді Әділбек Сайлаубекұлы.

Жалпы, қосымша анықтағанымыздай, ауыз судың тапшылығының бір себебі – жеткізілген тіршілік нәрін ауылдың кейбір тұрғындары малына беріп, тұрмыстық тұтынуларға жарататын көрінеді. Сондықтан жауапты орындар елдің ертеңгі игілігі үшін жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына тұрғындардың түсіністікпен қарап, таза суды тек тағамдық мақсатқа ғана пайдалануды сұрайды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген –автор
Иллюстрациялық сурет: atpress.kz
