25 қазан — Республика күні мерекесіне орай Жангелдин ауданының орталығы Торғай шаһарында волейболдан аралас командалар арасында аудандық ашық турнир жалауын көтерді.
Жарыстың салтанатты ашылуында еліміздің Әнұраны асқақтап, аудан әкімінің орынбасары Гүлмира Ұзаққызы мен аудандық ветеринариялық станцияның басшысы Аян Нұрмұхамедовтер құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Дүбірлі додаға барлығы 18 команда қатысып бақтарын сынады. Аудан әкімдігі, бөлім-мекемелері және білім ошақтарымен қатар Ақшығанақ, Ақкөл, Аралбай, Жаркөл, Көкалат, Шеген, Сужарған, Қалам-Қарасу ауылдарынан да командалар атсалысты.
Командалар үш топқа бөлініп, жарыс ауданның «Дене шынықтыру-сауықтыру» кешені және Ы.Алтынсарин жалпы білім беретін мектебінің спорт залында өткізілді.
Бірнеше күнді қамтыған, жанкүйерлерін жанына көптеп жинаған, тартысты әрі қызықты өткен жарыс қорытындысы бойынша: бірінші орынды — Спорт бөлімі, екінші орынды — Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебі, үшінші орынды — Жаркөл ауылдық округі жеңіп алды.

Номинация бойынша үздік ойыншылар: Кендебай Әліби (Жаркөл), Дәрмен Думан (Ы.Алтынсарин),Сәбит Сымбат (Спорт бөлімі) танылды.
«Ауданымызда мұндай ауқымды жарыс алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Спортшыларымыз бір кісідей қатысып, асқан ұйымшылдық танытты. Командаларға және демеушілерімізге зор алғысымызды білдіреміз», – дейді Жангелдин аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бағдат Ертасов.
Мұрат Жүнісұлы
Жангелдин ауданы
