Қазір әр ауыл шаруашылығы жануарының жеке «биографиясы» болуы шарт. Қораңыздағы әрбір түліктің дерегі электронды жүйеде тіркеулі тұруы керек. Бұл – эпизоотиялық әрі тұтынушылық қауіпсіздік, статистикалық сәйкестік мәселесі. Оған немкетті қарау жауапкершілікке әкеліп соғуы мүмкін. Сөйтсе де өңірде заң талаптарын ескермеу дерегі жиі тіркеледі…
ҚР «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, барлық ауыл шаруашылығы жануары міндетті түрде бірдейдендірілуге тиіс. Мұндай талап жануарлардың орынын ауыстырғанын есепке алуға және бақылауға қажет. Сондай-ақ жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу, індет қоздырғыштардың туындау себебін анықтау үшін керек. Ол – сырғалау, таңбалау немесе чип енгізу тәсілдерімен жүргізілетін жұмыс. Жеке нөмір беру арқылы бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға жануар туралы мәліметтер тіркеліп, ветеринариялық паспорт беріледі.
«Бірдейлендіру шарасын аудан-қалалардағы Ветеринариялық станциялар жүзеге асырады. Сырғалау және таңбалау жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Ал ауыл шаруашылығы жануарларын, әсіресе жылқыларды чиптеу жануар иесінің есебінен жүзеге асырылады. Бұл ветеринариялық шара ғана емес. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігі, өңірді қатерлі мал індетінен сақтау мәселесі. Сондай-ақ мал шаруашылығын дамыту, мемлекеттік қолдауды әділетті үйлестіру тетігіне де осы жүйенің ықпалы зор», – дейді обылстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Демежанова.
2024 жылдан бастап заңнамаға бірқатар өзгеріс енген еді. Соған сәйкес, сырға-таңба сатып алуға жергілікті атқарушы органдар міндетті. Бұл талапты облысымыз уақытылы орындаған. Биыл маусым айында бірдейлендіру құралдарының кезекті партиясы сатып алыныпты. Нақтысында, ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түріне 380 мың данадан астам құлақ биркасы әкелінген. Нәтижесінде өңір бірдейлендіру шарасымен толық қамтылып отыр. Есепке алу жұмыстарын жүргізуде ешқандай қолбайлау жоқ. Алайда құлақ таңбасы өздігінен мәселені шешпейді. Негізгі мақсат – тіркелімнің растығын қамсыздандыру.
«Осы себеппен былтырдан бері облыста аулаларды аралау тәсілімен ауыл шаруашылығы жануарларын түгендеу мақсатымен ауқымды шара жалғасып жатыр. Осы күнге дейін 26 мыңнан астам аула тексеріліп үлгерді. Бұған мал дәрігерлері, ауылдық округ әкімдігі және мемлекеттік ветеринар инспекторлар қатысуда. Біз жүйедегі деректерді салыстырып қана қоймай, әр малдың бар-жоғына көз жеткіземіз. Бұл тәсіл есепке алынбаған басты анықтауға, деректер базасындағы қайшылықты жоюға және мал шаруашылығының дәлме-дәл картинасына көз жеткізуге жол ашады», – дейді спикер.
Мал түгендеумен қоса, кең ауқымды ақпараттандыру жұмысы да жүргізіліп жатыр. Әр қожайынға заңнама талабы, төлдерді тіркеу мерзімі, олардың туғаны, сатып алынғаны, сатылғаны, сойылғаны немесе өлгені туралы ветеринарлық қызметке хабар беру міндеті және заңда көзделген жауапкершіліктер тәптіштеп түсіндіріледі. Жалпы, мал ұстаушы белгіленген тәртіпке жүрдім-бардым қарамауға тиіс. Мәселен, олар түлік басының көбейгені мен кемігені жөнінде ветеринарларды уақытылы құлақтандырып отыруға міндеттеледі.
«Өкінішке қарай, іс жүзінде бұл талаптар үнемі сақтала бермейді. Сондықтан түгендеу кезінде жануарлардың нақты саны бірдейлендіру жүйесіндегі дерекпен сәйкес келмей жатады. Мұндай әр фактіні құзіретті орын тіркеп алып, тиісті шаралар қабылдайды. Алғашында ескерту беріледі, кейін әкімшілік айыппұл салынады. Осыған ерекше көңіл бөлулеріңіз сұралады. Егер 1 қыркүйекке дейін малдың нақты есебі мен жүйедегі дерекпен сәйкестендірілмесе, айыппұл салына бастайды», – дейді Айнагүл Демежанова.
Тағы бір мәселе – мал иелерінің жоғалған сырғаларды дер кезінде қалпына келтірмеуі немесе құжат рәсімдеп, субсидия алу қажеті туындағанда ғана ветеринария қызметіне жүгіну. Мұндай немқұрайдылық та азаймай келеді. Бұл – барлық ветеринария жүйесіне тиетін нұқсан. Салдармен емес, себеппен күресуге басымдық беріліп отырғаны сондықтан. Бір жақсысы, жұмысты жеңілдететін жүйелер де жедел жетіліп келеді.
«Былтырдан бастап, жануарлардың жылжу, орын ауыстыру бағытын толық қадағалап отыратын жаңа цифрлық механизмдер қатары толыға түсті. Мәселен, TortTulik мобильдік қосымшасы – осы саланы цифрландырудың тамаша жемісі. Оның көмегімен мал иелері өз беттерімен жануарларды бақылап, электорнды ветеринарлық паспорт алып, сату-сатып алу операцияларын рәсімдеп, малдың сойылғаны, өлгені немесе құлақ биркасының жоғалғаны туралы хабар бере алады. Бұл сервиске тұрғындарды қосу белсенді жүріп жатыр. Әкімшілік рәсімдердің де әжептәуір қысқара түскенін көріп отырмыз», – дейді маман.
Осындай жаңашылдықтардың арқасында өңірдің эпизоотикалық ахуалы да оңтайлана түсері сөзсіз. Оның мал шаруашылығын басы артық кедергісіз, тұрақты дамытуға да ықпалы зор. Бұған мал ұстайтын адамдар мүддесінің қорғалуын да қоса кетейік.
Ж. Балғынбекұлы
