Қазақстандық кәсіпкер, қаржыгер, филантроп Тимур Турлов Facebook желcіндегі парақшасында патриоттық сарындағы ой-толғамын жариялады.
Ол Отанымызды құрметтеуге, мақтаныш тұтуға үндейтін жазбасында Қазақстанды шет елдермен салыстыра келіп, туған жеріміздің артықшылықтарын жіктеп жазған.
«Жапониядан Бельгияға бара жатқан жолда жексенбі күнін Алматыда тамаша өткіздім. Демалыс күні өзен жағасында серуендегеннен кейін адам әрдайым көтеріңкі көңіл күй мен жаңа күш-қуат алады. Осындай сәтте өзіме де, айналамдағы адамдарға да неге дәл осы елде және дәл осындай оңай емес кезеңде өмір сүріп жатқанымыздың үлкен бақ екенін тағы бір еске салғым келеді», – деп бастайды пікірін Тимур Турлов.
Әлемнің сан алуан елін аралап жүрген кәсіпкер одан ары атамекенімізді ардақтаудың бірнеше себебін жіпке тізеді. Ол тілге тиек еткен бірінші артықшылық – Қазақстанның жас мемлекет екені. Сәйкесінше, дамушы елдегі әлеуметтік, экономикалық, тұлғалық өрістеп-өркендеуге деген құлшыныс басымырақ.
« Мұнда адамдар әлі де салыстырмалы түрде ерте отбасын құрады, жанұялар үлкен, балалар көп. Ал көп балалы отбасы болу – үлкен құндылық. Мұндай көріністі бүгінде ең бай мемлекеттерде де, біздің деңгейлес елдерде де сирек кездестіресіз. Бұл – біздің зор артықшылығымыз. Өйткені бізде күш-қуат мол, өзгеріске ұмтылыс бар, кәсіп ашуға, еңбек етуге, жаңа мамандықтар мен технологияларды игеруге деген құлшыныс жоғары. Шын мәнінде, бұл – еліміздің ең маңызды стратегиялық капиталының бірі. Мұны анық түсіну үшін әлемді көп аралау жеткілікті», – дейді ол.
Тимур Турлов ерекшелеп көрсеткен екінші фактор – еліміздің әлдеқайда бақуатты екені. Өмір сүру сапасының күн санап артып келе жатқанына нақты дәлелдер келтіреді.
« Қазақстан – ауқатты мемлекет. Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша, жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі жөнінен біз қазірдің өзінде Түркиядан, Грекиядан және Қытайдан алдамыз. 2025 жылы алғаш рет ЖІӨ көлемі бойынша Ресейден оздық. Сонымен қатар біз «орташа табысты» елдердің басым бөлігінен әлдеқайда жоғары қарқынмен өсіп келеміз. Әлемдік экономика орта есеппен 2–3 пайыз өссе, бізде бұл көрсеткіш 5–6 пайызға жетеді. Бұл біздің және балаларымыздың заманауи технологияларға, білімге және халықаралық әріптестік мүмкіндіктеріне көптеген елдерге қарағанда жылдамырақ қол жеткізіп жатқанын білдіреді», – дейді қаржыгер.
Ол өзгелермен тең қойып таразылағанда елімізде ғылым-білім саласының қарыштап дамып келе жатқанын да ерекшелеп айтты.
«Мен елімде жоғары білімге және жасанды интеллект мүмкіндіктеріне деген сұраныстың құрылымдық тұрғыдан өте жоғары болып отырғанын көріп отырмын. Мемлекет тәуелсіздік алғаннан бергі ең жоғары деңгейде білім беру саласына инвестиция құюда. Адами капитал шын мәнінде өсіп келеді, әрбір жаңа буын құндылықты бұрынғыдан да тиімдірек қалыптастырады. Демек, еліміздің әл-ауқаты да арта береді», – деп жазды ол.
Кәсіпкер астын сызып атаған үшінші басымдық – мемлекетіміздің технологияға құлаш сермеуі және бизнес саласын қарыштата түсуге баса мән беріп отырғаны. Ол технологиялық кәсіпкерлікке оңтайлы орта қалыптастырып жатқан Қазақстан сияқты ел некен-саяқ екенін алға тартады.
«Біз – технологиялық прогреске сенетін әрі кәсіпкерлік рухы мықты ұлтпыз. Біз жауапкершіліктен де, тәуекелден де қорықпаймыз. Біз ненің мүмкін екенін түсінеміз және көбіне азымен шектелуге келіспейміз. Біз – бұрын ешкім жүрмеген жолда кездесетін кез келген қиындықты еңсере алатын халықпыз. Адамдарға жасампаз еркіндік, әділ ойын ережелері және үлкен іс жасап, жақсы табыс табуға мүмкіндік берілсе, олар Хогвартстан тыс жерде де нағыз ғажайыптар жасай алады. Соңғы жылдары Қазақстанда қалыптасқан мықты технологиялық кәсіпкерлердің шоғырлануына тең келетін ортаны мен әзірге еш жерден көрген емеспін. Меніңше, бұл – еліміздегі қолайлы ортаның, ең жоғары деңгейдегі басымдықтардың және кең даламыздың ауасымен біте қайнасқан мәдениеттің нәтижесі. Бұл қасиет халқымызда әрдайым болған», – деп түйіндеді ол санаға серпін сыйлар жазбасын.
