Тобыл төрінде еліміздің жаңа конституциялық даму кезеңіне арналған «Халықтық Конституция: сенімді болашақтың бастауы» атты республикалық ғылыми конференция өтті. Басқосуда жаңа Ата заңның мәні, оның мемлекеттік басқару жүйесіне, құқықтық кеңістікке және әрбір азаматтың өміріне ықпалы жан-жақты талқыланды.
2026 жылдың 1 шілдесі Қазақстанның саяси-құқықтық тарихындағы жаңа белестің бастауы ретінде есте қалды. Осы күннен бастап елдің жаңа Конституциясы заңды күшіне еніп, мемлекеттің одан әрі дамуының құқықтық негізін айқындады. Бұл – тек жаңа құжаттың қабылдануы ғана емес, заң үстемдігіне, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, ұлттық құндылықтарды сақтауға және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке негізделген жаңа қоғамдық келісімнің басталуы.
Осы тарихи оқиғаға орай Қостанай облысында ұйымдастырылған «Халықтық Конституция: сенімді болашақтың бастауы» атты ғылыми конференцияға конституциялық реформаларды әзірлеуге тікелей қатысқан белгілі заңгерлер, Парламент депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар мен қоғам өкілдері қатысты.
Арнайы келген қонақтар қатарында Конституциялық комиссия мүшелері, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII және VIII шақырылымдарының депутаты Екатерина Смышляева болды.

Конференцияны ашқан Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, жаңа Конституцияның ел өміріндегі тарихи маңызын ерекше атап өтті.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев
