Елордада ұлттық өнердің абыройын асқақтатып жүрген этно-фольклорлық ансамбльмен Арқалыққа келген қазақтың дәстүрлі күй өнерін әлемге танытып жүрген белгілі күйші, домбырашы, композитор, педагог, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова арқалықтықтарға арнайы концерттік бағдарламасын тарту етті.
Қала әкімі Әмірхан Асанов кеш иелеріне Алғыс хат және сертификат табыстап, қала тұрғындарының атынан жылы лебізін білдірді.
«Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі 2015 жылы құрылып, аз ғана уақыт ішінде қазақ этномузыкасының жарқын брендіне айналды. Ұжымның дүниеге келуіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Әбдірахмановтың бастамасы негіз болса, ансамбльге ұлы қобызшы, түркі дүниесінің ойшылы Қорқыт бабаның есімін Қазақстанның халық әртісі, профессор Айтқали Жайымов берген болатын.
Қала әкімі атап өткендей халқымыздың саф өнерін ту еткен «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі талай байқауда топ жарып, өнер биігінен көрініп келеді.
Домбыра, қобыз, жетіген, шертер және шаңқобыз сияқты ұлттық дәстүрлі музыкалық аспаптарды шебер қолдана отырып, көне күйлерді жаңаша түрлендіріп, тыңдарманның жүрегінен орын тапқан ұжым. Өткен жылы 80 музыкалық шығарманы нотаға қарамай, үздіксіз орындап, халықаралық рекордтар тізіміне енулері де өнерлі жастардың жоғары кәсіби деңгейлерін көрсетсе керек.

Өнер өріне жүзген өнерпаздардың концертін көршілес аудандардан да қонақтар келіп тамашалады.
Нұрлыбек Бөгетбайұлы,
Амангелді ауданының тұрғыны:
«Бүгін өте керемет концерт болды. Біздің жерлесіміз Шолпан Қорғанбекқызы жетекшілік ететін «Қорқыт» ансамблі келіп, халықты үлкен қуанышқа бөледі. Ансамблдегі өнерпаздардың әрқайсы бірнеше аспапта ойнайтындықтарын көрсетті. Көрермен өте риза болды. Қазақ еліне белгілі Анар Айтбайқызы жерлесіміз де әкесінің және өзінің авторлық күйлерін, қазақтың көрнекті композиторы Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін тарту етті. Халық қошеметті өте көп көрсетті. Концерт сондай тартымды, жақсы өтті. Қазақ елінде осындай өзіміздің өнеріміздің өркендеуі көп бола берсін»
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
