Спорт мерекесі жеңімпаздарды анықтады

Спорт мерекесі жеңімпаздарды анықтады

Денисов ауданында дәстүрлі аудандық спартакиада жоғары деңгейде ұйымдастырылып, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған ірі додаға айналды. Жыл сайын өткізілетін бұл жарысқа ауданның ауылдық округтері мен ауылдарынан келген спортшылар қатысып, өзара бақ сынады.

Биылғы спартакиадаға 12 ауылдық округ пен елді мекеннің командалары қатысты. Бірнеше күнге созылған спорт мерекесінде қатысушылар спорттың көптеген түрінен күш сынасып, өздерінің шеберлігі мен дайындық деңгейін көрсетті.

Жарыс бағдарламасына волейбол, баскетбол, шағын футбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, нысана ату, еркін күрес, әйелдер күресі, асық ату, гір көтеру, қол күресі, жеңіл атлетика және арқан тарту сынды спорт түрлері енгізілді. Әрбір сайыс тартысты өтіп, командалар жеңіс үшін бар күш-жігерін салды.

Спартакиада қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Денисов ауылдық округінің спортшылары бірінші орынды жеңіп алды. Перелески ауылының құрамасы екінші орынға ие болса, Приречный ауылдық округінің командасы үздік үштікті түйіндеді.

blank blank blank blank

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар ауыл спортын дамытуға, бұқаралық дене шынықтыруды насихаттауға және саламатты өмір салтын қалыптастыруға зор ықпал етеді. Сонымен қатар спартакиада әр ауылдың спорттық әлеуетін танытып қана қоймай, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, тұрғындар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сеп болмақ. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Денисов ауданы