Солардың бірі №1 шағын аудандағы №84 тұрғын үйде жаңарту жұмыстары басталған. Былтыр бұл ғимаратты жеке компания сатып алған. Өз қаражаты есебінен толық жөндеуден өткізіп отыр.

«Бұған дейін айтып өткенімдей, қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде шамамен 300 адам тұр. Бұл үй бүгінде коммуналдық меншікке өтті. Қазір үйдің жер учаскесіне қатысты құжаттар рәсімделіп жатыр. Осы жұмыстар аяқталған соң тұрғындарды қоныстандыруға дайын боламыз. Жалпы Рудный қаласы мен Қашар кентін қоса есептегенде 320 пәтер сатып алынды. Оның 237-сі Рудныйда, 83-і Қашарда орналасқан. Бүгінде тұрғын үйді бөлу мәселесі «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылады. Бұл функция жергілікті атқарушы органдардан алынып, банкке берілді. Осы мәселе бойынша «Отбасы банкі» өкілдерімен тұрақты байланыстамыз. Қашар тұрғындары осы пәтерлерді алады деп күтіп отырмыз. Сонымен қатар Рудный қаласында да кезекте тұрған азаматтарға бөлінетін 200-ден астам пәтер бар», – деді көп қабытты үйдің жағдайымен танысуға арнайы барған Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.
Жобалау кезінде пәтерлердің жоспарлануына да ерекше көңіл бөлінген. Өйткені көпбалалы отбасыларға үш-төрт бөлмелі, ал жетім балалар мен жалғыз тұратын азаматтарға бір бөлмелі пәтерлер қажет екені ескерілген. Қазіргі таңда бұл үйде 59 бір бөлмелі, 20 екі бөлмелі және 4 үш бөлмелі пәтер бар.

Осындай жұмыстар бұл шағын ауданда орналасқан №12 және №13 үйлерде де жүргізілуде. Жоба аясында инженерлік желілерді жаңарту, шатырды жөндеу, қасбетті қалпына келтіру және басқа да құрылыс жұмыстары қолға алынған. Жалпы екі үйде 68 пәтер болады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
