Рудный қаласының жанындағы Қашар кентіндегі бұл қоғамдық кеңістік тұрғындардың серуендеуі мен демалысына арналған маңызды орындардың бірі саналады.

«Мұнда балалар ойын алаңы, воркаут алаңы және жергілікті мәдени іс-шараларды өткізуге арналған шағын сахна салынды. Ал негізгі мерекелік іс-шаралар кенттің орталық алаңындағы үлкен сахнада ұйымдастырылады. Биыл дәл сол жерде фестиваль өтті, ал 25 шілдеде Кент күні мен Металлургтер күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтеді. Өткен жылы осы аумаққа шамамен 200 түп қайың, шырша көшеттері отырғызылды. Биыл №13 тұрғын үйді сатудан түскен қаражаттың бір бөлігі қоқыс алаңдарын жаңғыртуға жұмсалса, шамамен 40 миллион теңгесі саябақ аймағын одан әрі абаттандыруға бағытталады», – дейді Қашар кентінің әкімі Мадина Райымбек.
Бұл қаражатқа қосымша жарықтандыру жүйесі орнатылады, көгалдандыру жұмыстары жалғасады және жүгіру жолы салынады деп жоспарланып отыр.

«Әр екі апта сайын аумақты залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Қазір біз «ыстық тұман» әдісін қолданамыз. Бұған дейін үш жыл бойы кәдімгі дезинфекциялық сұйықтықпен өңделетін. 2023 жылдан бері тәсілді өзгертіп, «ыстық тұман» технологиясына көштік. Бұл әлдеқайда тиімді екенін көрсетті. Биыл өңдеу жұмыстарын жиілетіп, екі апта сайын жүргізіп отырмыз. Соның нәтижесінде тұрғындардың шағымы да азайды. Әрине, бұл жердің табиғи ерекшелігіне байланысты масаны толық жою мүмкін емес. Бірақ тұрғындардың өмірін барынша жайлы етуге күш салып келеміз», – деді ол.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Василий ВАСИЛЬЕВ
