Тобыл қаласындағы алаяқтық бойынша қылмыстық іске нүкте қойылды

Тобыл қаласындағы алаяқтық бойынша қылмыстық іске нүкте қойылды

Қостанай ауданаралық мамандандырылған сотында Ромашкиндерге қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды. Сот отырысы ашық форматта өтіп, үкім Қазақстан Республикасының атынан шығарылды.
Сот Серік Айбасовтың үкімімен Ольга Ромашкина және Виталий Ромашкин ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.

Қостанай ауданаралық мамандандырылған сотының шешімімен Ольга Ромашкина 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, 10 жылға кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды, Виталий Ромашкин 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, 10 жылға кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Екеуі де жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейтін болады.

Сот жаза мерзімін есептеу барысында айыпталушылардың 2025 жылғы маусым айынан бастап қамауда және үйқамақта болған уақытын есепке алды. Үйқамақтағы екі күн бір күн бас бостандығынан айыруға, ал қамауда болған бір күн бір жарым күнге теңестірілді.
Сот үкімі жарияланған сәттен бастап айыпталушыларға қатысты бұлтартпау шарасы өзгертіліп, олар сот залында қамауға алынды.

Сонымен қатар, сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырды. Ромашкиндерден жәбірленушілердің пайдасына ондаған миллион теңге көлемінде материалдық шығынды өтеу міндеттелді. Бірқатар жәбірленушілерге 2 миллионнан 15 миллион теңгеге дейінгі сомалар өндіріліп берілетін болды. Кейбір талаптар қанағаттандырылмай, бір талапкердің арызы кері қайтарылды.

Сот отырысында кәмелетке толмаған қызы Мария Ромашкинаның тағдыры да назардан тыс қалмады. Сот Қостанай ауданы әкімдігінің қорғаншылық және қамқоршылық органдарына баланың алдағы тағдырын шешу жөнінде міндет жүктеді.

«Іс материалдарын зерттеу барысында банк жүйесіне сот күман келтірді. Атап айтқанда, кейбір азаматтарға табысы төмен бола тұра миллиондаған теңге көлемінде несие берілген, сондай-ақ бір мезетте бірнеше ірі несие рәсімделгені соттың күдігін тудырды. Осыған байланысты Қостанай облысының прокуроры мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің атына жеке қаулы шығарып, банк қызметіне тексеру жүргізуді тапсырамын», – деді сот Серік Айбасов.

Сот жаза тағайындау кезінде айыпталушылардың кәмелетке толмаған баласының барын, ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескеріп, ең жоғары мерзімді тағайындаудан бас тартты.
Үкімге 15 тәулік ішінде шағымдануға болады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсріген — автор