Өнер адамдарының жан дүниесін жарып шыққан шығармашылық туындылар халықтың ыстық ықыласына бөленіп жатады. Өйткені, олар ішкі тебіреністен, толқыныстан туып, алапат сезімдермен арпалысып, ақыл-ой сүзгісінен өтіп барып жарыққа шыққан көркем дүниелер.
Ал оның авторлары сөзсіз талантты жандар. Бұл мақаламызда музыкалық шығармалардың авторлық құқығы қаншалықты қорғалып жүр деген сауал төңірегінде ізденген едік. Оқып көріп, ой қосамын десеңіз мархаббат.
Музыкалық туындыларды алып қараңызшы. Сөзі мен әуені үйлескен әуезді ән естісек санамызға сіңіріп, бірден жаттап аламыз. Күні бойы ыңылдап, қосыла айтып жүреміз. Кейде, той-томалақта, отырыста әлгі әнді айтамыз. Мейрамхана, дәмхана, үлкен сауда орталықтарында да түрлі музыкаларды қосып қояды.
Ал оның авторларының еңбегі ескеріліп, қаламақылары төленіп жүр ме? «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар» туралы Қазақстан Республикасының заңы бойынша кез-келген өнер туындысы авторлық құқықпен қорғалады. Әрбір әннің ТВ, радио эфир арқылы таралып, дәмхана, мейрамхана, ойын-сауық, сауда орталықтарында, фитнес-клубтарда қосылғаны үшін авторға сыйақы төленуі тиіс. Бұл қаражат әннің сөзін жазған адамға, музыкасын шығарған композиторға, өңдеушіге, орындаушыға тиісті мөлшерде бөлінеді. Сыйақыны жинап, авторға табыстау жұмыстарын арнайы құрылған қоғамдық бірлестіктер жүзеге асырады.
Қостанай облысындағы «Композиторлар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарқынбек Деріпсалдинмен телефон арқылы сөйлесіп, сыйақы мәселесін сұрадық.

«Заң талабы бойынша көпшілік алдында, қоғамдық орындарда әрбір музыкалық шығарманың қосылғаны үшін авторларға сыйақы төленуі қажет. Бірақ, қостанайлық авторлардың мұндай сыйақыны алғаны жөнінде естімедім. Биылдан бастап бұл жұмыс бір жүйеге түседі дегенді естіп, қуанып жатырмыз», – деді Жарқынбек Деріпсалдин.
Бұдан соң Қостанай облысының Әділет Департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімнің басшысы Динара Хусаиноваға жүгіндік.

«Біздің қостанайлық авторлардың сыйақы алмайтыны туралы ештеңе айта алмаймын. Бірақ, қолданыстағы заңнама бойынша кез-келген әннің қоғамдық орындарда қойылғаны үшін сыйақы төленуі тиіс. Мұның бәрі 1996 жылғы 10-маусымда қолданысқа енгізілген «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында қарастырылған. Ән авторлары – шығармашылық адамдар. Олардың дәмхана, бар, филармонияларды жағалап, сыйақы жинап жүруге қолдары тие бермейді. Сондықтан, бұл жұмыспен құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар айналысады. Ел аумағында мұндай 15 қоғамдық бірлестік бар. Соның 7-еуі ғана аккредитациядан өткен. Яғни, Әділет министрлігінен арнайы лицензия алған. Олар сауда орталықтары, телеарналар, радио және мейрамхана, дәмханалармен келісім-шарт жасап, әрбір музыкалық туындының эфирден таралғаны үшін сыйақы алады. Жиналған сыйақыларды авторларға үлестіреді. Әр автор, композитор қоғамдық бірлестіктердің біреуін таңдап, сонымен ынтымақтастықта жұмыс істеуге құқылы. Мысалы, қандай да бір дәмхана өз қызметіне Қайрат Нұртастың әнін қосқаны, пайдаланғаны үшін авторлар қоғамына сыйақы төлейді. Авторлар қоғамы түскен сыйақыны авторлар арасында, сөзін жазған адамға, композиторға және орындаушы мен музыканы әрлеушіге бөлуді жүзеге асырады. Негізінде, заң осы схема бойынша жұмыс істеуі керек», – деді Динара Сәбитқызы.
Қазақстанда авторлық құқықты бұзғаны үшін азаматтық және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Егер, дәмхана, мейрамханалар өзгенің музыкалық туындысын рұқсатсыз немесе авторына сыйақы төлемей пайдаланса құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар тиісті құжаттарды жинап, авторлық құқықтың бұзылғанын көрсетіп, сотқа жолдауы тиіс. Автордың өзі де тікелей сотқа шағымданып, құқығын қорғауына болатынын айтты Қостанай облысындағы Әділет Департаментінің өкілі.
Жуырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң зияткерлік меншік құқығын қорғауды күшейту мақсатында әзірленді және бірқатар шара қабылдауды қарастырады. Бұл өзгерістер 2026 жылдан бастап қолданысқа енеді.
«Екі жыл бұрын, 2023 жылы Президент креативті индустрияны дамыту керегін айтты. Зияткерлік меншік дегеніңіз – креативті индустрияға жатады. Заңнамадағы өзгерістер зияткерлік меншік құқығын қорғауды көздейді. Осы мақсатта 2026 жылдан бастап құқықтарды ұжымдық басқару саласында бірыңғай цифрлық платформа енгізілмек. Ол авторлық қоғамдардың қызметінің ашықтығын, жиналған сыйақыны әділ бөлу мен төлеуді қамтамасыз ету үшін құрылмақ. Бірыңғай цифрлық платформа арқылы автор өзінің жеке кабинетінде туындыларының қайда және қалай пайдаланылып жатқанын көріп, ал пайдаланушылар есептеулер мен төлемдердің дұрыстығын тексере алады», – деп түсіндірді Динара Хусаинова.
Бірыңғай цифрлық платформа үш кезеңмен енгізіледі. Бірінші кезеңде биылғы жылдың қаңтар айынан бастап эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдары, екінші кезеңде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап – театрлар, кинотеатрлар және филармониялар, үшінші кезеңде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – өзге де барлық пайдаланушылар платформа арқылы жұмыс істейтін болады.
Қостанай облыстық қуыршақ театрының басшысы Төленді Әлқожа қойылым үшін шығармаларды пайдалану кезінде авторлық қоғамға арнайы пайыздық мөлшерлеме төленетінін растады.

«Әрине, міндетті түрде. Елімізде бұл бағытта жұмыс істейтін бірнеше авторлық қоғам бар. Біз біреудің пьесасын, әдеби туындыларды, музыкалық шығармаларды немесе басқа да жеке дүниесін театр сахнасында қолдансақ, авторлық қоғамға арнайы сыйақыны жіберіп отырамыз. Олар ары қарай авторына бере ме бермей ме ол бізге беймәлім. Ол жағын авторлық қоғамнан сұрау керек. Біз өз міндетімізді заң аясында атқарудамыз», – деді Қостанай облыстық қуыршақ театрының басшысы Төленді Олжабайұлы.
Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің басшысы, композитор, айтыскер ақын, журналист Марғұлан Оспанов көптеген есті әндердің авторы. Жерлес ағамыздың төл туындыларын бүгінде танымал эстрада жұлдыздары орындап жүр. Сондықтан композитормен телефон арқылы аз-кем сөйлесіп, мақаламыздың тақырыбына қатысты көзқарасын сұрадық.

«Бұған дейін сыйақы алғанбыз. Бір ғана әннің өзіне біраз қаражат беретін. Кейін авторлық қоғамдар арасында өзара түсініспеушілік туындады. Сөйтіп біз «Қазақ» авторлық қоғамынан шығып, «Адал» авторлық қоғамына ауысып кеттік. Бас кезінде олар да сыйақыны беріп тұрды. Кейін бәрін доғарды. Биылдан бастап сыйақының авторларға әділ төленуіне мән берілетін көрінеді. Қаражаттың авторларға қаншалықты жетіп жатқанын айта алмаймын. Қарапайым мысал, менің «Айтыс» деген әнім кез-келген айтыстарда орындалып жүр. Кез-келген айтыскердің шығармашылық кешінде менің «Айтыс» әнімді қосады. Бірақ одан маған ешқандай сыйақы беріліп жатқан жоқ. Менің қолыма әлі күнге көк тиын да тиген жоқ. Ал оған кім кінәлі? Авторлық қоғам ба, әлде автор ма?», – дейді белгілі айтыскер ақын, композитор Марғұлан Оспанов.
Құлақ құрышын қандырар ән мен күй, көзге ләззат сыйлар би қойылымдары, бәрі-бәрі көңілдің нәзік қылын шертер көркем дүниелер. Сұлу сөздің қасиетін ұғындыратын проза мен поэзияны айтсаңызшы. Мұның бәрі зияткерлік меншікке жатады. Ол тек құқық иесінің келісімімен ғана пайдаланылады. Биылдан бастап аталмыш саладағы заңнама талабының күшеюі зияткерлік меншік құқығының қорғалуына жол ашпақ. Әрі шығармашылық адамдарына тиесілі сыйақы мәселесінің түйінін тарқатады деген үміт бар. Біз бұл тақырыпқа алда тағы ораламыз.
Қымбат ДОСЖАНОВА
