“Бізді осындай жаза күтіп тұрғанын білгенде, есірткі қойып кетуші болмақ түгілі, маңына да жоламас едік”. Петропавл қаласындағы №50 мекемеде есірткі қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан бұрынғы қостанайлық студенттер осылай деп өкінеді.
Жеңіл ақша. Оңай табыс. Уақытша сауық, сайран… Бұл тізімді ары қарай іліп әкете беруге болады, бірақ өмірде оңайлықпен еш нәрсеге қол жеткізу мүмкін емес. Бұл түрмеде жазасын өтеушілердің, темір тордың арғына жағына түскеннен кейінгі пікірлері. Барлығын түзеткілері келеді-ақ, бірақ амал қанша, кеш… Енді тек түзету мекемесінің тәртібіне көніп, шығатын жылдарын, күндерін кемірумен күн өткізбек.
Газетіміздің өткен сандарында қостанайлық екі қыздың есірткі жасырып кетумен айналысып, ақырында әр қайсысы он жылға бас бостандықтарынан айырылған жайлы жазған едік.
Бүгінде А. Антипенко мен А. Савостьянова Петропавл қаласындағы №50 мекемеде жазаларын өтеп жүр. Оларға сот үкімі 2023 жылдың 29 қыркүйегінде шыққан болатын. Екеуінің қолдарында сот залында кісен салынған еді.
Қостанай облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен телекөпір өтеді. Екі жазасын өтеуші Skype арқылы байланысқа шықты. Олар қаланың колледждері мен ЖОО студенттері алдында өз жағдайларын баяндап берді. Студенттер де сұрақ қоя алды.
– Синтетикалық есірткі жасырып жүрген де жағдайымыз түбі осындай болады, аулақ болайық деп ойнамадыңыздар ма? – деп сұрады студент.
– Заңсыз іспен айналысқандарды осындай жаза күтетінін белгенде, бұл істің маңына да жоламас едік, – деп жауап берді жазасын өтеуші.
Сұрақтар легі көп болды. Бір студент не үшін бұндай іске барғандарын сұрады. Жазасын өтеуші қарызға батқандықтан, ақша қажет болғанын айтты. Ол “жеңіл ақша” деген ұғымды мүлдем ойламауға кеңес берді.
“Оқуымыз бар, киім-кешек, азық-түлікке ақша қажет болды. Телеграмм арқылы синтетикалық есірткі қойып кетіп, ақша табуға болатынын білдік. Арнаға жазып, құжаттарымызды жібердік. Бізге тапсырма түсе бастады. Төрт айда 2 млн теңге таптық. Төртінші айда ұсталдық. Қазір ойлап отырсақ, 2 млн теңге деген түкке тұрғысыз. Су сияқты келеді кетеді, ал мұнда біздің әлі 9 жыл жазаны өтеуіміз керек”, – деді жазасын өтеуші.
Кім білсін? Оқып, білім алып, жөнді жұмыс істегенде, 2 млн теңгеден де көп ақша тауып бақуатты өмір сүрмес пе еді?… Жазасын өтеушілер ата-аналарын сағынғандарын жеткізді. Тіпті, сөздерінің арасында “отбасы бәрінен қымбат” деген тіркесті жиі қолданды.
“Біз мұнда жүргенде отбасыдан асқан құндылық жоқ екеніне көзіміз жетті. Жетісіне бір рет 15 минут үйделігермен сөйлесуге мүмкіндік бар. Егер тәртібін жақсы болса, екі айда бір рет кездесуге болады”, – деді жазасын өтеуші.
Он жылға сотталған А. Антипенко мен А. Савостьянова жазасын өтеп шыққан соң, біршама уақыт отбасыларының қасында болатындарын жеткізді. Артынша білім алып, жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр.
“Іс–шараның негізгі көздегені жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және есірткінің заңсыз айналымы, соның ішінде есірткіні қашықтықтан тарататын интернет-дүкендер мен мессенджерлердің жұмысына қатысудың құқықтық салдарын түсіндіру. Өздеріңіз көргендей, өте ауыр жағдай. Өткен іске өкінеді. Өткен жылы облыста есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 332 құқық бұзушылық тіркелді. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы шамамен 260 килограм. Соңғы жылдары синтетикалық есірткінің күрт өсуі байқалды. Есірткінің бұл түрі өте қауіпті, өйткені ол лезде тәуелділікті тудырады, сонымен қатар оны әртүрлі интернет-ресурстар арқылы оңай алуға болады, байланыссыз, синтетикалық препаратты қолдану оңай және ең алдымен адамның психикасына әсер етеді”, – дейді Қостанай ПД есірткіге қарсы іс қимыл басқармасының бастығы Данияр Дәндібаев.
Талдау көрсеткендей, бұл іске шатылатындардың көбі 18 бен 25 жас аралығындағылар екен. Полиция департаментінің өкілі, әлеуметтік желілерді есірткі жарнамасы туралы парақшалардың күніне 20-30 шақтысын бұғаттайды. Алайда, басқа парақша ашу оңай болғандықтан, ертесіне екі еселене түседі екен. Сондай-ақ, бұл істің “дөкейлері” Қазақстан аумағында тұрмайды. Олар, әлеуметтік желілер арқылы, сол елдің адамдарының қолымен шоқ көсеп отыр.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған – Полиция департаментінің баспасөз қызметі