Вероника Жеревцова Қостанайдағы нөмірі он төртінші мектепте бейнелеу өнерінен сабақ береді. Үнемі балаларына қоғамда болып жатқан оқиғаларды кескіндеме арқылы қағаз бетіне түсіруді талап етеді. Осындай ізденімпаздығы оны әрдайым жеңіске жетелеумен келе жатыр.
Таяуда шәкірті Лейла Тастемірова облыстық білім басқармасының тапсырысымен экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырған байқауда үздік үштіктің қатарынан табыла білді.
“Лейла жетінші сыныпта оқиды. Өнерге деген құштарлығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өмірдегі жетістіктер мен келіңсіздіктерді қағаз бетіне түсіріп көрсетсе, ол баланың есінде жатталып қалады. Бейнелеу өнерінің құдіреті осында жатыр”, – дейді Вероника Жеревцова.
Байқауға ұсынған туындысында автор биікке жетудің оңай жолын сатылай орындықтарға шығумен салыстыратын қоғамның түбінде жарға жығылатынын айнытпай көрсетіп береді.
Злата Гуляева Қостанай қаласына іргелес Дружба ауылының тұрғыны. Елді мекендегі жалпы білім беретін мектептің тоғызыншы сыныбында оқиды. Өнер әлемімен сабақтан үйіне келгенде оңаша қауышқанды жаны қалайды.
“Арнайы шеберханам бар деп айта алмаймын. Үйдің бір бұрышына қажетті заттарды әдейі жинастырып қойдым. Себебі сабақтан келгенде сурет салмасам көңілім көншімейді. Бір күнде не түйсем, соны саламын. Бір күні сынып жетекшім осындай байқау болатынын айтты. Қуана осы салған суретімді апарып бердім”, – дейді Злата Гуляева.
Ол өз еңбегінде кең тынысты атмосфераны таңдап алған. Пирамида кескендемесінің жан-жағын жасыл түсті етуінде үлкен сыр жатқандай. Пирамиданың жоғарғы жағына “тоқта” белгісі салыныпты. Бұл жерде салымшыға шектеу жоқ, бірақ түбінде тоқтам бар дегенді ескертсе керек.
Дей тұрғанмен, Анастасия Арсеневаның туындысы көрмені тамашалауға үлкен ой саларлық. Қаладағы он жетінші мектептің оқушысы жемқорлық әлемнің зардабын тартып келе жатқан қарапайым халықтың хал-жағдайын дәлме-дәл бейнелейді.
Жоғарыда ақша салынған қапшыкты уыстап ұстаған жын қайыр тілеген жағдайы қиын отбасыларға оңай ырыстың қандай болатынын әйгілеп тұр.
“Бұл сурет арқылы қоғамдағы келеңсіздіктерді, әділетсіз істердің Береке таппайтынын, оны бейшара халық көретінін айтқым келеді. Соны қатарластарым да көре білсе екен деп ойлаймын”, – дейді байқау жеңімпазы.
Қалалық білім бөлімінің әдіскері Алмагүл Жақсылыққызы байқауға небәры үш күнде 63 жұмыс қабылданғанын айтып отыр.
“Байқауда 63 суреттің үздік деп таңдап алынды. Бұл дегеніміз, қоғамдағы болып жатқан кедергілер балалардың санасына жетіп отырғанын білдіреді. Ол жетістік жасөспірімдерді алаяқтардың құрбаны болудан сақтайтыны сөзсіз”, – дейді Алмагүл Жақсылыққызы.
Қостанайдағы “Мольберт” бейнелеу студиясының жетекшісі Айгүл Абайқызы бұл байқауға қазылық жасау оңай болмағанын айтады.
“Бұған дейін талай конкурстарды көрдім. Бұл жолы шыны керек, таңдау ауыр тиді. Оқушылардың тапсырған жұмыстары бірінен-бірі өтеді. Мағанасы мен салыну шеберлігі басқалардан ерекше болғанымен, кейбірінің бояуы келіспей жатады. Мұндағы басты талап тақырыпты көрсету, түс таңдай білуі және оның қанық болуы маңызды. Бастысы көрмені тамашалауға келген жастар жақсы мен жаманды түйіп, өздеріне сабақ алатын болады”, – дейді Айгүл Абайқызы.
Міне, басқарма өкілдері мен департамент сақшылары қаржы пирамидасымен күресудің осындай идеологиялық әдісін іске асырды. Игі бастаманы жастарды жаман істерге итермелейтін әдеттен алыстататын тиімді жол деп ұққанымыз дұрыс.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген – Балауса Жүніс