Қазақтың көрнекті қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, дипломат Мұрат Әуезовтің 80 жылдық мерейтойы. Абайды әлемге танытып, өзі де жер жүзіне кеңінен танымал болған әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің тұяғы әлі аттан түскен жоқ. Айтары бар сұңғыла, ойы терең ғалымның өмірі жол үстінде өтті десек, артық емес. Оны өзі де айтып отырады.
Мұрат Мұхтарұлы көркемдік үдерістің теориясы мен практикасы бойынша 200-ден астам жарияланымдардың, сондай-ақ «Уақыт байланыстырушы – жіп», «Иппокрена. Уақыт құдықтарына бару» және «Қайту үшін кету» қатарлы танымал монографиялардың авторы. Ғалым бар саналы ғұмырын түркі, славян және қытай халықтарын зерттеуге арнап келеді. Қазақстанның және халқымыздың рухани мәдениетін дамытуға, Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени құндылықтарын зерделеу мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосты. Жазушының өз еңбектеріндегі басты ойы көрші елдердің мәдени интеграциясы болып табылады. Мұрат Әуезовтің ұстазы – әкесі Мұхтар Омарханұлы.
Руханиятымыздың жанашыры «Ділім» атты кітабында: «Тілден де, Діннен де айырылып қала жаздап, қайта оралған кездеріміз болды, әлі де кездеседі. Ал Ділден ше?! Одан айырылу мүлдем мүмкін емес, тек сол тіл саулығы, Діл тазалығы, Діл беріктігі арқылы ғана жеке тұлға, дербес ұлт, тәуелсіз мемлекет ретінде сақталып қалдық…», – деген еді.
Ізденістер мен қоғамдық қозғалыстар бар. Үміт пен мақсат айқын. Осының бәрі бүгінгі замандастар жасаған жаңалық емес. Ол Ұлы Абайдан бастау алған қазақ мүддесі. Оған жалғас Алаш азаматтарының қазіргі, бәлкім келешек ұрпаққа қалдырған аманаттары. Бостандық пен Тәуелсіздік тұрғысындағы олардың айтып және жазып кеткендерін тереңнен толғап зерттеуіміз керек. Жаңа заманда жаңаша сын-қатерлер туындауда. Қазақты сақтап қалар бір ғана ұлы күш бар. Ол – қазақтың ауызбіршілігі. Мына сөздерді келешекке кемел көзбен қараған сұңғыла ғана айта алады.
«Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз ғұмырлы болсын!» дейміз әрдайым. Бұл тұрғыда биліктің басты міндеті меніңше, мемлекет, қоғам және жеке адам мүддесінің ұтымды тепе-теңдігін қамтамасыз етуі. Өркениетті елдерден үйренеріміз осы. Шынайы әділеттілік осылай орнайды. Өзімнің өткен өмір жолымды саптап, саралап қарасам – оның қай-қайсысында да ең басты ғұмырлық ұстанымым – әділ болу, әділдікті мойындау, әділетсіздікпен күресу болып келеді екен. Әділ мен әділеттілік-жадыма жатталып, жанымды жаңғыртып, ата-бабаларымның қанымен келіп, көңілімді асқақтатып, кеудемді тіктеген ұғым. Осы ұғымнан туатын тұжырым елімізде әділеттің ақ туы тігілсе – қазақтың ауызбіршілігі орнайды», – дейді тағы бірде.
Мұрат Әуезовтің Тобыл-Торғай тарихына қосқан еңбегі зор. Атақты Тархан Шақшақ Жәнібек жайында жазылған «Между всеми старшинами знатнейший» дерекке толы кітаптың жарық көруіне «Мұхтар Әуезов» қоры мұрындық болды.
Ал Мұрат Әуезов ұлы қолбасшыға «Еуразияның тарихи тұлғасы» деген баға берді.
Кітапта Жәнібек батырдың бейнесі кең ауқымды тарихи және әлеуметтік-мәдени жағынан жан-жақты ашылады.
«XVIII ғасырдағы ұлы тұлғалардың бірі Шақшақ Жәнібектің ерекше ерлігі мен мәмілегерлігі, ел үшін атқарған еңбегін жақсы білуіміз керек. Бұл бір жергілікті деңгейдегі ғана батыр емес, жалпы қазақтың, одан әрі көшпенді өркениеттің ұлы тұлғасы. Еуразия тарихында ерекше орын алатын адам. Сол қилы заманға берген тағдырдың сыйы дер едім. Ол өзінде бар ақыл-ой, батылдықты еліне арнады. Керек болса, өз басын өлімге тікті. Нағыз ойшыл, мәмілегер, батыр сауатты адам. Біз кітап шығарған кезде жан-жаққа шашырап кеткен бір атаның балалары, осы Жәнібек батырдың ұрпақтары бір-бірін тапты. Алғаш қолжазбаны оқып шыққанда тарихи фильмге сұранып тұрған дайын сценарий деп баға бергенмін. Енді, міне, елінде, Қостанай жерінде ескерткіші қойылғалы жатыр. Соған байланысты Кенжеғали ағаларыңмен келісіп, кітапты жаңадан басып шығаруды жөн көрдік. Қазақ тілінде көптеген ақпарат, дерек бар. Бірақ, бұл кітаптың орыс тілінде шығуы өте орынды. Әсіресе, Қостанай аймағы үшін. Кез келген көзі ашық адам бұл кітапты оқиды да, Жәнібектің кім болғанын біле алады. Сондықтан Жәнібек сияқты батырларымызға ескерткішті қойып, осымен шаруа бітті деген ниеттен аулақ болу қажет. Дәріптеуді күшейту керек. Ол кісілердің рухы өскелең ұрпаққа сенімділік береді. Керек десеңіз, біз Тархан Жәнібекті қайта тірілткендей болып отырмыз. Сол кездегі қазақтың сыртқы саясатын керемет орнатқан адам. Ресеймен де, Қытаймен де жақсы қатынаста болды. Өткеннің тәжірибесі бізге қазір өте қажет. Шақшақ Жәнібек ұлтымыздың осы күнгі тағдырына тікелей байланысы бар тұлға дер едім», – деп бұған дейін газетімізге берген сұқбатында ағынан жарылыпты.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ