Облыста «Таза Қазақстан» бағдарламасы белсенді іске асып жатыр. Толымды нәтижемен назарға іліккен аудан-қалалар баршылық. Алайда шаруасы шабандап, жұмысты жайбасарлықпен жүргізіп келе жатқан өңірдер де жоқ емес. Олқылықтарды жаз бойы түзей алмаған әкімдер сынға ұшырап отыр. Мәселе облыс әкімдігіндегі жиында қаралды.
Бағдарламаның әр аудан-қалада жүзеге асу ауаны жыл бойы жіті бақылауда ұсталды. Облыс басшысы қай іссапарында да осы бағыттағы жұмыстардың есебін алып отырды. Тіпті қосымша бақылау тәжірибесі енгізіліп, шамамен 15 мың ескерту тіркелген фотоальбом қалыптастырылды. Әрбір олқылықтың орнын толтыру шаралары қатаң қадағаланды. Өңірлер ұсынған нәтижелер «дейінгі» және «кейінгі» болып топталып, сол фотосуреттер арқылы қайта тексеріліп отырды. Құмар Іргебайұлының айтуынша, дәл бұлай ескерту арқылы егжей-тегжейлі жұмыс жүргізіп отырған басқа облыс жоқ.
«Осының арқасында өңірлер ескертулердің 78%-ы қалпына келгенін хабарлады. Алайда, ашығын айту керек, біздің қайта тексеруімізден кейін нақты расталғаны 63% ғана. Қалғанын бақылауда ұстап отырмыз. Өңірлерге жасаған іссапарым барысында фотоальбомдағы деректерді жергілікті жердегі нақты жағдаймен өзім салыстырып тексеремін. Оның айтарлықтай нәтижесі бар», – деді Құмар Ақсақалов.
Ол бағдарламаны ілгерілетуге бизнес өкілдерінің белсенді қатысып жатқанын ерекшелеп айтты. Бүгінде кәсіпкерлер абаттандыру ісіне және қоғамдық кеңістікті дамытуға 2,7 млрд теңгеден астам қаржы салған. Өңір басшысы бұл белсенділік алдағы уақытта да жалғасын таба береріне сенім білдіріп отыр.
Бірақ, әрине, әуелгі кезекте қай жұмыстың да сапалы орындалғаны керек. Бұл тұрғыда ең елгезек деген аудан немесе қаланың өзі толықтай мінсіз емес. Көбінде көзге түртілген ескертулер әлі түзетілу үстінде. Мәселен, Федоров ауданында мониторинг кезінде мыңнан астам кемшілік анықталған. Бүгінде соның 83-і ғана қалып отыр. Ескерту жасалған 12 ауылдың сегізінде олқылық толықтай жойылған.
«Аудан орталығында ұзақ уақыт шетелде жүрген ғимарат иелерінің мүлкіне қатысты мәселе алаңдаушылық туғызып отыр. Олар елге оралған жағдайда әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданып, тіпті шетелге шығуына шектеу қойылуы мүмкін. Сондай-ақ күрделі жөндеуді қажет ететін және ауылдың жалпы сәулеттік келбетіне нұқсан келтіріп тұрған ХҚКО ғимараты бар. Бұдан бөлек, әлеуметтік жағдайы төмен, маргиналды өмір салтын ұстанатын тұрғындардың баспаналары түйткілді. қазір олардың үйлерін тиісті талаптарға сай ретке келтіруге көмек көрсету бағытында жұмыс жүргізудеміз. Иесіз қалған және бос тұрған ғимараттар мен құрылыстарды иесіз мүлік ретінде есепке қоймақпыз», – дейді аудан әкімі Тәуба Исабаев.
Ол аудандағы тазалық, абаттандыру, нысандарды қалпына келтіру жұмыстары, экологиялық акциялар жөнінде кең мағлұмат берді. Жарықтандыру мәселесі толықтай шешіліп, бес елді мекенде апатты жағдайдағы 13 нысан сүрілген. Тұрғындарды ынталандыру шаралары да тұрақты ұйымдастырылып келеді. Аудандағы ахуалға аталған бағдарламаның жүзеге асу барысын қадағалап отырған облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов жоғары баға берді.
«Федоров ауданы бағдарламаны іске асыру жұмысы өте жоғары деңгейде жүргізілуде. Ескертудің 90 пайыздан астамы жойылды. Осы тұрғыдан аудандар арасында Федоров бірінші орында тұр. Аудан басшысы ауыл әкімдерімен және кәсіпкерлермен бірлесіп, қысқа дайындық жұмыстарын да қарқынды жүргізіп жатыр», – деді ол.
Ал Ұзынкөл ауданына 323 ескерту берілген. Бүгінге дейін оның 239-ы қалыпқа келтіріліпті. Қалғанын қыс қыспаққа алмай тұрып аяқтауға күш салынып жатыр. Ескертулердің басым бөлігі қараусыз қалған үйлер мен қоқыс-қалдыққа қатысты. Аудан басшысының сендіруінше, бұл мәселе ауыл-ауылда шешілу үстінде.
«Аудан орталығында 46 ескертудің барлығы ретке келді. 12 тозығы жеткен иесіз құрылыс сүрілді. 18 заңсыз қоқыс орны жойылды. Дәл осындай жұмыстар Сатай, Пресногорьков, Троебрат, Ершов, Федоров, Ряжский, Киров ауылдарында жалғасып жатыр», – дейді аудан басшысы Марат Жұрқабаев.
Оның айтуынша, иесіз үй-жайлардың мәселесі өзекті болып отыр. Оларды сүріп тастау туралы 74 ескерту берілген. Бірақ оның бесеуін ғана орындау мүмкін болды. Қалғандары ауданнан тыс жерде тұратын әлдекімдердің меншігінде. Оларды ХҚКО арқылы «иесіз» деп қайта рәсімдеуге бір жыл уақыт керек. Бірақ аудан әкімі осы шаруаны қолға алғалы отыр. Сотты араластырып, шешім шығарылған соң келесі жылдың жазынан қалдырмай, барлық нысанды жермен-жексен етпек.
Жалпы, ауданның, әр ауылдың ажарын ашу, абаттандырып, көгалдандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Саябақтар жаңарып, демалыс орындары, ойын алаңдары ашылып, ескілері жөндеру үстінде. Жарықтандыру, бейнебақылау құрылғылары көбейе түскен. Оған жергілікті кәсіпкерлер жұмылдырылған. 26 заңсыз қоқыс орны жойылыпты. 2,8 мың түп көше егілген.
«Ұзынкөл ауданы белсенділік жағынан үздік ондыққа енеді. Ескертулерді жою үлесі 70 пайыз шамасында. Апатты нысандарды сүру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді дей аламыз. Бағдарламаны іске асыруға кәсіпкерлерді тарту жағы да олқы емес. Бұл, сәйкесінше, жаман нәтиже беріп жатқан жоқ», – деп баға берді Берік Таңжарықов бұл өңірге.
Лисаков қаласының белсенділігі де айтарлықтай жоғары. Шаһарда небары 142 ескерту тіркеліп, оның тоқсаннан астамы түзелген. Октябрь кентіндегі 202 кемшілік толықтай жойылыпты. Қазір Лисаковтың жекелеген шағын аудандарында олқылықтың орнын толтыру жұмыстары техникалық және қаржылық мүмкіндіктерге байланысты жалғасу үстінде.
«Ескертулердің бір бөлігі тұрғын үйлердің қасбетін жаңартуға қатысты болып отыр. Айталық, қаладағы №2 шағын аудандағы жекенің меншігіндегі баспаналардың сыртың әрлеу жоспарға алынып отыр. Сондай-ақ №4 аудандағы 38-үйді шығармашылық үйіне айналдыру көзделеді. Болжамды құны – 7,8 млн теңге айналасында. «Алина» қонақ үйі маңындағы нысанды да қаржының қаттығына байланысты келесі жылы жаңартамыз», – дейді қала әкімі Абай Ибраев.
Биыл қаладағы орталық саябақ абаттанып, алты балалар алаңы салынып, кіреберіс стела, жол айналымындағы «Бәйтерек» нысаны жаңартылған. Жергілікті бюджеттен 57 млн теңге бөлініп, аулалардағы көлік тұрағы көбейе түсті. Көп қабатты тоғыз үйге архитектуралық жарықтандыру құрылғылары орнатылды. Жасылдандыру, көгалдандыру жұмыстары да жоспарға сай жүзеге асқан… Осының нәтижесінде, жалпы көрсеткіштер бойынша, Лисаков қаласы бағдарламаны ілгерілету жөнінен үшінші орын алып отыр.
«Алайда бір ғана мәселе бар. Құмар Іргебайұлы, сіздің тапсырмаңызбен бос тұрған үйлерді кезекте тұрған адамдар үшін қайта салу өңірде қарқынды жүріп жатыр. 1,3 мыңнан астам тұрғын үй салыну үстінде. Лисаков қана, иесіз нысандар бола тұра, биыл бір де бір баспана құрылысын жүргізбеді. Осы жағын түзеуді ескеру керек», – деді Берік Таңжарықов.
«Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жөнінен сынға іліккен аудандардың бірі – Сарыкөл ауданы. Мұнда атқарылған жұмыстардың 1259-ы ескертуге іліккен. Олардың орнына келгені – 950. Ең көп кемшілік аудан орталығының өзінде тіркеліпті. Бүгінде жартысына жуығы ғана түзеліп отыр. Ал олқылық байқалған 11 ауылдың ішінде Сорочин елді мекені ғана міннен толық құтылған. Алайда бағдарлама аясында қолға алынған ілкімді жобалар да жоқ емес.
«Сарыкөл кентінде құны 75 млн теңге болатын шаңғы-роллер және велоспорт трассасы салынып жатыр. Жоба «СарыкөлДорСтрой» ЖШС қаражаты есебінен жүзеге асуда. Сондай-ақ 75 млн теңгеге заманауи саябақ құрылысы жүріп жатыр. Сорочин ауылында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын белгіленген талаптарға сәйкестендірілу үстінде. Жобаға тартылған жеке инвестиция көлемі 15 млн теңгеден асады», – дейді Марат Шымырбеков.
Ауданда кәсіпкерлер демеушілігімен 30 млн теңгеге Қабдеш ата мешіті қалыпқа келтірілген. 72 бейнебақылау жүйесі орнатылып, 2,2 мың түп көшет егіліпті. Бірақ Берік Таңжарықов ауданның жайбасарлығын бүкпесіз айтты.
«Көрсеткіштер жөнінен Сарыкөл ауданы 16-орында. Көп ереже бұзушылық анықталған аудандардың бірі. Жалпы ескертудің 57 пайызы ғана қалпына келтірілді. Сондай-ақ абаттандыру, көгалдандыру жоспарын жыл соңына дейін орындай алмау қаупі бар. Кемшіліктің алдын алу шараларының қарқыны өте төмен – 11,6% ғана», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Облыс әкімі бұл олқылықтарды ауданға іссапармен барған кезде көргенін де айтты. Сыннан сабақ алып, нәтижені жақсартуды ескертті.
Бейімбет Майлин ауданындағы көрсеткіштер де көңіл көншітпейді. Жөнделуге тиіс 753 ескертудің небары 45%-ы ғана оңалтылған. Аудан әкімі қалған бөлігін түзеуге күш салынып жатқанын айтып отыр. Қоқыс шығару, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары үздіксіз жүріп жатқанын бүге-шігесіне дейін баяндады. Бірақ бұл жалпы картинаға елеулі әсер тигізе алмай жатқандай.
«Жүйелі жұмыстың олқылығы байқалады. Тоғыз ауылдық округ ішінде Тобыл мен Майский елді мекендеріның әкімдігі ғана белсендірек. Аудандағы ең өзекті мәселе – рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері. Экология департаментінің мәліметтері бойынша, «Ғарыш сапары» жүйесі анықтағандай, Майлин ауданы стихиялық қоқыс орындарының көптігінен антиректорд орнатып отыр», – деді Берік Таңжарықов.
Облыс әкімі бұл мәселені бірден шешу күрделі екенін, бірақ жоспарлы түрде осы түйткілді шешуге күш салу керегін ескертті. Ол үшін өңірлерді абаттандыруға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту қажет болатынын да алға тартты. Аудан-қала әкімдерінің баяндамаларынан соң өңір басшысы нақты тапсырмалар берді.
«Біріншіден, фотоальбомда көрсетілген кемшіліктерді тиісті елді мекен тұрғындарының қолданыстағы WhatsApp топтарына орналастыру қажет. Жергілікті жағдайды тұрғындардың өздері жақсы біледі және анықталған кемшіліктердің нақты жойылғанын немесе мәселенің әлі де өзекті екенін жедел растай алады. Облыс әкімдігі қызметкерлеріне тұрғындардың кері байланысын тұрақты түрде бақылауды тапсырамын. Басқаша айтқанда, жұмыстың нәтижесі тек ұсынылған есептер бойынша ғана емес, тұрғындардың нақты бағасы мен кері байланысы негізінде де сараланатын болады», – деді облыс әкімі.
Екіншісі – тозығы жеткен, қараусыз қалған және иесіз нысандарға қатысты жұмыстарды созбалаңға салмау. Иесіз мүлікті есепке қоюға бір жыл мерзім қарастырылған. Алайда, өңір басшысының айтуынша, бұл мерзім әрекетсіздікке сылтау болмауға тиіс, керісінше, басталған рәсім аясында тиімді пайдаланылуы қажет.
«Егер нысан иесіз болса, ол уақтылы есепке қойылып, белгіленген мерзім өткеннен кейін тиісті материалдар сотқа жолдануы шарт. Ал меншік иесі бар болған жағдайда, онымен тікелей жұмыс жүргізіп, заңды негіздер болған кезде нысанды апатты деп тану және бұзу рәсімдерін қолға алу қажет. Үшіншіден, қоқыс, арамшөптер және абаттандыру жұмыстары бойынша барлық ескертулерді қысқа мерзімде жою қажет. Қыс мезгіліне дейін санаулы күндер қалды. Сондықтан қалған жұмыстардың барлығын дәл қазір аяқтау керек. Әйтпесе, жиналмаған қоқыс қар астында қалып, көктемге дейін сол күйінде қалуы мүмкін», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, ол жеке тұрғын үйлер бойынша мекенжайларды аралап, қайта тексеру қажет екенін ескертті. Абаттандыру қағидаларының талаптары бұзылған жағдайда, заңнамада көзделген шаралар қабылдануы керек. Мұнымен қоса, ескертулерді өз бетінше жоюға объективті түрде мүмкіндігі жоқ әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға бизнес өкілдері мен волонтерлерді тарта отырып, атаулы көмек көрсету мәселесін пысықтау қажет.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
