Сенаттың қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан «Талдау мектебі» қоғамдық жобасының төртінші кезеңіне іріктеу аяқталды. Жобаға қатысу үшін 700-ге жуық өтініш келіп түсті. Оларды қарау нәтижесінде конкурстық комиссия 60 қатысушыны таңдап алды.
«Талдау мектебінің» төртінші кезеңі 2025 жылғы 11 қаңтар мен 1 наурыз аралығында өтеді. Дәрістер 8 апта бойы әр сенбі сайын ұйымдастырылады. Лекторлар мен тәлімгерлердің қатарында Қазақстанның және шетелдің белгілі мемлекет қайраткерлері, сарапшылар мен аналитиктер бар.
«Талдау мектебі» қоғамдық жобасы мемлекеттік басқаруда, әлеуметтік және гуманитарлық зерттеулерде және бұқаралық ақпарат құралдарында аналитикалық тәсілдерді дамытуға бағытталған.
Жаңа кезеңдегі оқу бағдарламасының тақырыбы «Data-Driven Decision Making жүйесіндегі аналитика мен цифрлық тетіктер» ретінде белгіленді. Осыған байланысты іріктеу кезінде жұмыс тәжірибесі мен ғылыми дәрежеге ие, аналитикалық құрылымдарда, мемлекеттік басқару жүйесінде, ұлттық компанияларда, бұқаралық ақпарат құралдарында, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін, аталған салада базалық білімдері бар кандидаттарға басымдық берілді.
Төртінші кезең аяқталғаннан кейін қатысушылардың аналитикалық материалдары жинақ болып басылып, Парламент депутаттарына және тиісті мемлекеттік органдарға ұсыным ретінде жіберіледі.
Айта кетейік, «Талдау мектебі» 2021 жылы Сенат жанындағы Сарапшылар клубының бастамасымен қолға алынды. Жоба Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Бұған дейін, яғни 2022-2024 жылдар аралығында үш кезеңі өтті. Онда мемлекеттік қызмет, академиялық және аналитикалық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, ұлттық компаниялар мен азаматтық сектор өкілдерінен тұратын 200-ге жуық аналитик білімдерін жетілдірді.
Жоба аясында оқылған дәрістермен мына сілтеме арқылы танысуға болады.