Қарабалық ауданы — Ресей Федерациясымен шектесетін аймақ. Бұл жерден күн сайын жүздеген, кейде мыңдаған автокөлік Қостанай — Әулиекөл — Сұрған жолымен өтеді. Осы қарбалас трассалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету — полиция үшін басты міндет.
«Жүргізушілердің ең қауіпті қателігі — қарсы жолаққа шығу. Дәл осы себептен қайғылы жағдайлар орын алады», — дейді аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Азар Нуралинов.
Жолдағы жағдайды бақылауды күшейту үшін полицейлер Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірге ұшқышсыз ұшу аппараттарын — дрондарды белсенді қолдана бастады.
Дрондар тәртіп сақшыларының қызметінде
Мәселен, «Рубеж» бекетінің маңында дрон жол белгілерін және тұтас сызықты елемей, фураны басып озған жол талғамайтын көлікті анықтады. Заң бұзушы бірден патрульдік полициямен тоқтатылып, сот шешімімен жарты жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.
«Соңғы айда біз жеті мәрте дрон ұшырып, осындай үш құқық бұзушылықтың алдын алдық», — дейді Азар Нуралинов.

Бейнекамералар да көмектесуде
Полицейлер бейнебақылауды да тиімді пайдаланып отыр. Күн сайын кезекші инспекторлар негізгі учаскелерге орнатылған камераларды бақылап отырады.
Солардың бірі — Гагарин мен Заводская көшелерінің қиылысында орнатылған камера — жүргізушілердің телефонмен сөйлесуін, қауіпсіздік белдігін тақпағанын, сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жол бермеген жағдайларды немесе жаяу жүргіншілердің өздері ережені бұзғанын анықтайды.
Жыл басынан бері камералар арқылы 260-тан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелген. Оның ішінде: 50 жүргізуші — телефонмен сөйлескен, 62 — қауіпсіздік белдігін тақпаған, 70 — жаяу жүргіншілер тарапынан ереже бұзушылық,12 жағдайда жүргізушілер жаяу жүргіншілерге жол бермеген.
Заңсыз тасымалдаушылармен күрес
Полицияның ерекше назарындағы мәселе — заңсыз жолаушы тасымалы. Мамыр айында осы трассада қайғылы оқиға болды: салонда 10 жолаушысы бар шағын автобус жүк көлігімен соқтығысып, салдарынан 6 адам қаза тауып, төртеуі жарақат алды.
Содан бері полиция жолаушыларды рұқсатсыз тасымалдаумен айналысқан жеті жеке тасымалдаушының қызметін тоқтатты. Барлық көлік айып тұрағына қойылды, ал жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс- шарасы барысында Қостанайдан Челябіге бағыт алған 7 жолаушысы бар Honda маркалы шағын автобус тоқтатылды. Қажетті құжаттары болмағандықтан көлік айып тұрағына қойылып, жүргізуші жазаланды.
Қауіпсіздік басты назарда
Жолдардағы тәртіпті қамтамасыз етудің кешенді тәсілі — дрондарды, бейнекамераларды және профилактикалық рейдтерді қолдану — қазірдің өзінде оң нәтиже беріп отыр.
Қарабалық ауданының полициясы цифрлық технологияларды қолдануды жалғастырып, әсіресе жүктемесі көп трассалар мен шекара маңындағы аймақтарда бақылауды күшейтпек.
«Басты мақсат — жазалау емес, қайғылы жағдайлардың алдын алу. Жол қозғалысына қатысушылардың әрқайсысының қауіпсіздігі — басты назарда», — деп атап өтті аудандық полиция бөлімінде.
