Табысты әйелдер бас қосты

Табысты әйелдер бас қосты

Қостанайдағы «Жастар сарайында» «Respublica» партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған «RE.WOMEN» әйелдер қауымдастығының форумы өтті.

Форумның басты көздегені – әйел-кәсіпкерлерді қолдау және дамыту, сондай-ақ қоғамдағы әйелдер рөлін арттыру мәселелерін талқылау болды.

blank blank blank

Іс-шараға «Respublica» партиясының төрағасы, Мажіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров пен партия өкілдері және белсенді әйелдер қауымы қатысты.

blank

 «Біздің «Respublica» партиясы үшін әйелдердің қоғамдағы рөлі, әсіресе кәсіпкерліктегі белсенділігі өте маңызды. Форумда әйел-кәсіпкерлерді қолдау мен дамыту, сондай-ақ, қоғамдағы әйелдердің орнын арттыру мәселелерін талқыладық. Мен білемін, көптеген әйелдер өз істерін бастап, оны табысты дамытып келеді. Сіздер – тек қана бизнес жүргізіп қоймай, сонымен бірге отбасының тірегі болып, қоғамға да үлес қосып жүрген жансыздар. Бұл үлкен күш пен ерік-жігерді талап етеді. Әйелдердің әлеуетін толықтай іске асыру – еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін аса қажет. Сондықтан, біздің партия осы бағыттағы бастамаларды әрдайым қолдайды. Біз әйелдерге кеңес беруді және олардың саясат пен басқару саласындағы өкілдігін арттыруға баса назар аударамыз. Форум – әйелдер қауымдастығының басын қосып, тәжірибе алмасуға, бір-бірін қолдауға және жаңа идеялар табуға тамаша жол ашты деп сенемін», – деді Айдарбек Қожаназаров.

Қостанай қалалық мәслихатының депутаты Әсия Жүсіпова форумның мән-маңызына тоқталды.

blank

 «Respublica» партиясы жас болса да, аяғына нық тұрып келеді. Бүгін партия жанынан әйелдер қауымдастығының құрылғанына өте қуаныштымын. Себебі, мен өзім жеке жұмысымда «Ауылды жаңғырту» атты жеке әлеуметтік жобаның үйлестірушісімін. Сондықтан мен әйелдердің өз проблемаларымен жеке қалған сәттегі жағдайын өте жақсы түсінемін. Мысалы, егер әйел декреттік демалыста болса, ол бүкіл әлем одан аттап кетіп бара жатқандай, артта қалып қойғандай сезінеді. Оның міндеті тек үй шаруасы, балалар деп ойлайды. Егер менің жағдайымды айтатын болсам, мен ауыл әйелдерімен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, олардың «сиыр жоғалып кетпесе екен», «егінді қалай сақтап қаламын», «автобус баламды жеткізсе екен» немесе «оқу ақысын қалай төлеймін» деген ойлары мазалайтынын білемін. Көп жағдайда, тіпті отбасылы болса да, әйел өз ойларымен жалғыз қалады. Сондықтан, қазір мұндай әйелдер қауымдастықтарының құрылып жатқаны өте жақсы. Бұл бірлестіктер әйелдердің жалғыз емес екенін түсінуі үшін қажет. Олар бұл жерге келіп, өз проблемаларын айтып, тек жұбату үшін емес, өздерін көрсете алуы үшін керек. Өйткені әр әйелдің өз қабілеті, мүмкіндігі бар. Тек оларды ашу қажет. Мүмкін, ол шағын бизнес ашуы мүмкін. Немесе, ол өз мәселелерін тікелей депутатқа қоятын шешім табар. Мүмкін, қандай да бір бастама көтеріп, өзгерістердің бастауына айналар. Себебі, біз, әйелдер, өте күштіміз. Бізді әлсіз деп есептеу қалыптасқан, бірақ шын мәнінде біздің бойымызда үлкен күш бар. Бұл қауымдастықтың ерекшелігі – мұнда ақша төлеудің, жарна төлеудің қажеті жоқ. Әйелдердің өзгергісі келетінін көру қуантады. Сіздер білесіздер ме, олар өз проблемалары туралы ықыласпен айтып береді. Егер бұрын бұл ұят саналса, қазір әлеуметтік желілерде өздерінің жеке брендтерін құру үшін жеке оқиғаларын ашық айта алады. Міне, сол себепті әйелдер батыл сөйлеуді үйренді. Ол үшін осындай алаңдар мен қауымдастықтар қажет», – дейді «Respublica» партиясынан сайланған депутат Әсия Жүсіпова.

«Respublica» партиясының тең төрағасы, «Учет.kz» компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев әйелдердің кәсіпкерлік саласында жетістікке тез жететінің сырын айтты.

«Талдап отырып, неліктен кәсіпкерлік саласында әйелдердің жетістікке тез жететінін ойладым. Себебі, кәсіпкерлікке ерлердің және әйелдердің көзқарасы екі түрлі болып келеді. Әйелдер үшін бизнес – бұл адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы. Әйелдердің кәсіпқойлығы арқасында бизнес анағұрлым тұрақты және ұтымды болып келеді. Өйткені әйел бизнеске мәңгілік деп қарайды. Ол бизнестің дамуымен бірге әйелдердің де дамитынын ойлайды. Меніңше, әйелдердің бұл көзқарасы ерлердікінен артық. Сондықтан біз, «Respublica» партиясы, әйелдер қанатын құруды жөн көрдік. Бұл әйелдер қанаты тек кәсіпкерлікке арналмаған, сонымен қатар елімізді әртүрлі іс-шаралар мен өзара іс-қимылдар арқылы жақсартуды қалайтын барлық қыз-келіншектер мен әйелдерді біріктіруді көздейді. Еңбекқорлықтарыңыз, дамуға, жасампаздыққа деген ұмтылыстарыңыз арта берсін», – деді Максим Барышев.

Қолөнер шебері Валентина Ковальчуктың өз бұйымдарын сатып, кәсіпке айналдырғанына бірнеше жылдың жүзі болған.

 

Оны сөзінше бұл жолда ең бастысы алға ұмтылудан тайынбай, өзіңе сену ғана жетістікке жетелейді.

 «Басында өте қиын болды, әр таспаны біріктіріп, желімдеп, бантик жасау өте қажырлы еңбекті талап етті. Әрине, бірден үйрену оңайға соқпады. Бантик жасаумен шамамен бес жылдай айналыстым. Сосын сабын жасауды бастадым, одан кейін гипс бұйымдарына көштім. Сабын жасау өте қызықты болды. Сабын негізін, хош иістендіргіштерді, бояғыштарды сатып алып, микротолқынды пеште балқытып, арнайы қалыптарға құйдық. Бұл іс маған ерекше тыныштық сыйлады. Содан кейін гипс бұйымдарын, балауыздан жасалған шамдарды жасай бастадым. Бұл іспен айналысқаныма он жылдан асып кетті. Маған бұл өте ұнайды, жаныммен жақсы көремін. Қосымша саяжаймен де айналысамын», – дейді Валентина Ковальчук.

Жалпы форумға 200-ден аса әйел жиналды. Екінші бөлімде Қазақстандағы алғашқы гранит зауытының негізін қалаушы Шолпан Абдихаликова және «Respublica» партиясы жанындағы «RE.WOMEN.KST» Қостанай облысы әйелдер қауымдастығының төрайымы Эльмира Саужанова сөз сөйледі.

blank

Тәжірибелік бөлімде «Әйел микрофоны» атты белсенділік сессиясы өткізілді, мұнда әйелдер өз ойлары мен ұсыныстарын ашық білдіре алды.

blank blank blank blank blank

Іс-шара соңында белсенді қатысушыларға алғыс хаттар мен партиялық билеттер табысталды. Форумның ерекше сәті – жергілікті брендтердің «Fashion» стиліндегі сән көрсетілімі болды. Форум қатысушыларының пікірінше, мұндай іс-шаралар әйелдерді кәсіби және жеке өсуге ынталандырады, сонымен қатар қоғамдағы рөлін күшейтуге көмектеседі. Жалпы алғанда «Re.Women Qst» қысқа уақыт ішінде 70-тен астам іс-шара өткізді. Ұйымдастырушылар алдағы кезеңде ағылшын курстары, білім беру жобалары, студент қыздарға арналған дәрістер өткізуді жоспарлап отыр.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЙ