Бас прокуратураның ресми деректері суицидтің себептерін толық аша бермейді. Тек 15,6% жағдайда ғана нақты себептер көрсетілген, ал қалған жағдайларда себептер «белгісіз» деп тіркеледі. Сарапшылардың айтуынша, еліміздегі суицидтің басты қозғаушы факторы – жалғыздық.
Өткен жылы осы себептен 230 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Материалдық қиындықтар мен тұрғын үй мәселелері де суицидке жиі әкеледі. Қаржылық қиын жағдай мен қолайсыз баспана көбіне ер адамдар арасында байқалады. Сондай-ақ, қарым-қатынастағы қиындықтар – жұбайымен немесе серіктесімен жанжалдасу, ажырасу да осындай қадамға итермелеуі мүмкін. Бұдан бөлек, ауыр дертке шалдығу және денсаулыққа байланысты күрделі мәселелер де негізгі себептердің қатарында тұр. Ал, балалар мен жасөспірімдер арасындағы себептер сан алуан. Яғни, мектептегі буллинг, психологиялық қолдаудың жеткіліксіздігі, ата-аналармен және құрдастармен қарым-қатынастағы қиындықтар. Бұған қоса, жастар субмәдениеті де суицид қаупін күшейтеді. Қостанай облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Несібелі Бәсенова жасөспірімдік шақты сананың және мінез-құлықтың қарқынды өзгерістерімен сипатталатын ең күрделі кезең деп бағалайды.
«Бұл уақытта жасөспірімдер көптеген қиындықтармен бетпе-бет келеді. Отбасылық қақтығыстар, құрдастардың қысымы, жалғыздықтан қорқу, өмірдің мәнсіздігін сезіну. Мұның бәрі ересектікке өту, өз жолын іздеу және өзін-өзі тану қиындықтарымен ушығады. Нақты тәжірибеден алынған мысалдар балалар мен жасөспірімдерге уақытылы араласудың және кәсіби көмек көрсетудің маңыздылығын көрсетеді. Біздің елімізде мұндай мысалдар болды. 2023 жылы Жітіқара және Меңдіқара аудандарында екі тоғызыншы сынып оқушысының және Ұзынкөл ауданында колледж студентінің суицид жасағаны бәріміздің есімізде. Тағы бір нақты мысал келтірейін, бірнеше жыл бұрын Қостанайда қайғылы оқиға болды. Мектеп оқушыларының бірі сыныптастарымен болған жанжалдың кесірінен өзін-өзі өлтірді. Кейіннен баланың ұзақ уақыт депрессиядан зардап шеккені, бірақ ешкімнің дер кезінде назар аудармағаны анықталды. Мұндай қайғылы оқиғаны егер қасында түсіністік танытатын ересектер, педагогтар мен психологтар болғанда алдын алуға болар еді», – дейді Несібелі Бәсенова.
Уәкіл жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауын болдырмаудың кешенді жүйесін әзірлеу керек деп санайды. Айталық, алғашқысы ата-аналарға психологиялық кеңестер, оқытулар өткізу. Сонымен қатар мектеп оқушыларына да тұрақты кеңестер берілуі керек.
«Ата-аналар тәуекелдерді түсініп, баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде назар аударуы қажет. Олар депрессия мен үрейлі бұзылыстардың симптомдарын білуі тиіс. Сондай-ақ, кіші сынып оқушыларымен үрей, қорқыныш және үміт сезімдеріне арналған тұрақты әңгімелер өткізу қажет секілді. Бұл балалардың өз сезімдерін ашық айтуына мүмкіндік береді», – деді ол.
Тағы бір алдын-алудың тетігі шұғыл психологиялық көмек орталығын құру. Тәулік бойы кеңес беруді және жасөспірімдер мен отбасыларға көмек көрсетуді қамтамасыз ететін мамандандырылған қызметтер мен «жедел желілерді» ашу. Осы тұрғыда өңірде 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өңірлік психологиялық қолдау орталығының жұмысын күшейту қажет-ақ.
Сералы МЫРЗАБАЙ
