Студенттер қандай кітап оқып жүр?

Студенттер қандай кітап оқып жүр?

Жастар арасында кітап оқу мәдениеті қайта жанданып келеді. Оған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттері арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде көз жеткіздік. Сол арқылы замандастарымыздың қай бағыттағы, қандай жанрдағы кітаптарға қызығушылығы бар екенін біле алдық.

Сағыныш Егенберліқызы, 3-курс студенті: Кітап – менің өмірімде ерекше орны бар қазына десем, артық айтқандық емес. Ол ой-өрісімді кеңейтіп, білімімді арттырып қана қоймай, тұлғалық өсуіме, әлемді тереңірек тануыма ықпал етеді. Маған рухани тақырыптағы шығармалар ұнайды, жаныма жақын. Соңғы оқыған кітабым – Марғұлан Сейсенбайдың “Миссия орындалады. Бақытты өмір техникасы” атты еңбегі. Ол бақытты өмір сүрудің құпияларын түсінуге және өмірге жаңа көзқараспен қарауға шабыт берді.

 

Аружан Қонақбаева, 4-курс студенті: Ағылшын тілін үйрену үшін арнаулы кітаптар оқып, солар арқылы біршама жетістікке қол жеткізіп келемін. Бұл кітаптар мен үшін тіл меңгерудің құралы ғана емес, өзіме деген сенімділік пен құлшынысты арттырудың да бір жолы болды. Тілді үйренудегі ең маңызды дүние – оған деген қызығушылық пен ынтаны ояту деп білемін, сондықтан мотивациялық кітаптарға да ерекше мән беремін. Олар тіл меңгеруге көмектесіп қана қоймай, өмірге деген көзқарасымды өзгертіп, тіл білудің болашағыма қаншалықты әсер ететінін терең ұғындырды. Тілді меңгеруді мақсат еткен жандарға Мирас Кесебаевтың “2 айда ағылшын тілін үйрен”, Е.П. Бахурованың “Английский язык. Без репетитора”, Джен Синсероның “Сен мықтысың” сынды еңбектерін оқуға кеңес беремін. Қазір менің қолымда Марк Мэнсонның “Бәріне қолыңды бір сілте” (немесе “Өміріңді жеңілдету өнері”) атты кітабы бар. Бұл туынды адамның өмірге деген қарым-қатынасын жеңілдетіп, маңызды нәрселерді дұрыс бағалай білуге үйретеді.

Әділет Нұрабаев, 4-курс студенті: Тарихи кітаптар мен үшін ерекше мәнге ие, өйткені олар өткеніміздің терең сырларын ашып, халқымыздың болмысын, рухын тануға мүмкіндік береді. Әрбір тарихи туынды білімімді кеңейтіп, өзімді ұлтымның бір бөлшегі ретінде сезінуге, өткеннің құндылықтарын бойыма сіңіруге шабыттандырады. Соңғы оқыған кітабым – Міржақып Дулатұлының “Оян, қазақ!” атты еңбегі. Бұл кітап – ұлт тағдыры мен болашағы үшін күрескен зиялы қауымның жанайқайы, қазақ халқының рухын оятуға арналған ұлы үндеу.Осындай тарихи шығармалар маған өз халқымның өткені мен бүгіні туралы тереңірек ойлануға, өзіме жауапкершілікпен қарауға үйретті. Тарихқа қызығатын жандарға бұл кітапты міндетті түрде оқуға кеңес беремін. Себебі ол тек тарихты үйретіп қана қоймай, жүректі елжіретіп, рухты оятады.

Гүлім Батыр, 3-курс студенті: Мен кітапты бос уақытымды тиімді пайдалану үшін оқимын. Қазір “Екінші болма!” атты кітапты оқи бастадым. Алғашқы беттерінен-ақ көп нәрсеге көзім жетіп, зейінім ашылды дей аламын. Бұл кітапты оқып, өзімді тану, алға айқын мақсаттар қою, табысқа жету жолында қандай қадамдар жасау керегін түсіндім. Автордың тәжірибелері мен кеңестері мені шабыттандыра түсті. Әсіресе, өмірде тек бірінші болуға талпыну керегі жайлы ойлар қатты әсер етті. Бұл кітап бойға жігер, ойға сенім береді және өмірдің қиындықтарына қарамастан, мақсаттарыңа жетуге деген құлшынысың оянады. Қиын сәттерде өзіңе сеніп, алға ұмтылу керек екенін түсіндім. Әрбір адамның өмірінде кемшіліктер мен сәтсіздіктер болатынын, бірақ олардан сабақ алып, ары қарай даму керек екенін ұғындым. Сондықтан “Екінші болма!” кітабы өмірімді өзгертуге оң бағыт беретін маңызды еңбек болды.

Сабина Юлдашева, 3курс студентіИә, мен кітап оқимын.Мағыналы,психологиялық және ағылшынша кітаптар оқуға тырысамын S.Maugham “Moon and Sixpence” .Бұл кітаптан түсінгенім, өмірде қандай жағдай болмасын жақыныңның қасында болуың керек. Тек қана адам өмірден өткен кезде емес,тірі кезінде бағалау керек. Махаббат сезімі-ең биік сезім. Адам сезімдерін құрметтей алу керек. Сыйластық адамгершіліктің белгісі екенін түсіндім. Бұл әрі қарай менің өмірдегі қиындықтарға төтеп беруіме көмектеседі. Бұл кітапты оқи отырып, психологиямды және адами құндылықтарды терең зерттедім.

Нұрдана Тағаймұратова,

ҚӨУ студенті

Жаңалықтармен бөлісу