Жақында әлеуметтік желіде Шеген ауылында салынып жатқан су құбырының бірінші көтерілімін су басып жатқаны жөнінде бейнежазба тарады. Оны жариялаған тұрғын жағдайдың күрделі екенін айтып дабыл қаққан. Тіпті, бір қараған адам «құбыр жарылып кеткен» деп түсінуі мүмкін еді. Негізінде ол сәуір айында “Қыз қашқан” бөгетінің тұсын тасқын бұзып кеткеннен кейін төрт шақырым жерге жайылған су еді…
Осы жайттың ақ-қарасын анықтау үшін Шеген ауылына бардық. Аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат төрағасы, “Amanat” партиясы филиалының атқарушы хатшысы, сондай-ақ құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы ауыл халқымен кездесіп, мәселенің мәнісін талқылады.
– 2020 жылы ауыл әкімдігімен бірлесіп, қоғамдық жиын өткіздік. Ауыл әкімі Жарқын Сабыржан болатын. Сол кезде ауыл тұрғындары шақырған жиналысқа толық келмеді. Елдің үлкен кісілері қатысып, су тарту мәселесін қозғадық. Жиын барысында Тоқтабай өзенінен тартқан жөн деп мәмілеге келдік. Бірақ, арнайы мамандардың зерттеуімен ол жердегі су қоры өте аз болды. Кейін “Қыз қашқан” бөгетінің тұсындағы судың тереңдігі 4 метр болғандықтан ауылға ауыз суды сол жерден тартқан тиімді деп шештік. Қасымызда ауыл тұрғындары Қанатбек Ерғалиев, Тайшыбек Қайыров ағаларымыз болды. Халықтың келісімінсіз біз ешқандай шешім қабылдамаймыз, – деді аудан әкімінің орынбасары Дінмұханбет Бидашев.
Әлеуметтік желіге бейнежазба салған тұрғын Серік Байбеков «қоғамдық жиын өтетінін мен естіген жоқпын» дейді. Ал, ауыл әкімінің айтуынша, жиналысты алдын ала хабарлағанның өзінде санаулы адамдар ғана келеді екен. Басқалары «бізді шақырып алып, не берер дейсің» дейтін көрінеді.
Жиында ауыл тұрғындары біраз мәселені көтеріп, өздерінің ұсыныстарын да айтты.
– Ауыл ішінде жерасты суы бар. Құбырды содан тартуға болмас па еді. Су жайлаған қопадан тартқандарыңыз қалай? Қопаға жайылған су адам бойынан асады. Қайта биыл су аз келді. Егер қар суы мол болса, ауыл іргесіне дейін су басады. Судың ортасында тұрған электр бағандарының түбі шіріп құласа, кім жауап береді. Адам өміріне қауіп төндірмесіне кім кепіл? Қоршаулары қисайып жатыр. Құбыр тартуға бөлінген 606 млн 641 мың 912 теңге сумен ағып кетсе, құрылыс жұмыстарының сапасы болмаса, зардабын қарапайым халық тартады ғой, – дейді ауыл тұрғыны Асқар Ерғалиев.
Әрине, сөзінің жаны бар. Қай нәрсенің де сапалы болғаны жақсы. Су құбырының құрылыс жұмыстары “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша 2022 жылы басталған. Мердігер – “КазЕвроСтрой” ЖШС. Ұлттық қордан 545 млн 976 мың 917 теңге, облыс бюджетінен 60 млн 665 мың теңге қаржы бөлінген. Яғни, аталған бағдарлама аясындағы жұмыстар “AMANAT” партиясының жіті қадағалауында.
– Құрылыс жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ. Бөлінген қаржының 161 млн 948 мың теңгесі ғана игерілді. Мердігер жұмысын толық аяқтаған соң, арнайы құрылған комиссия тексеру жүргізеді. Алаңдаудың еш себебі жоқ. Біз әлі мердігерге толық ақшасын берген жоқпыз. Жұмыстарды сапалы атқарғанша, біздің уысымыздан шықпайды. Сондай-ақ, келісім-шарт негізінде үш жылға кепілдік бар. Су құбырынан ақау шықса, өз қаржыларына жасап береді. Үш жылдан кейін жергілікті коммуналдық кәсіпорынның меншігіне алып, өзіміз тікелей бақылаймыз. Ал, “Қыз қашқан” бөгетіне келсек, жергілікті бюджеттен қаржы қарап, күзге дейін қалыпқа келтіреміз. Ауыл ішіндегі жерасты суының қоры өте аз. Оны су саласының мамандары келіп зерттеді. Сондықтан бұл тиімсіз деп шешті, – дейді аудан әкімінің орынбасары Айдаралы Талпақов.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Анар Ержігітова да бұл мәселеге қатысты ойын ортаға салды.
– Мен сіздер сайлаған депутатпын. Сіздермен төртінші рет кездесіп отырмын. Осы мәселені сол уақытта айту керек еді. Соңғы рет жергілікті мәслихаттың депутаттарын ертіп келіп, талап-тілектеріңізді тыңдадық. Сол кезде интернет желісін ғана айттыңыздар. Осы жөнінде облыстық басқарма басшыларымен сөйлесіп анықтағанымда, 13 млн теңге көлемінде қаражат керектігін айтқан болатын. Биыл интернет тартуды кейінге қалдырамыз. Себебі, сіздердің қазіргі талаптарыңыз “Қыз қашқан” бөгетін қайта құрылымдау. Енді осыған бағыт бұрып, жұмыс істейміз, – деді Анар Мұратқызы.
Айтып айтпай не керек, судан басталған шудың аяғы келісіммен тоқтады. Жиында айтылған барлық мәселе қаулы негізінде енгізіліп, қатысушылар қол қойды. Ендігі түйткілдің түйіні жергілікті билік өкілдері мен уақыттың еншісінде.
Жанкелдин ауданы