Арқалықта құны 340 млрд теңге болатын үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылу үстінде. Нәтижесінде, 2023-2027 жылдар аралығында 1200 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл туралы қала әкімі А.Асановтың тұрғындармен есепті кездесуінде айтылды.
Соңғы жылдары қаланы түлету, көркейту, елдің әл-ауқатын арттыру мақсатында қаншама игілікті істер жүзеге асырылуда. Қолға алынып жатқан жаңа жобалар жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, соның арқасында қала тұрғындарының да екі қолға бір күрек табуына септігін тигізері сөзсіз. Атап айтқанда, “Қостанай тау-кен металлургия корпорациясы” ЖШС “Маятас” кластерінің кен орынын геологиялық зерттеу және тау-кен байыту комбинатын салу“, “Kazwindeenergy” ЖШС “Жел электр станциясы”, “Torgay Invest Group” ЖШС “Конвейерлік роликтер өндірісі” жобаларын қолға алды. Қазіргі уақытта инвесторлар қомақты қаражаттарын салып, жоспарлы жұмыстарын жүргізуде.
Ауыл шаруашылық саласында да ілгерілеушілік бар. Биыл егіс алқаптары шамамен 315 мың гектарды құрап, егіс алқабы өткен жылға қарағанда 600 гектарға ұлғайды. Мұның сыртында, “400 гектар ауыл шаруашылығы дақылдарын жаңбырлатып суару жүйесі”, “Диірмен комбинатының қызметін тәулігіне 22 тоннаға дейін ұлғайту”, “100 бас ірі қара мал және 100 бас жылқыға арналған шағын бордақылау алаңын салу” сынды 3 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Есептік кездесуде бұдан өзге, шағын және орта бизнесті дамыту, сумен және жылумен жабдықтау, тұрғын үй құрылысы, жолдарды жөндеу, ауылдық жерлерде ұялы байланыс қызметін жақсарту, сондай-ақ демеушілік қолдау арқылы жасалған және жоспарланған жұмыстар барысы туралы айтылды.
Есеп беру соңы әдеттегідей сұрақ-жауапқа ұласып, тұрғындар бейітті қоршау, көпқабатты үйлердің күтімі, қоғамдық көлік қызметін одан әрі жақсарту, бағаны тұрақтандыру сынды мәселелерді көтерді. Қала әкімі әр сауал бойынша тиісті жауаптарын беріп, кей мәселелерді шешу бойынша жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Еске сала кетсек, бұған дейін мұндай қала басшысының есеп беру кездесулері қалаға қарасты ауылдар мен ауылдық округтерде де өткізілген болатын.
Арқалық қаласы