Шөптібай Байділдин құрметті атақ иеленді

Шөптібай Байділдин құрметті атақ иеленді

Танымал өлкетанушы, қолөнер шебері, білікті оқытушы Шөптібай Байділдин Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының Құрметті профессоры атанды.
Бұл мәртебелі атақты институт жанындағы Ғылыми кеңес тағайындаған. Көп жылдық қажырлы еңбегі еленген Шөптібай ағамызға «Құрметті профессор» атағын Ғылыми кеңес төрағасы Е.Әмірбекұлы табыс етті.

«Арқалықта 2007 жылдан бері тұрамын. Сол уақыттан бері өңір руханиятына шама-шарқымша еңбек сіңіріп келемін. Елдің, жердің тарихын түгендеумен айналыстым. Қазақтың ою-өрнегін насихаттаумен келемін. Институтпен тығыз байланыста болдым. Онда 2019 жылға дейін ғылыми қызметтер атқардым. Бірнеше тарих және қолөнер бағытында көптеген кітабым жарық көрді. Құдайға шүкір, атақ-абыройдан, жетістіктен кенде емеспіз. Еңбегімді елеп, осындай мәртебе беріп жатқандарына алғысым шексіз», – дейді ол.

Ағамыз әлі кұнге қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүр. Жастармен жиі-жиі кездесу-жыиндар өткізіп, ұлттық тәрбие, өңір тарихы жөнінде сыр шертуден ешқашан бас тартып көрген емес. Бұл кісіні Торғай өңірінің тарихын зерттеп жүрген бірден-бір тұлға деуге болады. Бүгінге дейін «Қазақстанның үздік мәдениет қызметкері», «Үздік өлкетанушы» сынды көптеген атақ иеленген.

Айта кету керек, көпке танымал Кейкі туралы сериал Шөптібай ағамыздың кітабының желісімен түсірілген. Әлі де қоғам игілігіне еңбек сіңіру үшін алға үлкен жоспарлар құрып отыр.

Гүлназ Өмірзақ

ҚӨУ студенті

Жаңалықтармен бөлісу