Мұз үстіндегі ертегі: Қостанайда болашақ чемпиондар жарқырады

Мұз үстіндегі ертегі: Қостанайда болашақ чемпиондар жарқырады

Қостанайдағы «Мұз айдыны» аренасында мәнерлеп сырғанаушылардың «Жастар уақыты» атты шоуы өтті. Мұз үстіндегі әсем қимыл, үйлесімділік пен нәзіктік тоғысқан кеш көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жас спортшылардың шеберлігін паш етті.

Мұз үстінде өнер көрсеткен жас сырғанаушылардың әрбір қимылы көрерменді тәнті етіп, қиял әлеміне жетеледі.

  blank blank

Олардың өнері Қазақстанға 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль сыйлаған Михаил Шайдоров секілді биік белестерді бағындыруға ұмтылған жас буынның өсіп келе жатқанын аңғартты.

blank blank blank blank blank blank

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жәнібек Жұрқабаев өңірде болашақ чемпиондардың қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

blank

«Біздің өңірде мәнерлеп сырғанау спорты он жылдан бері қарқынды дамып келеді. Тәжірибелі жаттықтырушылар легі қалыптасты. Спортшылардың жетістіктері де қуантарлық деңгейде. Болашақта биік белесті бағындырып, облыс атын асқақтатады деп сенеміз. Бүгінгі шоу спортсүйер қауымға ерекше көңіл күй, ұмтылмас естелік сыйлайды», – деді ол.

Жас спортшылардың өнерін қолдағандардың қатарында «El optiсa» оптика желісі мен Қостанай облысының Әйелдер күштері Альянсы бар. Олар жастардың бастамаларын қолдап, спорттың дамуына үлес қосып келеді.

Әйелдер күштері Альянсының мүшесі Кәмшат Шаухина да жас сырғанаушылардың өнеріне жоғары баға берді.

blank

«Кішкентай мәнерлеп сырғанаушылар мұз айдынын өнер ұшқынымен жылытып, жүрегімізді елжіретті. Әр қойылым — үлкен еңбек пен ізденістің, үздіксіз дайындықтың жемісі. Біз жастарға әрқашан тілекшіміз. Келешек чемпиондар осындай кәсіби ортадан шығуы тиіс», – деді ол.

Кеш бойы көрерменнің ыстық ықыласы мен толассыз шапалағы жас спортшыларға шабыт сыйлады. Мұз үстінде өнер көрсеткен сырғанаушылардың дені түрлі деңгейдегі жарыстарда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болып жүрген спортшылар.

blankblank

Әсемдік пен спорттық шеберлік үйлесім тапқан «Жастар уақыты» шоуы жас таланттардың әлеуетін танытып қана қоймай, олардың үлкен арманға бастар жолындағы сенімін нығайтты. Бәлкім, бүгін мұз үстінде өнер көрсеткен бүлдіршіндердің арасынан ертең ел намысын әлемдік аренада қорғайтын Олимпиада чемпиондары шығар. Ал сол арманға бастар алғашқы қадамдардың бірі Қостанайдағы осы кеште жасалды.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген Василий Васильев