Шалғай ауылдарға шапшаң интернет орнатылады

Шалғай ауылдарға шапшаң интернет орнатылады

Жақында жоғары жылдамдықты интернет Қамысты ауданының шалғай үш ауылында пайда болады. Орқаш, Дружба, Аралкөл тұрғындары заманауи телекоммуникация қызметтеріне қол жеткізеді.
Қазір Орқаш ауылында мердігер компания базалық стансаларға арналған 30 метрлік антенна діңгегін орнату үшін шұңқыр қазып қойған. Жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Бір айдың көлемінде аяқталуы тиіс. Ал, Дружба ауылында әлі де атқарылатын шаруалар бар.

«Mom Lift» ЖШС қызметкерлері Дәурен Ағаділов пен Талғат Бәкіров іргетасын арнайы техникамен қазып, кейбір жерін қол күшімен 4 метрлік шұңқырды қазып, дайындап қойған.

“Діңгекті орнатып, оның жан-жағын мықтап ұстап тұру үшін іргетасы құйылады. Негізгі жұмыстар осы. Одан кейін антенна бөлігін құрастырамыз», – дейді олар.

Айта кету керек, осы уақытқа дейін орқаштықтар ұялы байланыс, мобильді интернет сапасын талай рет жиналыстарда көтерген болатын.

“Бұл көптен күткен жоба. Ауыл халқы көптен бері күтіп жүр. Енді ұялы байланыс жақсарып, сапалы интернетке қол жеткіземіз, – дейді Дружба ауылының әкімі Сәуле Бисенқұлова.

Сапалы Интернеттің келуімен ауыл тұрғындарына базалық қызметтер мен сервистер қолжетімді болады: мемлекеттік органдармен, банктермен, зейнетақы қорымен, телемедицинамен, онлайн-кітапханалармен, маркетплейстермен қашықтықтан өзара әрекеттесу, сондай-ақ әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде қарым-қатынас жасау және тағы басқалар.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Мадина АКЕШОВА,
ҚӨУ студенті
Суретті түсірген Дина Нұғманова

Жаңалықтармен бөлісу