Қостанай ауданы Жуков ауылында да ауқымды әлеуметтік жобалар жүзеге асып жатыр. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапары барысында солардың бірқатарымен танысып қайтты.
Елге танымал «Розумович» ЖШС бұл елді мекенде кейінгі бес жылда жұмысшылар үшін 33 пәтерлі 21 үй салған. Қаладағы баспаналардан кем түспейтін баспаналардың бірін өңір басшысына көрсетті. Кәсіпорын тағы 15 жеке тұрғын үй тұрғызуды жоспарлап отыр. Ол үшін екі гектар жер учаскесі бөлініп қойған. Ауылын дамытып, тұрғындарға көмек көрсету жағынан алдына жан салмайтын Валерий Розумовичтің Жуковта атқарған ісі көп. Ол «Өркениет» даму орталығын, шағын маркет, қоғамдық монша, қонақ үй, елу орындық балабақша салған. 200-ден астам жаңа жұмыс орнын құрған.


«Ауылға ендігі қажет болып отырғаны – мектеп. Бұл – тұрғындардың көптен бергі тілегі. Қазіргі ғимараттың жағдайы ауыр. Осы мәселе шешілсе, мұртымызды балта шаппас еді. 14 млн теңгеге жүз орындық мектептің құрылыс жобасы әзірленді. Көп күттірмей іргетасы қаланар деп үміттенеміз», – дегенді айтты кәсіпкер.
Өңір басшысы бұл жағдайды қадағалауда ұстап отырғанын, міндетті түрде қолдау жасап, шешімін табатынын айтты. Сондай-ақ кәсіпкердің демеуімен ауылда атқарылып жатқан жемісті жұмыстарға оң бағасын берді.
«Бизнес елді мекенмен бірге дамыса, ол өз қызметкерлері үшін сенімді тірекке айналып, олардың сапалы өмір сүруіне лайықты жағдай жасайды. Жуков ауылында біткен істерге, салынға үйлер мен адамдардың жұмыспен қамтылуына, жайлы тұрмыспен қамтамасыз етілуіне көңіл толады. Ал мектеп мәселесін жуырда шешеміз. Мен сіздерге екі жыл бұрын қонақ болған едім. Шаруаларыңызға қанықпын. Айтарым, сіз әлеуметке бағытталған бизнестің жақсы үлгісісіз. «Таза Қазақстан» бағдарламасына да белсенді қатысасыз. Өйткені Жуков облыстағы ең таза ауылдардың бірі. Әр ауылда дәл осылай болуы керек», – деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек, кәсіпкер жылқы шаруашылығын қолға ала бастады. Ол үшін 12 басқа арналған атқора салынған. Мұнда асыл тұқымды желіс жылқылары, бәйгеге, көкпарға және басқа да ұлттық ат спортына келісті қылқұйрықтар өсіріліп, бапталмақ. Валерий Иванович орыстың Орлов желісті тұқымын әкелуге ниетті. Осы тұста өңір басшысы кәсіпкерге ұтымды ұсынысын айтты.
«Сізге Қостанай тұқымына да назар салуға кеңес берейін. Қазір бұл тұқымды баптайтын жекелеген атқұмар азаматтар бар. Біздің бұл тұқымды сақтау туралы заң қабылданғанын білетін боларсыз. Ол үшін Президент тапсырмасымен республика бюджетінен біздегі ат зауытына қаржы бөлініп жатыр. Өйткені олар кейінгі жылдары қаржыландырудан қағылып қалды ғой. Бірақ енді асыл тұқымды жылқыларды өсіру үшін қандай да бір пайдаға қол жеткізу оңай емес. Оған ғылымның қатысы болуы керек, ғалымдар жеке жұмысқа тартылуы керек деген сияқты бұлжымас талаптары бар. Сосын осы арқылы қалалық балдырғандар үшін экотуризм ұйымдастыруға да болады», – деді облыс әкімі.
Кәсіпкер атқорамен қоса, жуық арада кішігірім ипподром салуды көздеп отыр. Бұл – болашақта тұрғындар ауылдан ұзамай бәйге мен көкпар тамашалай алады деген сөз. Осы жерде жылқышылар үшін 44 млн теңгеге 100 шаршы метрлік тұрғын үй тұрғызылған.
Айтпақшы, дәл осы күні Жуков ауылының ересек тұрғындары мемлекеттік тілден емтихан тапсырып жатыр екен. Аудан әкімдігінің осы үшін ауылға арнаулы мамандар бөліп, аптасына екі рет сабақ жүргізіп келе жатқанына үш жыл болған. Бұған да ауыл жанашыры Валерий Розумовичтің өзі бастамашы болып, демеушілік көрсетіп келеді. Сапар соңында өңір басшысына қазақ ұлтының нақышында салынған мейрамхана, оның ауласындағы этномәдени орталық іспетті киіз үйлер алаңы көрсетіліп, дәм ұсынылды.



Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
