Бүгін – Семей полигоны жабылған күн. Биыл бұл оқиғаға 34 жыл толып отыр. Осыған орай Қостанайда ядролық сынақ алаңдарында қызмет еткен ардагерлер бас қосты.
Сайран Нұрбаев – соғыс ардагеріне теңестірілген жандардың бірі. Ол Семейде атом бомбасының ашық сынқатары өтіп жатқан тұста әскери қызметте болған. Жарылыстар кезінде жапа шегіп, бірнеше рет жараланған.
«1974-1976 жылдары Семейде әскери борышымызды өтедік. Мен екі мәрте радиация алып, екеуінде де госпитальге ес-түссіз түстім. Көрешегім бар екен, есен-сау емделіп шықтым. Мұны қолымдағы құжаттар айғақтайды. Мен секілді зардап шеккен адамдар қаншама. Әсері әлі де бар. Әртүрлі аурулар жиі мазалайды. Қазірдің өзінде сыртқаты меңдеп, емделіп, ота жасатып жатқан ардагерлер көп. Бір жағынан, жасарып та келе жатқан жоқпыз. Бәріміз де 70-80 жас арасындағы кісілерміз», – дейді ол.
Сайран ағамыз «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы төрағасы. Айтуынша, филиал бертінде ғана ашылған. Оны құру үшін өзі облыстық мәслихатқа жүгініп, өңір басшысының қабылдауында болыпты. 29 тамыз – Семей полигонының жабылған күні облыста екінші жыл ғана атап өтіліп отыр.
«Бұрынырақта, маған дейін неліктен филиалдың болмағаны түсініксіз, – дейді Сайран Нұрбаев. – Қостанай облысында полигоннан зардап шеккені үшін соғыс ардагерлерімен теңестірілген 47-ақ адам бар. Әрине, сынақ алаңында болғандардың саны бұда әлдеқайда көп, мыңнан асады. Бірақ оларға мұндай мәртебе белірмей жатыр. Оның себебі – аталған статусты әлі күнге Ресей бекітеді. Қазір бұл процес тоқтап қалды».
Оынң айтуынша, әлеуметтік жәрдемақы тұрақты түрде беріліп тұрады. Санаторий, госпитальдерге жолдама да қарастырылған. Ардагерлер атаулы күнде де жәрдемақы алады. Жалпы, тиісті деңгейде қолдау-көмек бар.
Бүгін ардагерлер Семей ядролық полигонының жабылған күні құрметіне Жеңіс саябағына жиылды. Олар арнаулы ескерткіш түбіне тағзым гүлдестесін қойып, ескі күндердің естелігін айтысып, аруақтарға арнап дұға оқыды.

Айта кетейік, кеңес заманында қазақ даласында атом бомбаларының сынақтан өткені тарихтан мәлім. Семей полигонында 456 ядролық және термоядролық жарылыс болды. Олардың 116-сы жер бетінде, әуе кеңістігінде жасалды. Олардың 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болғаны дәлелденген. Зардап шеккен адам мыңдап саналады. 1989 жылы «Невада-Семей» қозғалысы құрылып, 1991 жылы полигон түбегейлі жабылды. Ұлт тарихына тыртық түсірген тақсірет ешқашан ұмытылмайды…
Суреттерді түсірген – Диана Алмасқызы
