Бүгінгі таңда Ұзынкөл ауданының әлеуметтік саласын дамытуға кәсіпкерлер де белсенді атсалысып жатыр. Соның бір дәлелі – Троебрат ауылындағы аумағы 840 шаршы метрден асатын мәдениет орталығы.
Бұл орында түрлі өнер және медиа студиялары орналасқан. Құрылыс жұмыстарына 481 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған мәдени ошақты «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры орталықты қажетті заманауи жабдықтармен, жиһаздармен, музыкалық аспаптармен және шығармашылық студиялармен қамтамасыз етіпті.

Орталықта акт залы, хореография залы, кітапхана, театр және музыка студиялары, медиастудия, шеберханалар мен коворкинг аймағы жұмыс істеп тұр. Бұл орын күніне 100 адамға дейін қабылдай алады және ауылдың мәдени өмірінің маңызды орталығына айналмақ.
Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры тарапынан орталықтың іргелес аумағын абаттандыру, саябақ үлгісіндегі этноаймақ құру да қарастырылған.

«Демалыс орталығы – тұрғындардың бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуіне, өзара араласуына, шығармашылықпен айналысуына, спортпен шұғылдануына және қабілеттерін дамытуына мүмкіндік беретін орын. Мұнда барлық буын өкілдеріне қолайлы жағдай жасалуы ерекше маңызды. Балалар мен жастар үшін бұл – өз таланттарын шыңдап, шығармашылықпен айналысуға, түрлі үйірмелер мен іс-шараларға қатысуға мүмкіндік беретін орта. Ал аға буын өкілдері үшін бас қосып, пікір алмасып, белсенді демалыс өткізетін жайлы орын болмақ», – деді ауданға жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Жалпы, ауданның мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Обаган ауылында жаңа кітапхана ашылғанын айта кету керек.

Жалпы, бұл өңірде тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастыратын 4 клуб мекемесі мен 11 кітапхана жұмыс істейді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
