Ұзынкөл ауданының Солтүстік Қазақстанмен шектесетін Троебрат ауылында кәсіпкерлікті дамыту оң жолға қойылған. «АЛАШ Т» серіктестігі жылына 25 мың тонна жем ұнын өндіретін зауыттың құрылысын жүзеге асыруда.
Жобаға 300 млн теңге инвестиция салынып, 15 жаңа жұмыс орны ашылды. Жем ұны негізінен бидай, арпаға кальцийдің қосындысынан жасалады.

«Аталған жобаны өткен жылы іске қостық. Өніміміз Қытайға жөнелтіліп жатыр. Алғашқыда тәулігіне 150 тоннадан бастап едік, бүгінгі күні екі есеге асырдық. Қазір күніне 300 тонна жем ұны шығарылып жатыр. Бізде қытай және ресейлік жабдықтар орнатылған. Шикізатты жергілікті шарушылықтардан делдалсыз сатып аламыз. Бұл баға мен тасымалға көп септігін тигізіп отыр», – деді «АЛАШ Т» ЖШС басшысы Марат Жылқайдаров.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов елді мекендегі жұқа қабырғалы жеңіл болат конструкциялар өндіретін цехының жұмысымен танысты.

«JANA DALA JQ» ЖШС бұл жобаға 750 млн теңге инвестиция салып, жылдық қуаттылығы 6 мың тонна болатын кәсіпорынды іске қосыпты. Ғимараттар мен құрылыстарға арналған ьез құрастырылмалы конструкциялар, атап айтқанда, өнеркәсіптік және өндірістік ангарлар, қойма ғимараттары мен басқа да нысандарға қажетті материалдар өндіріледі. Мұнда 15 адам жұмыспен қамтылған. Серіктестік директоры Асқан Пірәлиев жұмысшылардың орташа жалақысы 500 мың теңге болатынын айтты.

Кәсіпорынның географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы, теміржол қатынасы мен автомобиль жолдарының болуы өнімді тасымалдауға және өткізу нарығын кеңейтуге қолайлы. Бұдан бөлек, компания өз қызметкерлері үшін 65 млн теңгеге екі қабатты ғимаратты қайта жаңғыртып, 30 орындық қонақ үй ретінде жабдықтап беріп отыр. Қонақ үйде жұмысшыларға арналып барлық жабдық қарастырылған, бірінші қабатта асхана орналасқан.
Айта кетейік, биыл ауданда 3 бизнес нысаны ашылып, 38 жаңа жұмыс орны құрылды. Инвестиция көлемі 825 млн теңгеден асып отыр. Жыл соңына дейін тағы 4 жобаны іске қосу жоспарланған.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
