Рудный қаласында балаларды оқуға дайындайтын қазақ тілді орталықтарды дамытуға үлес қосып жүрген Мақпал Қанатқызы Өзбекстаннан атамекенге көшіп келген қандастардың бірі.
Осыдан 25 жыл бұрын туған жерге қоныс аударған ол осында жоғары білім алып, педагог мамандығын игерген.
Балабақшада 12 жыл еңбек етіп, балалар тәрбиесі мен білім берудің қыр-сырын терең меңгерді. Сол жылдар оның болашақ бағытын айқындап, бала оқытуды кәсіби деңгейде дамытуға деген ынтасын оятқан.
Бүгінде Мақпал Рудный қаласында екі білім беру орталығын ашып, балаларды мектепке даярлаумен айналысады. Орталықтар «Даму Бала» бағдарламасы арқылы да, ақылы негізде де балаларды қабылдайды.
– Қалада қазақ тілді орталықтар өте аз. Қажеттілік бар. Кабинет жалға алу оңай емес. Соған қарамастан еңбек етіп, орталықты дамытуға күш салып келеміз, – дейді ол.
Мақпал көпбалалы ана ретінде 1,3 млн теңгелік грант ұтып алып, қажетті құрал-жабдықтарды алып, кәсібін бастауға мүмкіндік жасаған. Бүгінде орталықта төрт мұғалім жұмыс істейді. Олар жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылған.
– Балаға білім беру – үлкен жауапкершілік. Сұраныс жақсы. Болашақта орталықты кеңейтіп, жаңа үйірмелер қосуды жоспарлап отырмыз. Біз сияқты ісін енді бастаған жандарға арналған бағдарламалар көбірек болса деймін. Үкімет тарапынан қолдау бар, бірақ талаптары өте жоғары. Осы жолы бағдарламаға үш рет өтініш беріп, үшеуінде де өте алмай қалдық, – дейді кәсіпкер.
Мақпал Қанатқызының отбасы тағдыры да талай тарихи кезеңдерді басынан өткерген. Әжесі бала күнінде қиын заманда шекара асып кеткенін, талай қиындық көргенін жиі айтып отыратын.
– Бала кезден атамекенге деген сағынышпен өстік. Әжем әрдайым ел туралы айтатын. Бірақ өзі атамекенге жете алмай сол жақта жерленді, – дейді Мақпал. – Қандас ретінде алғаш келген кезде қиындықтар болды, жасыра алмаймын. Қазір әлдеқайда жеңілдеді. Бұрын квота алу да жеңілірек еді, кейін оның көлемі азайды. Соған қарамай, атамекенге келгеніме қатты қуанамын. Бүкіл туыстарымыз осында. Өзбекстанда соңғы жылдары өзбекшелену күшейіп, мектептер де сол тілге ауыса бастады. Біз үнемі қазақша сөйлеп, қазақша ән тыңдап өстік. Елімізге жетуді армандадық. Қазір өз жерімде балаларға білім беріп, орталығымды дамытып отырғаныма қуанамын, – дейді ол.
Қиындықтан қорықпай, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасап жүрген Мақпал Қанатқызы ізденімпаз ұстаз, табанды кәсіпкер. Оның еңбегі қазақ тілді білім беру орталықтарының дамуына, қаладағы балалардың білімге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Орталықтың ішінде баланың шығармашылық ойлауын дамытып, рухани әлемін байытатын өзіне тән ерекше атмосфера бар. Кабинет іші кең әрі жарық. Қазақылықтың иісі аңқып тұр. Қабырғаларға ұлттық нақыштағы көрнекіліктер, тәрбиелік мәні зор қанатты сөздер ілінген. Ал бөлменің төріндегі киіз үйдің макеті көз тартады. Мұның бәрі де баланың ұлттық дүниетанымын қалыптастыруға бағытталған ізгі іс.
Мақпалдың айтуынша, осындай элементтердің барлығы баланың бойына өз тамырын тану, салт-дәстүрге құрметпен қарау сезімін сіңіреді.
– Біз балаларға тек білім беріп қана қоймай, олардың ұлттық құндылықтарды сезінуіне жағдай жасап отырмыз. Қазақтың рухы сезілген ортада өскен бала мықты болады деп сенемін, – дейді ол.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Сурет rydnyimedia.kz сайтынан алынған
