Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Рудный қаласының екі тұрғыны К. мен Н.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Оларға адам өтіргендері үшін он жеті жыл жаза кесілді.
Сотталушылар ерекше қатыгездікпен, адамдар тобы болып басқа адамға қасақана және құқыққа қарсы түрде өлім келтіру жасағаны бойынша айыпталып, ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 5, 7 тармақтары бойынша сотқа берілген.
Сотта анықталғандай, өткен жылдың желтоқсан айында кешкі уақытта Рудный қаласында марқұм М. мен айыпталушылар К. және Н. спирттік ішімдіктерді бірге ішіп отырған кезде, олардың арасында ауызша ұрыс туындап, соңы жанжалға ұласқан.
Артынша екі сотталушы жәбірленуші М.-ны ұрып-соғуды бастаған. Екеуі бірнеше сағат бойы үзіліспен, ерекше қатыгездікпен ұрып-соққан. Көптеген дене жарақаттарының салдарынан М. оқиға орнында қаза тапқан.
Мемлекеттік айыптаушы әрбір айыпталушыларға жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 19 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауды сұрады.
Айыпталушылар кінәларын толық мойындап, жасаған істеріне өкініш білдіріп, жәбірленуші тараптан кешірім сұрады, сондай-ақ марқұмның анасының талап арызын ішінара мойындады.
«Ал жаза бойынша яғни, ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі бойынша санкция баламасыз жазаны – 15 жылдан 20 жылға дейінгі немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді. Сот айыпталушылардың мас күйінде қылмыс жасағанын, олардың қылмыстық жауаптылығын ауырлататын жағдай ретінде таныды. Ал жеңілдететін жағдай ретінде олардың шын жүректен өкініш білдіруі, сондай-ақ Н.-ға қатысты кәмелетке толмаған баласының асырауында болуы ескерілді», – деп жазды Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сот талқылауының қорытындысы бойынша сот К. мен Н.-ны ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігінің 5, 7 тармақтарында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына орташа қауіпсіздік мекемесінде жазаны өтеумен 17 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, сот жәбірленуші тараптың талапарыздарын ішінара қанағаттандырды. Осылайша, сотталғандардан марқұмның анасы мен әжесінің пайдасына моральдық зиян, материалдық шығын және өкіл қызметтеріне төленген шығындар үшін 24 483 000 теңге сомасында қаражат өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сералы МЫРЗАБАЙ
