Рудный қаласында Гүлнұрдың бұйымдары брендке айнала бастады

Рудный қаласында Гүлнұрдың бұйымдары брендке айнала бастады

Гүлнұр Ералиева кәсібін дамытып, ұлттық қолөнерді заманға сай жаңғыртып жүрген шебер. Өзі Өзбекстанның Тамды ауданының Керізбұлақ ауылынан атамекенге қоныс аударған қандастарымыздың бірі. Отбасымен туған өлкеге келгеніне де жиырма жылдың жүзі болыпты.

Ең алғаш Рудный қаласына тұрақтап одан әрі ортаға үйренісіп үлгерген кезде, жолдасының жұмысына байланысты Бейімбет Майлин ауданына қоныс аударуға мәжбүр болады. Алайда шығармашылық арманы мен кәсібін дамытуға деген ниеті оны қайта қалаға оралуға жетелейді.

Соңғы бес жылда Гүлнұрдың өмірі бүтіндей қолөнермен біте қайнасып келеді. Алғашында үйде отырып, қызығушылықпен жасаған бұйымдары бүгінде сұранысқа ие. Қолынан шыққан әрбір дүниесінде әжесінің аялы алақанының табы жатқандай. Қазақы нақыш пен заманауи талғамды үйлестіре білген шебердің әсем заттары көздің жауын алады.

Қолы шебер келіншек көрпе, құрақ, қыз жасауы, түрлі оюлы кеудешелер мен ұлттық киімнің сан алуан түрін тігеді. Алдымен тек Instagram арқылы тапсырыс қабылдап, өнімдерін үйден сатқан Гүлнұрдың дүниелері танылып, тұтынушылары көбейе бастаған соң кәсібін кеңейту қажеттілігі туындады. Сөйтіп, шағын ателье ашып, бір бөлмені жалға алып жұмысын жолға қойды. Онымен де тоқтап қалмай, қала ішінде жеке бутик ашып, дайын заттарын сатылымға шығарды.

blank

Бүгінде Гүлнұрдың қолымен тігілген қазақы бұйымдар Рудный тұрғындарының арасында үлкен сұранысқа ие. Кәсіпкердің айтуынша, қаладағы халықтың ұлттық дүниеге қызығушылығы жоғары болғандықтан, кәсібін дәл осы жерде дамытуға шешім қабылдаған.   Ұлттық мұраны жаңғыртып, өзінің қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан Гүлнұр үшін бұл тек табыс көзі емес, жүректің қалауы мен ата-баба өнеріне деген құрмет.

– Аудан орталығында ұлттық киімге сұраныс аздау болды. Ал Рудныйда халық көп, тапсырыс та жеткілікті. Сол себепті де кеншілер қаласына қайта оралуға шешім қабылдадық, – дейді Гүлнұр өз сөзінде.

Гүлнұрдың негізгі мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі әрі кітапханашы. Қазақстанға алғаш қоныс аударған жылдары мектеп кітапханасында қызмет атқарып, балаларға кітап мәдениетін үйретуге үлес қосқан. Алайда оның шын жүрек қалауы ұлттық киім мен қолөнер. Тігін тігудің нәзік жұмысы, ою-өрнек үйлестіру, жаңа дүниелерді ойлап табу Гүлнұрға шабыт сыйлайды. Қол өнерге деген құштарлық оның күнделікті тіршілігін көркемдеп, жұмысын сүйіспеншілікке айналдырады.

Өзбекстанның Тамды ауылы түгілімен қазақтар мекендейтін, салт-дәстүр берік сақталған өңір. Алайда соңғы жылдары ондағы кейбір қазақ мектептерінің жабылып, білім беру ісінің өзбек тіліне ауыса бастауы көптеген отбасыларды алаңдатқан. Осы жағдайды ескерген ауылдықтар елге бет бұруды жөн санайды.

– Қазақстанға келгенде ешқандай қиындық көрмедік. Құжат тапсыру да, тіл мәселесі де бірден шешілді. Бізге квота бөлінді. Өзіміз де қарап қалмай, еңбек етіп, жаңа ортаға жылдам бейімделдік, – деп еске алады Гүлнұр.

Оның айтуынша, қазақ жері оларды құшақ жая қарсы алған. Жаңадан басталған өмір жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, Гүлнұрға өз кәсібін дамытуға, ұлттық өнерді жаңғыртуға толық жағдай жасады. Бүгінде ол сол сенімді ақтап, атадан қалған асыл өнерді заман талабына сай өрістетіп келеді.

Гүлнұрдың қолөнерге деген құштарлығының қайнар бастауында әжесі Патшагүл тұр. Қолы алтын әжесі бау мен басқұр, кілем тоқып, ою ойған жан еді. Осындай өнердің ортасында өскен Гүлнұр әжесінің ісін көріп қана қоймай, жүрек түкпіріне сіңіріп өсті. Тіпті балалық шағында-ақ ине мен жіпті ұстап, алғашқы бұйымдарын қолдан жасап көрген күндері әлі есінде.

– Мектеп кезінен-ақ тігін тіге бастадым. Соңғы екі жылда кәсіби тігінші маманынан курс оқып, білімімді тереңдеттім. Этно стильге сұраныс өте көп. Өзіме қажетті заманауи машиналар мен құрал-жабдықтарды адал еңбегіммен сатып алдым, – дейді ол бүгінгі жетістігіне тоқталып.

Кәсіптің алғашқы қадамын үй жағдайында бастаған Гүлнұр бүгінде «Хас шебер» атағын иеленген. Берілген атақ жылдар бойғы еңбегінің, талпынысының, өнерге деген адалдығының белгісі. Қазір ол түрлі көрмелерге қатысып қана қоймай, мектептерде шеберлік сабақтарын өткізіп, жасөспірімдерге ұлттық өнердің қыр-сырын үйретіп жүр.

 – Мен Қазақстанға алғаш келген жылдары ұлттық қолөнер бұйымдары өте аз болды. Кейінірек қырғыз елінен келетін этно бұйымдар көбейген соң ғана адамдардың қызығушылығы оянғандай. Қазір ұлттық стиль қайта жанданып келеді. Дегенмен әлі де істейтін жұмыс көп. Мен де өз саламды кеңейтіп, жаныма көмекші алғым келеді. Тапсырыс көп, бірақ қол жетпей жататын кездер болады. Бұл істі бастау бұрыннан ойымда жүрген. Бірақ қорқақтап жүріппін. Сөйтсем, іс бастауға қорықпау керек екен. Жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік көп. Сондықтан ештеңеден жасқанбай, бастау керек. Қазір қарап отыратын заман емес. Қолыңнан іс келсе – тартынып қалмай, кірісу керек. Дегенмен, егер үкіметтен бөлінетін 5 миллион теңгелік грантты ұтып алсам деп қатты армандаймын. Ол қаражатқа жамылатын көрпе тігетін арнайы станок сатып алар едім, – дейді ол арманымен бөлісіп.

Десе де, оның болашаққа жоспары өте көп. Екі рет грант ала алмағанына қарамастан, мақсатын тастамады. Алда кәсібін кеңейтіп, қосымша мамандарды жұмысқа алып, өндірісті ұлғайтуды көздейді. Еңбектенуге дайын адамға мүмкіндік әрқашан бар екенін дәлелдеген шебердің жасағаны да, жоспарлағаны да – табандылықтың көрінісі.

 

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Айдана Марат

           Рудный қаласы