Ауылда қысқы спорттың жаңа дәуірі басталды

Ауылда қысқы спорттың жаңа дәуірі басталды

Денисов ауданында хоккей лигасы осыдан бес жыл бұрын басталған. Бүгінде тек спорт емес, аудан халқының бірлігі мен ынтымақтастығының айқын көрінісіне айналды. Қазіргі таңда аудан жастарының сүйікті ойыны болып отыр. Ауылдық округтер арасында достық кездесу түрінде құрылған бұл лига, үлкен жетістіктерге жетіп, аймақтың басты хоккей алаңы болып қалыптасып үлгерді.

Алғаш рет 2019 жылы ұйымдастырылған Денисов хоккей лигасына кішкентай ауылдардан шыққан жастардан бес команда қатысты.

  Бұл хоккейдің ауылда да даму мүмкіндігін көрсеткен зор қадам болды. Әрбір команда өз ауылын мақтанышпен қорғап, хоккей алаңында нағыз шайбалы шайқас өткізіп келеді.

Лигаға қатысушы ауылдар арасында Приреченский, Тельман, Антонов, Фрунзенск және Перелески сияқты тарихи хоккей мектептері бар ауылдар жеткілікті. Осы ауылдарда хоккей ойнау — бұл дәстүр, ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

“Денисов хоккей лигасының тағы бір ерекшелігі — оның тек спорттық жарыс емес, аудан халқының рухын көтеретін үлкен оқиғаға айналуы. Лига ойындары әрқашан тартысты, қызықты және жүректі жұдырықтай қысып өтеді. Әрбір матч — бұл тек ойын ғана емес, командалар арасындағы ерлік пен жігердің сынағы. 2023 жылы өткен облыс чемпионатында Денисов ауданының командасы сенсациялық жеңісіне қол жеткізіп, Рудный қаласының хоккейшілерін жартылай финалда жеңді. Бұл оқиға бүкіл облыс бойынша үлкен талқыға түсті. Себебі Рудный хоккей мектебі — Қазақстандағы ең мықты хоккей мектептерінің бірі”, – дейді Денисов ауданы спорт бөлімінің басшысы Наталья Филатова.

Денисов хоккей лигасы жай ғана спорттық турнир емес, ол жастарды ынталандырып, қызықтырып, спорттың жаңа дәуіріне жол ашты. Лига ойындарының нәтижелері, статистикасы және хабарламалары әлеуметтік желілерде тұрақты жарияланып отырады.

Әсіресе, ВКонтакте әлеуметтік желісінде лиганың тарихы мен әрбір ойынның барысы толықтай сипатталып, тіпті ойыншылардың жеке статистикасы шығып тұрады. Бұл жастарды хоккейге қызықтырып, олардың осы спортқа деген сүйіспеншілігін арттырады. Осылайша, бұл лига интернетте де кеңінен танымал болды.

“Денисов ауданы хоккейдің дамуына барынша жағдай жасап отыр. Мұз алаңдарын дайындау, хоккей командаларының киім ауыстыру бөлмелерін жасау, мұның бәрі аудандық әкімшіліктің және хоккей әуесқойларының бірлескен күш-жігерінің арқасында жүзеге асырылуда. Ауданда хоккей алаңдары стандартқа сай жабдықталып, жылы киім ауыстыру бөлмелерімен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта, Денисовка, Перелески және Фрунзенск ауылдарында үш хоккей алаңы дайын тұр. Ал Прилеченкода екі алаң бар, бірақ олар әлі де жаңартуды қажет етеді”, –
«Қостанай облысының шайбалы хоккей федерациясы» ҚБ Шайбалы хоккейді дамыту бөлімінің басшысы  Александр Пермяков.

Келушілер мен ойыншылар үшін әрбір хоккей ойыны — бұл нағыз мереке. Ауыл тұрғындарына хоккей матчтарын өткізу үшін жасалған алаң барынша қолайлы. Ойыншыларға көмектесетін ауыл тұрғындары ас ішетін орындар дайындап, матчтың қызықты өтуіне бар күшін салып келеді. Осылайша, хоккейден өткен әр жарыс ауыл жұртын үлкен той-думан, қуанышқа кенелтеді.

“Бүгінгі таңда Денисов хоккей лигасы тек аудан көлемінде емес, облыс және республикалық деңгейде де үлкен жетістіктерге жетуді көздейді. Федерацияның қолдауымен осы лиганың форматы жақын арада басқа аудандарға да тарайды. Қазіргі таңда Жітіқара, Карасу аудандарында да хоккей лигасын ұйымдастыру жөнінде жоспарлар бар. Бұл лиганың идеясы бүкіл облыс көлемінде іске асырылуы мүмкін, сол арқылы хоккейге деген қызығушылықты арттыруға болады”, – деп атап өтті  Александр Пермяков

Денисов ауданы хоккейдің дамуы жағынан біршама жетістіктерге қол жеткізді. Тек өткен жылы ғана 4 команда қатысқан турнирде үлкен ынтымақтастық пен достық қалыптасты. Қазір әрбір команда өз тарихын, өз дәстүрін сақтап, хоккей алаңында тек спорттық шеберлікті емес, азаматтық мәдениетті де көрсетіп келеді.

Бұл лига жастарға ынтымақтастықтың, ептіліктің, батылдықтың және ерліктің үлгісі. Денисов ауданында хоккейдің болашағы зор, ал оның қанат жайған сайын жаңа жетістіктер мен жеңістерге жетері сөзсіз.

Балауса ЖҮНІС

Денисов ауданы

Жаңалықтармен бөлісу