Қостанайдағы №3 БЖСМ шаңғы базасында ұйымдастырылған қыздар мен ұлдар арасында шаңғы жарысының іріктеу кезеңінің жеңімпаздары республикалық деңгейде Қостанай облысының намысын қорғауға мүмкіндік алды.
Сынаққа қатысушылар аязды ауа райына қарамастан, өздерінің жоғары физикалық дайындығы мен төзімділігін көрсетті. Жарыс қатысушылары шынайы спорттық рух пен жігерлі нәтижелерімен ерекшеленді.
Спорттық іс-шара аясында облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері қатысушылар мен көрермендерге есірткінің зияны мен салауатты өмір салтының маңыздылығы туралы профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кейбір қатысушылар есірткі заттарын жасырын түрде іздеген немесе тап болған нақты оқиғаларымен бөлісіп, бұл жағдайлардың алдын алудың маңыздылығына назар аударды.
“Есірткіге қатысты заң бұзушылықтардың алдын алуымыз керек. Онымен айналысып, «жасырылған затты» қойып кету сияқты әрекеттер қоға үшін қауіпті. Оның заң алдындағы жауапкершілігі мол. Бұл акция жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, осындай қауіпті әдеттердің алдын алу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Спорт – өмірдің жарқын және дұрыс бағытына бастайтын жол. Осылай есіркімен әрдайым күресуге болады”, – дейді ұйымдастырушылар.
Сонымен бірге, балаларға арнайы дайындалған «Есірткіге жол жоқ» жазуы бар футболкалар сыйға берілді.
Бахыт Исимбаева
ҚӨУ студенті