Жұмысшы мамандықтар жылы:  жаңа бағыттар мен бастамалар

Жұмысшы мамандықтар жылы:  жаңа бағыттар мен бастамалар

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – қоғам үшін маңызды әрі өзекті қадам. Бұл тек экономика мен өндірісті дамытуға ғана емес, сонымен бірге жастардың еңбекке деген көзқарасын жаңғыртуға бағытталған. Алтынсарин ауданының білім бөлімі осы бағытта бірқатар жоспарлар мен жаңашылдықтарды жүзеге асыруда.

Біріншіден, аудандағы мектептерде жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын түсіндіру мақсатында кәсіптік бағдар беру жұмыстары күшейтілді. Оқушылар арасында «Мамандықтар жәрмеңкесі», «Шеберлік сыныптары», «Кәсіби бағдар» атты жобалар іске қосылды. Бұл іс-шаралар жастардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауларына ықпал етеді.

Екіншіден, аудандағы білім беру ұйымдарына жаңа заман талаптарына сай құрал-жабдықтар орнатылып, оқу бағдарламалары жетілдірілуде.  Жас мамандардың келіп жатқаны да біз үшін қуанышты жаңалық. Олардың басым бөлігі еңбек нарығының сұранысына сай педагогикалық мамандықтарды таңдаған. Бұл жастардың білім мен тәжірибе алмасу үдерісін жылдамдатып, ауданымыздың білім деңгейін арттыруға үлес қосатыны сөзсіз. Сонымен бірге олар өз идеялары мен жаңа көзқарастарын енгізіп, білім беру саласында жаңашылдықтар жасауға дайын.

Мемлекет тарапынан жас мамандарға жеңілдіктер қарастыру сияқты бастамалар аудандағы жастардың белсенділігін арттырып отыр.

Біздің басты мақсатымыз – еңбекке құрметпен қарайтын, заман талабына сай білікті маман дайындау. Осы бағытта аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің мамандары түрлі жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Алдағы уақытта жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін арттыру, жастарды осы бағытқа ынталандыру үшін әр мектеп пен колледжде арнайы жобалар қолға алынатын болады.

Жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына байланысты қоғамның еңбек мәдениетін қалыптастырып, оның беделін арттыру жолында жастарды еңбекке баулу мен олардың қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасау баршамыздың ортақ міндетіміз.

Жанкелді  Ділдебаев,

Алтынсарин аудандық білім бөлімінің басшысы

Жаңалықтармен бөлісу