Өңір басшысы қымбат құрылысқа әуестену әдетінен арылуға шақырды

Өңір басшысы қымбат құрылысқа әуестену әдетінен арылуға шақырды

Облыс әкімі құрылыс, жөндеу жұмыстары кезінде оның бағасы мен сапасына мән беру қажет екенін айтты.

«Ол туралы бірнеше рет те ескертіп айтқан едім. Мысалға алатын болсам, Жітіқара ауданының Чайковский ауылында бір шаршы метр жердің жөндеу құны 1 миллион теңге деп көрсетілген. Бұл масқара ғой. Осындайға жол бермеу керек. Мұндай жағдайлар баршылық. Бөлінген ақшаға мұқият болған жөн. Қостанайдағы №3 емханада да жөндеу жұмыстары дұрыс емес. Сап-сау қабырғаны арзан сайтингпен қаптаған», – деп атап өтті облыс әкімі.

«Ауылдық денсаулық сақтау саласын модернизациялау» ұлттық жобасы аясында ем алу нысандары салынуда. Былтыр 6 нысан жоспарланып, 4-і аяқталды да екеуінің құрылысы өкінішке қарай созылып кеткен. Бірақ сәуір айына дейін аяқталады деп күтілуде. Биыл 19 нысан қосымша бой көтереді.

            «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының бірінші міндетін іске асыру шеңберінде облыста 2025 жылға дейін 25 МСАК медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. Былтыр 4 ғимарат бой көтерді. ҚР Үкіметі бекіткен 2024 жылға арналған жоспарға сәйкес 19 нысанның құрылысы жоспарланған, бүгінгі күні құрылыс-монтаждау жұмыстарына конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігер ұйымдар анықталуда. Осы ұлттық жобаның екінші міндетін іске асыру шеңберінде өңірлік аурухананың перзентханасына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр», – дейді Д.Жандаев.

«Жемчужина-Стомед» ЖШС Қостанай қаласының «Юбилейный» шағын ауданында және Рудный қаласында емханалар салу бойынша өз жобаларын таныстырған.  Құрылыс осы жылы басталып, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланды.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу