Ұшар басы зеңгір көкпен таласқан қалың нудың былтырғы алапат өрттен кейінгі көрінісі әрлі-берлі өткен жанның жүрегіне шаншудай қадалар еді. Күре жолдың қос қапталын жағалай өскен сыңсыған қарағай мен қайыңның қатары едәуір селдіреп қалған. От тиген шырпыдай сидиып, жалаңаштанған ағаштар анадайдан көзге үрей ұялатады. Бұрын тас жолдың жиегіне дейінгі алапты көмкеріп, айналаға ерекше сән беріп тұратын жасыл желектің орны тып-типыл. Күні бойы қалың жыныстың ішін думанға бөлеп жататын құстың үнін қазір әр жерде дызылдаған араның дауысы мен трактор гүрілі басқан. Орманның іші ақшаңдақ, борпылдақ құм, Үп еткен жел тұрса, айнала қою шаңға көміледі. Қайың жапырақтарын әнтек қана желпіп, баяу ескен самалына бетін тосып үйренген адамға әр жерде сұлап жатқан бөренелер мен шырғайларды, текшелей жиналған тау-тау ағашты көру неткен ауыр!
Аманның қарағайына аяқ іліктіргенде ағаш тиелген көліктер көзге жиі ұшырай бастады. Орманның іші құдды бір алып құрылыс алаңына айналғандай. Әр жүз-екі жүз метр сайын орналасқан бригадалар күйген қарағайларды сұлатып, құрылысқа жарамдыларын бөлек, отындығын бөлек жинап жатыр. Орманшылардың сөзінше, өрт шалған алқапты тазарту жұмыстарына 150-ден астам бригада жұмылдырылған. Мұнда облыстың әр түкпірінен келген еріктілер күні бойы жұмыс істейді, Павлодар, Алматы, Абай тәрізді өзге өңірден арнайы келген жасақтар да бар. Біз болған №54-ші учаскеде жұмыс қызған. Жұмысшылардың бірі ағаштарды құлатумен айналысады, бір тобы бұтақтарын шабады. Енді бір тобы кесілгендерін текшелеп жинайды. Маңайда бос тұрған техника жоқ. Бәрі өз істерін біледі.
Бір бригада күніне 5 гектар алқапты тазалайды. Жалпы, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында жергілікті орман шаруашылықтары 300 мың кубометрден артық ағаш дайындаған. Жыл соңына дейін барлығы екі мың гектардан астам өртенген ағаштарды отау жоспарланған. Бұл отқа оранған орманның 10%-не пара-пар. Ағаштардың сапасы жаман емес. Мұнда негізінен қайың мен қарағай өседі. Арасында көк тіреген көктеректер де кездеседі. Қызыл жалын шарпыған ағаштардың енді тамыр жаюы неғайбыл. Сондықтан, оны кесіп, орнына жас көшеттер отырғызбаса, басқалай қайла жоқ.
– Мен мұнда төрт айдан бері жұмыс істеп жатырмын. Негізгі міндетім- ағаштарды құлату. Күніне шамамен 70 куб ағаш кесемін. Көп ағаштың сыртын от шарпығанмен ішкі жағы құрылысқа өте жарамды. Оны бөлек жинаймыз. Арасында енді көктеп келе жатқандары кездеседі. Оларға тиіспейміз. Құрылыстық ағаштарды кәсіпкерлер сатып алып жатыр. Отындық ағашты жергілікті тұрғындар алады. Бағасы әртүрлі. Мен өзім Алтынсарин ауданының Малая Чураковка ауылынан келдім. Вахталық әдіспен жұмыс істеймін. Яғни, он екі күн істеп, үш күн демаламыз. Жалақысы жақсы. Қолымызға 240 мың теңге аламыз. Бір бригадада 22 адам еңбек етеді. Талай вахтаға бардық қой. Алданып қалатынбыз. Жалақысын дұрыс төлемейді, аш қалатын кездер болған. Бұл жерде орманшыларға барлық жағдай жасалған. Түскі асты осы жерде – дала қосындағы асханадан ішеміз, кешкісін жатақханада тамақтанамыз. Күнделікті монша жағулы… Жұмыстың жеңілі жоқ қой. Тек, бір кезде жайқалған желектің айналасы бірер күнде күлге айналғаны жаныңды ауыртады,-дейді ағаш дайындаушы Анатолий Комков.
Анатолий сияқты орман шаруашылығында еңбек етіп жүрген азаматтар қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайды. Әрбінің көкейінде енді мұндай кесел қайталанбаса екен деген тілек қана бар. Онсызда ел аумағының небәрі 10%-ін ғана алып жатқан орман алқабы жыл озған сайын тарылып барады. Мамандардың айтуынша, біздің облыста тілсіз жау дерегі жыл сайын тіркелгенмен, миллиардтаған шығын келтірген мұндай табиғи апат бұрын-соңды ел ішінде болмапты. Шамамен екімыңыншы жылдардың басында қылқан жапырақты Арақарағай орман шаруашылығында 5 мың гектар аумақты қызыл жалын күлге айналдырған еді. Қазір ол толық қалыпқа келтірілген. Негізі, орман өрт тұтану қаупі зор аумақ саналады. Былтыр 40 мың гектардан астам орман алқабы отқа оранғанын ескерсек, оны тек тазарту үшін ғана бес-жеті жыл уақыт керек. Өзіңіз шамалай беріңіз. Бұл жерде қаншама еңбек күші қажеттігі айтпаса да түсінікті.
– Мұнда бригадалар қыс бойы ақшұнақ аязға, ақтүтек боранға қарамай жұмыс істеді. Соның арқасында біраз жұмыс еңсеріліп қалды. Бәрі ережеге сәйкес жүріп жатыр. Енді жазға қарай жұмысшылардың қатары көбеюуі мүмкін. Өйткені, ағаш кесу, оны жинап, тасымалдау оңай шаруа емес. Өзіңіз көрген шығарсыз, Калинин орман шаруашылығына қарасты жерлердің сау – тамтығы қалмаған. Қысқасы, биылдың өзінде 31-желтоқсанға дейін өте көлемді жұмыс күтіп тұр. Күнделікті дайындалған ағаштарды күнде сатып жатырмыз,-дейді Калинин орман шаруащшылығының басшысы Тасқын Әшімов.
Былтырдан бері кесілген ағаштарды сатудан 700 млн теңгеден артық қаржы түскен. Оның 40%-і мемлекет қазынасына, 30%-і жанар-жағар май мен жұмысшылардың жалақысына төленеді. Қалған 30%-і орман шаруашылығының таза табысы. Мәселен, құрылысқа жарамды ағаш 9500 теңге, ал отындық ағаш 3700 теңгеден сатылады. Қаржы орман шаруашылығы мекемесінің есеп-шотынатүседі. Бәрі ҚР Орман кодексінің 112-бабында көрсетілген заңмен сәйкестендірілген. Жалақы демекші, ағаш дайындаушылар күніне 12 мың теңгесін қолма-қол алып отырады. Олар бір айда 24 күн істесе, 300 мың теңгеге жуық айлық алады. Уәлихан Бекбаев Әулиекөл ауданындағы Көктал ауылының тумасы. Зейнеткер. Мұнда ерікті ретінде жұмыс істейді.
-Таңертең 8.30-да жұмысқа келеміз. Сосын кешке дейін осының басындамыз. Маған бекітілген аумақ бар. Сондағы құлаған ағаштарды бір жерге жинаймын. Артық жұмыс жоқ. Жұмыскерлерге жағдай жасалған. Тамағымыз тоқ. Әркім өз ісін біледі. Зейнеткер болсам да, қарап жатуға қымсынып, жастарға қолғабыс етейін деп келдім. Кезінде аң мен құсқа бай қандай ну орман еді. Қазіргі жағдайын өзіңіз де көріп тұрсыз ғой, жүрегің ауырады. Оны енді қалпына келтіру үшін әлі ондаған жыл керек. басыңа іс түскенде, жаныңнан табылатын халықтың ұрпағы емеспіз бе, құдайға шүкір, еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтар көмектесіп жатыр. Бірталай жерге жас қарағай көшеттері егілді. Бұл да ертенгі күнге деген сенімді зорайта түседі екен,-дейді Уәлихан Бекбаев.
Тас жолда әрлі-берлі жөңкілген жүк көліктерінің бірі біз тұрған №54-ші учаскеге бұрылды. Көлік жүргізушісі Виталий Шербина осы жерден күніне бір рет Қостанайға ағаш тиеп апарады.
-Менің күнделікті кәсібім осы. Ұзын бөренелерді сықастырып тиеп, күніне бір рет ағаш кесетін цехқа апарып тапсырамын. Былай қарасаңыз жұмыс онша ауыр емес сияқты. Бірақ, бойда бір шаршау бар. Орманның ішіне кірген бойда еңсең түседі. Жан-жағыңа көз тастасаң көңілің құлазиды. Күзді күнгі өрттің исі әлі мүңкіп тұр. Бірақ, табиғаттың ісіне дауа бар ма?! Өте өкінішті,-деп күрсінеді жүк көлігінің жүргізушісі.
Айтпақшы, былтыр орман шаруашылығы Қостанайда құрастырылған “Беларусь” және “Ловол” тәрізді 14 жаңа техника сатып алды. Биыл тағы 98 млн теңгеге машина-техника паркін жаңалап алу жоспары тұр. Өңірдегі барлық орман шаруашылығының материалдық-техникалық базазы біртіндеп жаңартылып жатыр. Алдағы уақытта осы жаңа техникалардың күшімен өртенген орманды толық тазартып, орнына жаңа көшеттер отырғызу жұмыстары ұдайы жүргізілетін болады. Тағы бір оң шешімін тапқан мәселе, өткен жылғы қараша айынан бастап орманшылардың жалақысы 40%-ке өсті. Қаржы жергілікті бюджет есебінен төленеді.
Айта кетуіміз керек, былтырғы абайсызда болған апаттан Басаман, Семиозер орман шаруашылықтары көп зардап шекті. Ұзақ жыл қалың нуды мекен еткен аң мен құс қырылды. Тірі қалғандары ұясынан безді. Нақты деректерге жүгінсек, 98 үй өртеніп, он бір адам түрлі жарақат алған. бір адам көз жұмды. Бұл ел тарихында болмаған оқиға. Қазан айында облыс басшылығының ұйымдастыруымен орман алқабында қарағай көшеттері отырғызылды. Ағаш отырғызу акциясына қатысқан облыс мекемелері мен кәсіпорындарының қатарында “Қостанай таңы” газетінің ұжымы да болды.
Жалпы, өрттен зардап шеккен орманды қайта қалпына келтіру үшін шамамен ондаған жылдар керек. Әлі қыруар жұмыс тұр алда. Алғашқы кезекте өртенген ағаштар кесіліп, алқаптар түгел тазартылады. Сосын өртенген алқаптың 75%-іне қарағай, 25%-іне қайың отырғызылады. Орман шаруашылықтарында қайың көшеттерінің қоры жеткілікті, ал қарағай көшеттерін көршілес Ақмола облысынан әкелінді. Үстіміздегі жылы мұнда 1 млннан астам екі жылдық қайың көшеттерін егілмек. Осылайша, шамамен алдағы бес жылда қалың жынысты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бойынша 2 млрд түп ағаш отырғызуды тапсырған еді. Соның 170 млн-ы біздің облыс көлемінде егілуі тиіс. Негізгі жұмыс биыл осы екі орман шаруашылығының аумағында ұйымдастырылады.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ