Сағызша созылған құрылыстан құтыла алмайтын түріміз бар. Қостанайда бұл мәселе әлі күнге толық шешімін таппай отыр. Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Темірбаевтың айтуынша, көптеген азаматтар жер телімдерін алғанымен құрылыс жұмыстарын жылдамдатып аяқтауға асықпайды. Керісінше, ешқандай іс-әрекет жасамастан жалға алу мерзімін жылдан жылға ұзартуға әуес.
– Қала әкімі Марат Жүндібаевтың тапсырмасымен, ұзақ мерзімді құрылыс нысандарын азайту үшін жалға беру мерзімін тек бір жылға ғана ұзарту туралы шешім қабылданды. Мұндай қысқа мерзімді келісім-шарттар Уральской, Узкоколейный және Складской көшелеріндегі жер телімдері бойынша жасалды. Бұдан былай құрылыс уақытында аяқталмаса жерді жалға беру мерзімі ұзартылмайды. Ал аяқталмаған құрылыс сүрілуі тиіс, – деді Марат Темірбаев.
Қалада белгілі бір нысандардың құрылысын бастап, кейін оны тастап кететіндер жеткілікті. Иесіз, қаңырап қалған мұндай нысандар айналасына қауіп төндіреді. Ойын баласы әлгі жерге барып, абайсызда жарақат алуы да мүмкін ғой. Осылай деп ой қосқан шаһар басшысы Марат Жүндібаев жалға алушы үш жыл ішінде жерді пайдаланбаса арадағы келісім-шарттың мерзімін созудың мәнсіз екенін ескертті.
– Ұзақ мерзімді құрылыс қаланың эстетикалық келбетін құртады. Тұрғындарға да қауіпті. Ондай нысандарда құрылыс жұмыстарының мерзімін одан әрі созудың не қажеттілігі бар?, – деді М.Жүндібаев.
Қымбат ДОСЖАНОВА.
Суретте: “Әуежай” шағын ауданындағы ұзақ мерімді құрылыс нысандары.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.