“Менің жерім, сенің жерің…”. Қызбелдіктер неге наразы, кімге өкпелі?

“Менің жерім, сенің жерің…”. Қызбелдіктер неге наразы, кімге өкпелі?

“Шаруа қожалықтары өздеріне бөлінген жерді мақсатына сай пайдаланбай отыр. Өзеннің жағасына қора салып, ішер суымызды ластап болды”. Қызбел ауылының ақсақалдары осылай деп дабыл қақты.

 Басқарма араласпай болмайды

Аудандық мәслихат депутаттары кезекті сапарында Қызбел ауылдық округі тұрғындарының талап-тілегін тыңдады.

«Орталықтан шалғай жатқан ауылмыз. Тұрғындардың басым бөлігі мал өсірумен айналысады. Шөбіміз шүйгін, жеріміз шұрайлы болғанынан не пайда, жайылым мен шабындықтың қызығын шаруа қожалықтары көріп отыр. Қысы-жазы малын ауылдың іргесіне бағады. Осыған бір шара қолдануға болмай ма? Өзеннің жағасына қора салып қойған, қыс бойы жиналған боқаты қар суымен ағып, өзенге құлауда. Оны біз ішіп отырмыз. Бұл ақылға қонымсыз. Осының бір шешімін тауып берсеңіздер», – дейді ауыл ақсақалы Ғазез Ахметов.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Жандос Қабиболла тұрғындар облыстық басқармаға қағаз жүзінде шағым түсірсе, шаруа қожалығына шара қолданылатынын жеткізді. Тіпті, айыппұл салып, пайдаланбай отырған жерін қайтарып алуы мүмкін екенін де айтты.

«Beeline» желісінің мұнарасы аласа болғандықтан, байланыс сапасы нашар. Ал округ орталығынан 4-5 шақырым жердегі Ұзынқарасу мен Ошағанды елді мекенінің жұрты ұялы байланыстан мүлдем күдер үзген. Ауылда күл-қоқыс шығару да дұрыс жолға қойылмай келеді.

«Мен әкім болып келгеннен кейін қыс бойы жиналған боқатты шығару жөнінде халыққа ұсыныс айттым. Соңғы екі жылда бұл мәселе кері кетіп барады. Жуырда Арқалық қаласынан боқат шығаратын көлік келеді. Әрине, ақылы қызмет көрсетеді. Хабарласып, келісім-шартқа отырдық. Әр тұрғын ауласын таза ұстауға міндетті. Күн тәртібіндегі басты мәселеміз осы. Ал, ұялы байланысқа келсек, осыдан екі ай бұрын «Beeline» компаниясына хабарласып, мән-жайды айтқан едім. Олар келеміз деп сендірді. Бірақ, әлі күнге ат ізін салған жоқ», – дейді округ әкімі Қайсар Нұрғазин.

Сондай-ақ, әкім жайылым мен шабындық мәселесіне шешу үшін басқарма мамандарын шақыртуды ұсынды.

«Шаруа қожалықтары «менің жерім, сенің жерің» деп қарапайым халыққа қоқаңдайды. Араша түсіп, ақ-қарасын айтайын десем, бәрі заңгер, бәрі білгір. Облыс орталығында жермен айналысатын басқарма мамандарын шақыртып, жер мәселесіне біржола нүкте қойсақ жақсы болатын еді», – деді ол.

Депутаттар елдің талап-тілегін орындауға күш салуға уәде берді.

Сөзде салмақ, істе сапа маңызды

Айтпақшы, ауылдағы ең өзекті мәселе – М.Дулатов атындағы жалпы білім беретін мектептің спорт залы. Аудан әкімі Шота Оспанов ауылдарды аралап, халықпен кездескенде тұрғындар спорт залға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныс білдірген. Сол мәселе шешімін тауып, республика бюджетінен 17 млн теңге бөлінді. Мердігер алыстан адам іздемей, ауылда жұмыссыз жүрген тұрғындарды жұмыспен қамтыған. Қонақтар жөнделген мектеп спорт залын барып көрді. Шатырын жаңалаған. Өткен жолғы бесқонақ кезінде болған ақ түтек боранда төбе саңылауларынан кірген қар еріп, ішке аққан. Еден ағаштарын ауыстырған тақтайлар жұқа. Салмақты адам қатты секірсе, сынып кетуі мүмкін. Қабырғада тұрған электр шамдары өткен ғасырды еріксіз еске түсіреді.

«Сапасы сын көтермейтін жұмысты қалай қабылдап алғанына таңдандық. Желге ұшқан ақшаның сұрауы жоқ деп ойлады ма екен? Құрылыс жұмыстарын жүргізген сол ауылдың азаматтары, өздері жаны ашып жұмыс істемесе, басқасы пысқырып та қарамайды», – дейді мәслихат депутаты Ақшығанақ Нұғыманов.

Мектеп басшысының айтуына қарағанда, жұмыс аяқталар кезде мердігер жұмысшыларға еңбекақы бермей кеткен.

Депутаттармен бірге барған қаржы және экономика бөлімінің басшысы Гүлмира Ұзаққызы алдағы жылы республика қазынасынан қаржы бөлініп, 15 шақырымға асфальт төселетінін хабардар етті.

Тоқанай ауылындағы жұрт бастауыш мектептің жабылып қалғанына қынжылады. «Ұялы байланыс пен интернет желісі тартылса» деген ұсыныс білдірді. Өрісі малға толы, шаруашылықтары қанат жайған Тентексай ауылының тұрғындары да мәселелерін алға тартты.

«Біздің басты тілегіміз – бастауыш мектебімізді қайтып ашып берсе. Биыл бастауыш сынып оқитын 10 бала бар. Оларды Жаркөл ауылдық округіне апарып оқытуға тура келіп тұр. Тым болмаса иесіз тұрған ғимаратты интернат үйі ретінде жөндеуден өткізіп берсе, жақсы болар еді. Жабылған мектепті қайта ашу қиын екенін жақсы білеміз. Ауылға сырттан көшіп келеміз деп отырғандардың да саны жетелік. Өкініштісі, мектептің жоқтығы. Екіншіден, ауыз су мәселесі қиын. Құдықтан су алып ішеміз. Сол құдықты тым болмаса жылына бір рет тазалап берсе, соған шүкіршілік етеміз. Бұрылыстағы ауыл екен деп назардан тыс қалмасақ екен», – дейді шағын ауылдың шағым айтқан халқы.

Жетесіне жеткізіп айту тым бөлек. Оны орындау бір басқа. Халықтың ұсынысын тыңдау – жергілікті биліктің міндеті. Сөзді қойып, іспен дәлелдейтін уақыт келген сыңайлы.

Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ,

Жангелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу