Алдағы бес жылдың бедерінде Тобыл қаласы төңірегінде жаңа шаһар пайда болады. Астана және Бәйтерек шағын аудандары 60 мың адамның құтты қонысына айналмақ. Қазір мұнда құрылыс қызу жүріп жатыр. Алғашқы баспаналар аяқталудың алдында тұр. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңа ауданның жай-күйімен танысуға арнайы барды.
Сәні мен сәулеті келіскен жаңа шағын ауданның кезең-кезеңмен іргесі қаланады. Алғашқы кезекте 5, 9 және 17 қабатты 45 тұрғын үй салынады. Сондай-ақ, білім беру, медицина мекемелері, сауда-ойын-сауық орталығы, спорт кешені, демалыс орындары бой көтермек. Ал жалпы жобаға сай, ұзын саны заманауи үлгідегі көп қабатты 154 тұрғын үй соғылады.

Бүгінде барлық инженерлік инфрақұрылым даяр тұр. Қазір іске қосу-баптау сынақтары жүргізіліп жатыр. Өңір басшысы тексерісті қазандықтан және қосалқы станциядан бастады. Ауданның өне-бойына тіршілік жүгіртетін осы нысандардың құрылысы толық аяқталған. Бұл тұрғыдан ешқандай мәселе жоқ. Демек, жыл соңына дейін тапсырылатын он баспана алғашқы тұрғындарды қабылдауға дайын дей беруге болады.





«Президентіміз қолжетімді баспана халыққа арман емес, мемлекет пен атқарушы органдардың азаматтар алдындағы міндеті болуы керегін айтқан еді. Осы міндеттемені іске асыру үшін әртүрлі механизм қолданылып жатыр. Соның жарқын бір үлгісі – Астана, Бәйтерек шағын аудандарының құрылысы. Былтыр мұнда бес қабатты, 450 пәтерлі он үйдің іргетасы құйылған еді. Бұлар биыл толық аяқталады. Келесі жылы тағы 13 баспана салына бастайды. Жыл соңына қарай 9, 17 қабатты үйлердің құрылысына конкурс өткізіледі. Халық игілігіне қажетті көптеген нысан бой түзейді. Абаттандыруға мейлінше көңіл бөлінеді. Қос шағын аудан келбеті келіскен келешектің қаласына айналады», – деді облыс әкімі.
Өңір басшысына қос ауданның болашақ нобайы таныстырылып, ақпараттық бейнебаян көрсетілді. Жобада ескерілген бір артықшылық – мұнда автотұрақтарға ерекше көңіл бөлінген, яғни көліктер тұрғындардың емін-еркін жүріп-тұруына, демалыс, сейіл-серуеніне кедергі келтірмейді. Олар әдеттегідей аулада емес, әр үйдің артқы жағында орналастырылады. Құмар Іргебайұлы құрылысы осы айда толық аяқталғалы отырған төрт үйдің біріне кіріп, ішкі көрінісімен танысып шықты.


«Әрлеу-әктеу, сантехника, электрмен қамту жұмыстары аяқталды. Тамыз айының аяғында толығымен тәмамдалады. Бір, екі және үш бөлмелі пәтерлердің көлемі – 40 пен 80 шаршы метр аралығында. Әр үйде 45 пәтер бар. Барлығының ішкі-сыртқы жайғасымы бірдей. Жалпы, үйлерге заманауи материалдар қолданылды. Бүкілі дерлік жергілікті өндірушілердің өнімі», – дейді «Сэт-групп» құрылыс команиясының өкілі, құрылысқа жауапты маман Александр Фадеев.
Көптің көкейіндегі басты сауал мұндағы пәтерлердің бағасы мен оған қол жеткізу жолдары турасында болары даусыз. Мемлекет қаржысына салып жатқан бұл үйлердің құны – бекітілген баға. «Отбасы банк» арқылы несиемен берілетін пәтерлердің әр шаршы метрі – 260 теңге. Бұл мөлшер және үй алудың жолы қанша қабатты үйге таңдау жасасаңыз да өзгеріссіз, бірдей. 
Бастысы, бұл аудандар баспанаға мұқтаж өңір тұрғындарының елеулі бөлігін тізімнен қысқартуға зор әсер еткелі отыр. Соңғы деректерге сүйенсек, Қостанай қаласында 274 мың адам кезекте тұр екен. Бұйырса, кезегі келіп, жолы оңғарылған ағайынның көбі жап-жаңа қалашықтан қоныс теппекші. Ал қос ауданға неге Қостанайдың емес, Тобыл қаласының төңірегі таңдалды?
«Қостанай қаласының аумағы шектеулі. Жаппай баспана саларлық орын аз. Мәселен, Юбилейный шағын ауданында шамалы-ақ аумақ қалды. Ол жақта әлді күн құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Береке ықшам ауданы да толығудың алдында тұр. Ал Қонай ауданы Тобыл қаласынан гөрі шалғайырақта орналасқан. КСК аумағы да тықсырыла түскен. Сондықтан біз дұрыс локация таңдадық деп ойлаймын», – деп жауап берді Құмар Ақсақалов.
Қос шағын ауданның қазығы қағылған жерді жақсы таңдалды деуге тағы бір дәлел бар. Жан-жағы – жасыл желекті орман, сыңсыған ну тоғай. Бір кереметі, мұны да игілікке пайдалану жоспарға алынып отыр. Тұрғындардың зәулім үйлер арасында ғана емес, тамылжыған табиғат аясында да демалуына жағдай жасалмақ.
«Таза Қазақстан» жоба аясында берген тапсырмаңызға сай, осы шағын аудандардың тұрғындарына арнап, іргедегі орман алқабын демалыс аймағы етуді көздеп отырмыз. Атап айтқанда, алдағы уақытта ну орманды паркке айналдыру жоспарда бар. Ішіне жол төселіп, шам бағаналары орнатылып, орындықтар қойылуы мүмкін. Бұл жоспар қазір жан-жақты пысықталып жатыр», -дейді Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев.
Мұны Құмар Іргебайұлы да құптады. Орманның өзін саябаққа айналдыру жақсы шешім екенін, оны Тобыл өңірі табиғатының өзі сыйға тартып отырғанын тілге тиек етті.
«Мұндай мүмкіндік әр қалада, әр облыс орталығында жоқ. Өз басым ондайды еш жерден кездестірмеппін. Ормандағы парк адамдардың табиғат аясында, ашық аспан астында, саялы орман ішінде демалып, серуен құруына жақсы ғой. Тек қауіпсіздік мәселелері қатаң ескерілуі керек екенін ұмытпаған жөн», – деді өңір басшысы.
Демек, Астана мен Бәйтерек сымбатты сәулетімен ғана емес, сыртқы сұлу табиғатымен де мақтануға тұрарлық шаһарға айналады. Сосын, мұндағы ең зәулім ғимараттар 17 қабатпен шектелмек емес. Алдағы уақытта жиырма қабаттан асатын баспаналар да салынуы мүмкін. Қалашықтар құрылысының екінші кезеңінде осындай жоспар бар. Мұндай жобалар жеке меншік компаниялар еншісіне берілмек. 
«Қос аудан құрылысын мемлекет қаржысы есебінен бастауымыздың бір себебі – жеке меншік компанияларды осы іске неғұрлым тезірек тарту, ынталандыру, жұмылдыру. Тұтастай аумақ қажетті инфрақұрылыммен толықтай қамсыздандырылып тұрған соң олардың да тұрғын үй салуға мүдделі болары сөзсіз. Ал бізге жобаны уақытылы әрі сапалы игеру шарт. Сондықтан процесті шамалап жеделдетіп жатырмыз. Мұнда мектеп-балабақша, аурухана сияқты көптеген маңызды нысандар пайда болысымен жеке компаниялар құрылысқа білек сыбанып кіріседі деп сенеміз», – деген пікір айтты Құмар Іргебайұлы.
Айта кетейік, өңірде соңғы екі жылда 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Биылғы меже – 500 мың шаршы метр баспана салу.
Жандос Жүсіпбек
Суреттер облыс әкімінің баспасөз қызметінен
