Тұрғындарды не алаңдатады?

Тұрғындарды не алаңдатады?

Бүгінде азаматтар арасында тұрғын үй, жер қатынастары, сот ісін жүргізу, алименттерді өндіріп алу, жеке кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілер қою және денсаулық сақтау салалары бойынша шешілмей жатқан түйткілдер өте көп. Дағдарған ел кейде осы мәселелердің жауабын кімнен аларын білмей дал болып жатады. Осының шешімі ретінде республика бойынша “Халық заңгері” акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға біздің өңірімізден жүзге жуық адам қатысып, оларға заңгерлік кеңес берілді.

Тұрғындар құқықтық мәселелер бойынша сараптамалық кеңес алу және Қостанай облысының үздік сарапшыларына жүгіну мүмкіндігін пайдаланды. Кеңес беру барысында оларға мемлекеттік органдар өкілдері мен өңірдің жетекші заңгерлері тегін көмек көрсетті.

Аталған іс-шара ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, «Zakon.kz» желілік басылым және “Параграф” ақпараттық жүйесі бастамашы болғанын айта кетейік.

«Іс-шара шеңберінде қырықтан астам сарапшы жұмыс атқарды, түрлі сала мамандары, соның ішінде азаматтар жиі жүгінетін мемлекеттік органдар тартылды, олардың қатарында салық, жер қатынастары, құқық қорғау органдары және басқа да тиісті құзыретті мекемелер, ал жеке жағдайлар бойынша адвокаттар мен заңгерлер жұмыс істеді. Бұл кез келген азамат үшін сауалын қойып, тура сол жерде тегін кеңес алуға таптырмас мүмкіндік», – деді іс-шара барысында Қостанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Бауыржан Ұзынжас.

Акцияға алаяқтардың құрбанына айналғандар да келді. Қуаяқтар құрығына іліккендердің бірі – зейнеткер Виктор Горбашевский. Қарияның ұлы Иван құқық қорғау органы қызметкерлері мен заңгерлерден көмек сұрап, шағым жазуға келіпті.

«Алаяқтар егде адамдарға түрлі қысым көрсетіп, миллиондаған қарызға батырып отыр. Мәселен, менің зейнеткер әкеме телефон соғып, массаж алуға шақырады. Массаждан соң түрлі айламен басын айналдырып жіберген. Осылайша алаяқтарға арандап қалған әкем массаж төсегін сатып алуға 500 мың теңге несие рәсімдеп жіберген. Мұндай құралдың бағасы шамамен 78 мың теңге тұрады. Оны төлейтін шамамыз жоқ. Қолымда барлық келісім-шарт құжаттары бар, бірақ ол ештеңе дәлелдей алмай отыр. Азаматтардың құқығын қорғау департаментіне, прокуратураға бардым, қазір құзырлы орган әрі қарай Ішкі істер министрлігіне хат жолдайтын болды. Халыққа арнап осындай акция ұйымдастырып отырған сіздерге мың алғыс», – деді Иван Горбашевский.

Ал, Қостанай қаласының тұрғыны Әділбек Әбдірахманов бетімен кеткен гараж қауымдастықтары жайында прокурормен сөйлесуге келіпті.

«Қауымдастықтар қазір ойына келгенін істеп отыр. Басты мәселе – өз беттерінше жарнаны көтеріп жіберген, оған мемлекет тарапынан ешқандай қадағалау жоқ. Бір гараждан жылына 20 мың теңге жарна алынады. Бұл өте қымбат. Бізде 50 гараж қауымдастығы бар. Бір гараж – бір отбасы. Мен солардың бірінде күзетшімін, бізде мың гараж бар. Ал, ол жерде қаншама өрескелдіктер болып жатыр. Біздің қауымдастыққа Вадим Беляев келіп, өз-өзін төраға етіп сайлап алған, оны ешкім жалпы жиында сайлаған емес», – деді қала тұрғыны.

Жалпы, 2016-2022 жылдар аралығында іс-шараға республика деңгейде 7 мыңнан астам үздік сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, 150 мыңнан астам өтініш білдірген азаматтар мамандандырылған кеңес алыпты.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу