ІНДЕТТІҢ ТӨМЕНДЕУІ БАЙҚАЛАДЫ

ІНДЕТТІҢ ТӨМЕНДЕУІ БАЙҚАЛАДЫ

Адамның иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) таралу кеңістігі жыл сайын өсіп барады. Елімізде 2022 жылы аталған кеселді жұқтырған 31 мыңнан астам адам тіркелген. 2019 жылы Қостанай облысы инфекцияның таралуы жөнінен бірінші орынға шықса, қазіргі уақытта төртінші орында тұр.

Облыс әкімдігіндегі жиында АИТВ-инфекциясының алдын алу мен емдеудің кешенді іс-шаралары мәселесі қаралды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаевтың айтуынша, облыс көлемінде иммун тапшылығының вирусы инфекцясына шалдыққан 60-тан астам адам емделуден бас тартқан. Қазіргі уақытта психологтардың көмегімен ем жасауға байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша Қостанай облысында АИТВ инфекциясымен сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 31,7% болып тұр, орташа республикалық көрсеткіш – 20,3 %. Осы жылдың төрт айының қорытындысында өңірде былтырғымен салыстырғанда АИТВ инфекциясы ауруының төмендеуі байқалады. Облыста осы вирустың алдын алу үшін халықтың және негізгі топтарды тестілеуден өтуге қолжетімділігі кеңейіп келеді, оның ішінде экспресс тестілеу арқылы негізгі топтардың 91%-ы тексерілді», – деді Данияр Жандаев.

Осы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша АИТВ-инфекциясымен өмір сүретін 2072 адам диспансерлік есепте тұр. Осы жылы науқастардың емделуіне жергілікті бюджеттен 100 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызы бар жобасын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылады.

«Денсаулық сақтау басқармасы жыл сайын арнайы мамандардың біліктілігін арттыруға назар аударуы қажет. Біз халықтың АИТВ инфекциясына тестілеуге қолжетімділігін кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыруымыз қерек. Қажет болған жағдайда қосымша қаражат бөлінетін болады» , – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Әсел ҚИБАШ

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

Жаңалықтармен бөлісу