«Құрылтайға кімнің өткені емес, елге не беретіні маңызды»

«Құрылтайға кімнің өткені емес, елге не беретіні маңызды»

Қазақстанның саяси жүйесіндегі жаңа кезең Құрылтай сайлауымен жалғаспақ. Осы өзгерістен қоғам не күтеді? Депутаттар халықтың талап-тілегін қаншалықты ескере алады? Сайлаушының белсенділігі және сайлаудан кейін халық өздері таңдаған депутаттарынан нені талап етуі керек? Осы және өзге де маңызды сауалдар төңірегінде V және VI шақырылымдағы Сенат депутаты, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Бектұрғанов ой-пікірін бөлісті.

 Серік Шыңғысұлы, өзіңіз лауазымды қызметтерде жүргенде талай сайлауды өткердіңіз. Сіздің ойыңызша, жаңа Құрылтай сайлауының басты ерекшелігі неде? Оның бұған дейінгі сайлау науқандарынан қандай айырмашылығы бар?

– Ең алдымен, бұл – еліміздің жаңа Конституциясы заңды күшіне енгеннен кейінгі алғашқы электоралдық науқан. Екіншіден, біз алғаш рет енді Құрылтай деп аталатын жаңа құрылымды құрамыз. Үшіншіден, Құрылтай пропорционал жүйе бойынша қалыптасады. Яғни оның құрамына өздері үшін дауыс берген азаматтардың белгілі бір пайыздық межесінен өткен партиялардың өкілдері кіреді.

Сайлау науқанының өзі әрдайым бұрынғыларынан өзгеше болады. Өйткені бір-біріне ұқсас сайлау үдерістері болмайды. Бәрі оған кімдердің қатысатынына, партиялардың сайлау үдерісіне қалай дайындалатынына, партиялық тізімдерге кімдердің енгізілгеніне байланысты. Себебі әрдайым жаңа адамдар пайда болады, сайлау технологиялары жетілдіріледі, сайлауалды бағдарламалар өзгереді. Бұдан бөлек те айырмашылықтар бар.

– Қазақстанда жалғасып жатқан саяси реформалар аясында бұл сайлаудың маңызы қаншалықты?

– Алдағы Құрылтай сайлауы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған және ел халқы референдумда қолдаған саяси реформалардың қисынды жалғасы. Мұны сайлауалды съездердің материалдарымен немесе сайлауға қатысып отырған партиялардың сайлауалды материалдарымен таныссақ, анық көре аламыз.

Құрылтай жұмысында тек заңнаманы жетілдірумен ғана шектелмей, қоғамның қажеттіліктеріне негізделген мемлекеттік даму үдерісіне де белсене араласады деп үміттенемін. Оның үстіне елімізде заң шығару бастамасы құқығына ие болатын мемлекеттік орган – Халық Кеңесі құрылмақ. Конституциялық жоғары консультативтік орган ретінде ол қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша тұрақты жалпыұлттық диалог негізінде мемлекеттік саясатты, мемлекеттік құрылымды және мемлекеттік дамуды одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізетін болады. Қалғанын уақыт пен сайлау қорытындысы көрсетеді.

Алдағы жылдары еліміз үшін жұмыс істейтін әрі өзекті «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» моделін жүзеге асырамыз деп сенеміз. Мұндай үштаған бүкіл ел экономикасының игілігі мен әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді мемлекеттік құрылым қалыптастырады.

– Құрылтайдың жаңа құрамы заң шығару үдерісіне және елдің қоғамдық-саяси дамуына қалай ықпал ете алады?

– Құрылтай мемлекеттің жалғыз заң шығарушы органы ретінде елдегі барлық саяси және экономикалық үдерістерге елеулі ықпал ететіні сөзсіз. Өйткені мемлекеттік аппарат жұмыс істейтін, қазақстандықтар өмір сүретін заңдарды Құрылтай қабылдайды. Бұдан бөлек, депутаттар корпусы бюджетті бекітіп, оның орындалуын бақылау, Үкімет жұмысының сапасын бағалау, өңірлермен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау арқылы өздерінің сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыру жүйесін қалыптастыруға ұмтылатын болады.

Оның үстіне соңғы уақытта заң шығару бастамасының депутаттардың өздерінен шығу үрдісі байқала бастады. Бұл – заңдар мен оларға енгізілетін түзетулердің негізгі бастамашысы Үкімет болған бұрынғы шақырылымдардан ерекшеленеді. Ал депутаттар әдетте өңірлерде жиі болып, жергілікті жерлердегі жағдай туралы жақсы біледі. Әлеуметтік-экономикалық саланың дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелер жөнінде де өзекті ақпараттар солардың қолында болары анық.

– Партиялар арасындағы саяси бәсекелестік деңгейін қалай бағалайсыз? Қазіргі сайлау көппартиялық жүйенің дамуына жаңа серпін бере ала ма?

– Менің ойымша, Қазақстандағы партиялар арасындағы саяси бәсекелестік олардың басқа партиялардан қаншалықты мықты екенін дәлелдеуге емес, Парламентке өткен жағдайда не істейтінін көрсетуге негізделген.

Сондықтан партиялардың сайлауалды бағдарламаларының басым бөлігі елдегі ахуалға, экономикаға, ішкі және сыртқы саясатқа бағытталған.

Қазіргі электоралдық кезеңдегі жаңалықтың бірі – екі партияның бірігуі. Сонымен қатар басқа партияларда да түрлі өзгерістер бар. Мысалы, басшылықтың ауысуынан бастап, депутаттыққа кандидаттар тізіміне жаңа тұлғалардың енгізілуіне дейін.

Саяси партиялар елдегі және қоғамдағы жағдайды әрдайым ескереді, азаматтардың көңіл-күйі мен олардың назарын аударуға тырысады. Ал бұл көрсеткіштер үнемі өзгеріп отырады.

Көппартиялық – өз алдына мақсат емес. Сайлау додасына қатысып отырған жеті партияның өзі біз үшін көппартиялықтың бар екенін білдіреді.

Құрылтай депутаттарын немесе барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлаудың әрқайсысында ең маңыздысы – олардың сайлауалды уәделерін орындай ала ма, сайлаушылардың үмітін ақтай ма, қазақстандықтардың өмірін жақсарта ала ма, экономикадағы оң динамикаға және әлеуметтік саланың дамуына ықпал ете ала ма, міне, осы.

– Өкілді органдарды қалыптастыру кезінде әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға арналған квотаның сақталуы тиімді болады деп ойлайсыз ба?

– Бұл квота Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» заңында белгіленген. Оның үстіне ол сіз атап отырған азаматтардың барлық санаты үшін ортақ. Алайда мен үшін қандай да бір шешімді міндетті түрде қабылдату әрдайым мәселені шешудің ең жақсы жолы болған емес. Партиялардың Парламенттегі жұмысында жастар мен мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін ескеруге деген ұмтылысы заң бабынан емес, оларға басқа азаматтармен тең мүмкіндік беруге деген ниеттен туындауы керек.

Әйелдерге келетін болсақ, әлемдік үрдіс – шешім қабылдау деңгейінде әйелдердің 30 пайызы болуы. Бұл біздегідей жай ғана мемлекеттік қызметкерлердің саны емес. Кейде осы санатта әйелдердің үлесі 50 пайызға жуық деп есептеп жатады. Ал мәселе нақты шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесінде.

Сонымен қатар үш санатқа ортақ 30 пайыздық квота бұл норманы бұлыңғыр етеді. Мысалы, Құрылтайдың 145 депутатының ішінде 30-ы жас, 12-сі мүгедектігі бар азамат, ал 2-еуі әйел болуы мүмкін. Әрине, әдейі әсірелеп айтып отырмын. Бірақ, меніңше, заң бұған мүмкіндік береді. Сонда Парламенттегі әйелдердің үлесі 1 пайыз ғана болып шығады.

Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50 пайыз және одан да жоғары. Үкімет құрамында да бұл көрсеткіш жеткілікті деңгейде жоғары.

– Сіздің ойыңызша, сайлаушылардың белсенділігін қандай факторлар айқындайды? Бұған дейінгі сайлаулармен салыстырғанда сайлаушылардың белсенділігі жоғары болады деп күтесіз бе?

– Сайлаушылардың белсенділігі сайлауға қатысатын партиялардың белсенділігіне байланысты болады. Олардың креативтілігіне, азаматтарымыздың назарын өз ұстанымдарына аудару қабілетіне байланысты.

Қазақстандықтарға сайлауға қатысудың маңызын, сайлау арқылы мемлекет басқару ісіне араласуға болатынын түсіндіру бағытындағы мемлекеттік органдардың жұмысы да маңызды фактор болады.

Біз кейбір орталарда әлі де айтылатын «біз ештеңе өзгерте алмаймыз, бәрі онсыз да шешіліп қойған» деген түсінікті жеңуіміз қажет. Шын мәнінде, көп нәрсе бізге байланысты. Сайлауға келмеу, өз таңдауын жасамау, кейін Парламент пен Үкіметті сынау – елге ғана емес, өз отбасыңа, балаларыңның болашағына да адал болмағаның.

Батыста «Қабілетсіз Үкіметті сайлау учаскесіне бір рет те бармаған азаматтар сайлайды» деген мақалдың бекер айтылмағаны сондықтан. Сол себепті кейбір дамыған елдерде азаматтарды дауыс беруге міндеттейтін заңдар бар.

Демократияның негізгі қағидаты да осында – мәселені бірге талқылаймыз және барлығы келіскен шешімді бірге қабылдаймыз, содан кейін әркім өз деңгейінде сол шешімді орындайды.

Ал соңында айтарым, сайлаушылардың аса жоғары белсенділігін күтпеймін. Біріншіден, демалыс маусымы әлі аяқталмайды және мұндай жағдайда есептен шығару куәліктері жұмыс істемейді. Екіншіден, биыл елімізде халық референдумда дауыс берді. Оның да сәлі кері әсері көрінуі мүмкін.

– Сайлау нәтижелері өңірлердің дамуына және жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге қалай әсер етуі мүмкін?

– Өте жақсы әрі сонымен бірге өте күрделі сұрақ. Біз сайлауға өз пікірімізді білдіру үшін, кімге сенетінімізді, кімнен үміт күтетінімізді, соның ішінде барлық өңірлердегі өмір сапасын жақсарту мәселесінде кімге сенім артатынымызды көрсету үшін барамыз.

Партиялар адамдарды Парламентте жұмыс істеуге шын ниетті екеніне, сайлауалды уәделерін орындауға дайын екеніне, Құрылтайдан орын алғаннан кейін өңірлерде жоғалып кетпейтініне сендіруі керек.

Ал біз сайлаудан кейін өзіміздің оларға дауыс бергенімізді ұмытпауымыз керек. Кейін олардың уәделері мен партиялардың сайлауалды бағдарламаларының орындалуын талап етуіміз қажет.

Жалпы алғанда, Құрылтайда белгілі бір облыстан қанша депутаттың болғанында айырмашылық болмауы керек. Біз – унитарлы мемлекетпіз және депутаттар еліміздің кез келген өңірі тұрғындарының мәселелерін шешуге бірдей көзқараспен қарауға міндетті. Бұдан өзгесі, жұмсартып айтқанда, – өңірлік лоббизм. Біз Парламент депутаттарын бүкіл ел болып сайлаймыз. Сондықтан олар да өз облысының емес, барлық азаматтардың мүддесін қорғауға мүдделі болуы керек.

– Құрылтай сайлауы аяқталғаннан кейін қоғам қандай өзгерістерді күтуі керек деп ойлайсыз?

– Болжам жасау – онша жақсы емес. Әсіресе саясатта. Қоғамның күтетін бір ғана нәрсесі бар екені түсінікті. Ол – Парламенттің ел игілігі үшін жұмыс істеуі, өз қызметінде Қазақстанның барлық азаматтарының мүддесін барынша ескеруі, сайлауалды уәделерін орындау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға ұмтылуы.

Бұдан бөлек, депутаттарға бірқатар заң қабылдап, заңнаманы жаңа Конституцияға сәйкестендіру қажет болады.

Ал қоғам заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарымен сындарлы, өркениетті әрі нәтижелі диалог орнауын күтуі керек деп ойлаймын.

– Уақыт тауып, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан – Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ