Қазақ тілінің болашағы енді тек кітап пен аудиторияда емес, цифрлық кеңістікте де айқындалады. Осы бағыттағы маңызды қадамның бірі – қазақша Уикипедиядағы сапалы контентті көбейту.
Қостанайда өткен облыстық семинарда тіл мамандары осы мәселенің өзекті тұстарын талқылап, қазақ тіліндегі ақпаратты дамыту жолдарын қарастырды.
Іс-шараны Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырды. Семинарға қала және аудан тілдерді оқыту орталықтарының мамандары, жоғары оқу орындарының тіл мамандары қатысты.
Жиынның ашылуында Қостанай облысы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әбілов сөз сөйлеп, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Ол басқосудың негізгі мақсаты қазақ тіліндегі ашық ақпаратты дамытуға үлес қосу және қазақша Уикипедияның мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру екенін атап өтті.
«Бүгінгі семинардың өзегі – қазақ тілін цифрлық кеңістікте кеңінен қолдану. Уикипедия – көпшілік ақпарат іздейтін ашық алаң. Сондықтан ондағы қазақша материалдың саны ғана емес, сапасы да маңызды. Осы жұмысты тіл мамандарының кәсіби тәжірибесімен ұштастыру – бүгінгі басқосудың негізгі мәні», – деді Ерлан Әбілов.
Семинар барысында қазақша Уикипедияның қалыптасу тарихы, негізгі мақсаты мен даму бағыттары, сондай-ақ энциклопедияда мақала жариялаудың ережелері мен талаптары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Бұл бағытта қазақ тіліндегі цифрлық контенттің сапасын арттыру, ақпараттың сенімді дереккөздерге сүйенуі және оқырманға қолжетімді болуының маңызы түсіндірілді.
Семинардың негізгі спикері – қазақша Уикипедия әкімшісі Рахым Сабиханов. Ол қатысушыларға энциклопедияның жұмыс жүйесімен таныстырып қана қоймай, қазақша контентті көбейтудің өзектілігіне тоқталды.
«Қазақша Уикипедия – қазақ тіліндегі ақпаратты жүйелеп, оны көпшілікке қолжетімді ететін маңызды алаң. Сондықтан мұнда мақала санын көбейтумен қатар, әр материалдың сапасына, дереккөзінің сенімділігіне мән беру керек. Бүгінгі семинарда қатысушыларға осы талаптарды түсіндіріп, мақаланы дұрыс жазу мен өңдеудің жолдарын көрсетуге тырыстық», – деді қазақша Уикипедия әкімшісі Рахым Сабиханов.
Спикердің айтуынша, қазақ тіліндегі ақпарат көлемін арттырумен қатар, оның мазмұнына, сапасы мен дереккөздерінің сенімділігіне де баса мән берілуі керек. Осы ретте семинарға қатысушыларға жаңа мақала жазу, бар материалды өңдеу, ақпаратты талапқа сай рәсімдеу және Уикипедия интерфейсін пайдалану жолдары көрсетілді.
Теориялық бөлім практикалық жұмыспен жалғасты. Қатысушылар Уикипедия интерфейсінің мүмкіндіктерін өздері пайдаланып көріп, мақала өңдеу, жаңа материал енгізу және оны рәсімдеу бойынша тапсырмалар орындады. Мұндай тәжірибелік сабақтар қатысушылардың алған білімін бірден тәжірибеде қолдануына мүмкіндік берді.
Семинарға қатысқан Рудный қаласы әкімдігінің «Қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ басшысы Жанат Досубаева іс-шараның кәсіби тұрғыдан пайдалы болғанын атап өтті.
«Семинар барысында қазақша Уикипедияның мүмкіндіктері туралы көп жаңа ақпарат алдым. Біз тіл мамандары ретінде қазақ тілін тек аудиторияда оқытып қана қоймай, оның цифрлық кеңістікте де кең қолданылуына үлес қосуымыз керек. Бүгін үйренген мақаланы жазу, өңдеу және рәсімдеу тәсілдері алдағы жұмысымызда кәдеге жарайтыны сөзсіз. Осындай пайдалы тәжірибе алмасу алаңын ұйымдастырған мамандарға ризашылығымды білдіремін», – дейді Рудный қаласы әкімдігінің «Қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ басшысы Жанат Досубаева.
Қазақ тілін оқыту ісін цифрлық ортамен сабақтастыру – бүгінгі күннің талабы. Өйткені тілдің қолданыс аясын кеңейту тек дәстүрлі оқыту әдістерімен шектелмей, интернеттегі сапалы контенттің үлесін арттыруды да қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, қазақша Уикипедияны дамытуға бағытталған мұндай семинарлар тіл мамандарының цифрлық сауатын жетілдіріп, отандық ақпарат кеңістігін қазақ тіліндегі мазмұнмен толықтыруға жол ашады.
Қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі әлеуеті оның интернеттегі мазмұнының көлемі мен сапасынан да көрінеді. Ал сол мазмұнды қалыптастыруға атсалысу – тіл мамандарымен қатар, қазақ тілінде ақпарат іздейтін әр азаматтың ортақ ісі.
Бота Манет
