Қостанайда қонақ үйлер құрылысы қарқын алды

Қостанайда қонақ үйлер құрылысы қарқын алды

Облыс орталығы аумағында заманауи үш қонақ үй салынып жатыр. Бүгін өңір басшысы Құмар Ақсақалов екі отельдің құрылыс барысымен танысып қайтты.

Қала жұртшылығына жақсы таныс «Kostanay Plaza» сауда-ойын-сауық кешені маңынан  зәулім қонақ үй бой көтереді. Құрылыс құны – 5 млрд теңге. Аумағы 11 мың шаршы метрден асады. Бұл болашақта қаладағы сыйымдылығы ең көп отельге айналмақ. Мұнда 120 нөмір болады делініп отыр. Жеті қабатты ғимаратта мейрамхана, фитнес-аймақ және үш конференция залы орналасады.blankblank

«Novotel» – әлем жүзінде бес мыңнан астам отелі, қырықтан артық бренді бар халықаралық компания. Франшиза келісімшартына отырып, биыл құрылысты бастадық. Әзірге құрылыс алды дайындық жұмысы жүргізілуде. Инженерлік желілер тарту пысықталып жатыр. Келер жылдың төртінші тоқсанында пайланауға береміз», –дейді «RAM Group Development» ЖШС Роман Ким.

Компанияның өз қаржысына салынып жатқан қонақ үй төрт жұлдызды болады. Әр нөмірдің бағасы – 40-50 мң теңге аралығы. Ғимаратта жеделсаты және жерасты автотұрағы да қарастырылған. Оның сыртында қосалқы 600 тұрақ бар. Ал қонақ үйдің «Kostanay Plaza» ғимаратымен іргелес орналасу себебі – екі нысанның қожайыны бір әрі осы аумақ аталған серіктестік меншігінде.blank

«Бізде халықаралық қонақ үй брендтері салынып жатыр. Бұл – Қостанай ірі инвестициялық жобаларды қабылдайтын деңгейде жетілді деген сөз. Келіп, қаржы салып, нысан тұрғызып, бизнес дамытуға қаламыз дайын. Жалпы, қала аумағында 4 жұлдызды үш қонақ үй кешені салынады. Олар – «Мэрриот», «Новотель» және қыркүйекте құрылысы басталатын «Холидей Инн». Бұлардың сыртында тағы бір отель құрылысына лайықты орын қарастырып жатырмыз. Оларды ешкім мәжбүрлеп жатқан жоқ. Өздері зерттеп-зерделейді, ахуалды бағамдайды. Ал біз оларға қолдау көрсетуге қашанда әзірміз», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.blank

Осыдан соң облыс әкімі Әуежай шағын ауданында еңсе көтерген Air Kostanay Hotel қонақ үйіне де арнайы ат шалдырды. Бұрындары бұл ғимарат қаңырап бос тұрған еді. Оған кәсіпкер Аида Ысқақова 950 млн теңге инвестиция құйып, заманауи қонақ үйге айналдырды. Ол енді күре жолмен келген қонақтарға ғана емес, ұшақ жолаушыларына да құшақ жаяды. Таяуда қызметін бастаған кешенде 63 нөмір, мейрамхана, конференц-зал, лаундж-бар және басқа бөлімдер бар. Соңғы үлгідегі бассейн де жақында іске қосылады. Мұнда 35 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Құрылыс жұмыстары әне-міне толығымен аяқталады.blank

«Бұл қонақтарды жайлы орналастыруға мүмкіндік ашып, іскерлік белсенділіктің дамуына да серпін береді. Заманауи қонақ үйлер меймандарымыздың өңір туралы алғашқы әсерін тудырады. Ал Air Kostanay Hotel-дің халықаралық әуежайға жақын орналасуы – оның тағы бір артықшылығы. Ол сұранысқа ие нысанға айналып, облысы экономикасының кезекті бір өсім нүктесі болатынына сенімдімін», – деді Құмар Іргебайұлы.

blankӨңір басшысы халықаралық стандартқа сай салынған қонақ үйді аралап шығып, сапасына оң бағасын берді.blank

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев