Қостанай облысында 100-ден астам мектепте жеңіл-желпі жөндеу жүргізілуде. Соның жиырмаға жуығында ауқымды шаруалар атқарылып жатыр.
Кейбір нысандарда жоспарланған жұмыс аяқталды. Ал кейбірінде қызу тірлік. Жаңа оқу жылының басталуына бір ай бар. Білім беру ұйымдары белгіленген жұмысты мерзімінде бітіріп үлгере ме?
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов мектептердегі жөндеу жұмыстарын қатаң бақылауға алынғанын айтты. Мердігерлер істің шашауын шығармай, ғимараттарды қалпына келтіріп дер уақытында тапсыруы тиіс.
Бақытжан Хаберұлы осы мақсатта Қостанай қаласындағы бірқатар білім беру нысандарын аралап, алдағы жаңа оқу жылына дайындығын тексерді.
Қаланың білім беру жүйесінде 40 мектеп бар. Соның кейбіреуі ерекше жөндеуді қажет етеді. Мәселен, №23, №11 және №25 жалпы білім беретін мектептер. Қазір мұнда шаруаның нағыз қызған шағы.
Облыс әкімінің орынбасары алдымен М.Қозыбаев атындағы №23 мектепке барды. Бұл жердегі жөндеу соңына таяпты. Оқу ошағында ағаш терезелерді пластикке ауыстыру, жылу, су және инженерлік желілілер мен кәріз жүйелерін жаңарту, шеберхана төбесін ашып, қайта жаңғырту жоспарланған.
Ғимаратта үш мердігер қызмет етуде. Бүгінде шеберхана төбесі жаңартылды. Желілерді ауыстыру ісі жалғасуда. Терезелерді орнату 80 %-ға орындалды. «Осы қарқынмен 15 тамызға дейін аяқтаймыз» деп түсіндірді мектеп директоры Бауыржан Сауытбаев.
№11 жалпы білім беретін мектептегі ахуал осы тектес. Жағдайды оқу ошағының басшысы Айбек Молдабеков баяндады.
«Реновация бағдарламасы бойынша облыстық білім басқармасынан мектепті жеңіл-желпі жөндеуге 170 млн теңге бөлінді. Мердігерлер 1-маусымда іске кірісті. Мектептің бірінші қабатының еденін ауыстырып, қабырғаларын тегістедік. Сынып бөлмелерін қалпына келтірдік. Ендігісі спорт залдың іші қалды. Мердігер 11-тамызға дейін аяқтаймыз деп отыр. Қорыта айтқанда, жаңа оқу жылына дайынбыз», – деді ол.
Ал №25 мектепте жұмысшылар кестедегі мерзімге үлгеру үшін жанталасуда. Бір әттеген-айы, тозығы жеткен терезелерді жаңарту жобасында бірінші мердігер жауапсыздық танытыпты. Салдарынан арадағы келісім-шартты бұзуға мәжбүр болған.
Одан кейін екінші мердігер анықталып, жұмыс бір қалыпқа түсіпті. Мектеп директоры Ажаргүл Оспанованың айтуынша, білім беру мекемесі 37 жыл жөндеу көрмеген.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов аталған үш нысанды шолып шығып, тиісті тапсырмалар жүктеді.
«№23 мектепте негізгі мәселе – бассейн ғимараты. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Сараптамадан өтіп, жоба қолдау тапса бюджеттік өтінімді жібереміз. Бұл жұмысқа қаражат бөлінген жағдайда келесі жылы бассейн ғимаратын жаңартамыз. Жалпы үш нысанның жөндеу жұмыстары назарда болады. Тұрақты қадағалап отырамыз. Тамыз айында тағы бір мәрте аралап шығамыз. Өйткені балалардың сапалы білім алуына жан-жақты жағдай жасалуы тиіс», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген –
Василий ВАСИЛЬЕВ
